Әділетті Қазақстан тағы бір салада әділеттілікті қалпына келтіруі мүмкін. Әңгіме кеден органына құқық қорғау функцияларын қайтару жөнінде. «Бизнеске құқық қорғау органдарының қысымын төмендету маңызды», «Елдегі генералдар санын азайту қажет» деген ұрандар салдарынан кеденшілер 2014 жылы погондарынан айырылды.
Құзырет жоқ, құрмет жоқ, кеден кеден бола ма?
726
оқылды

Сарапшылардың пікірінше, жеке құрылым ретінде кеден органын жою ақыры кедендік шекараның ішінара мемлекет бақылауынсыз қалуына соқтырды. Үкімет кеденшілерді құқық қорғаушылар қатарына оралту мәселесін пысықтап жатыр.

Азаттықтың қарлығашы еді

Екінің бірі біле бермес, кеден қызметі – Қазақстан тәуел­сіздігін жариялағанға дейін құрылған мемле­кет­тік меке­мелердің жолашары, егемендіктің алғашқы бір қарлығашы болатын. Жоғарғы кеңес 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қа­зақ­стан Республикасының мем­ле­кеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңын қа­былдады. Ал одан төрт күн бұрын, Қазақстан Пре­зидентінің 1991 жылғы 12 жел­тоқсандағы Жар­­лы­ғы­мен Кеден комитеті құрылды. Себебі саясаттану оқулық­тарында жазылғандай, кез келген азат мем­лекеттің кеден қызметі – елдің тәуелсіздігі мен мем­лекеттілігінің басты, бұлжымас атрибуттарының бірі, сон­дай-ақ оның мем­лекеттің бүкіл аумағына саяси жә­не эко­номикалық еге­мендігін бекіткенінің белгісі. Өйт­кені әлемде кейбір кеден бекеттерін бақылауда ұста­майтын мемлекеттер бар, бұл оның төл тер­ри­то­риясына тегіс билігі жүрмейтінін білдіреді. 

Сондықтан Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізе са­лысы­мен, Парламент осы қызметке арнап, жеке заң да қабылдады. 1991 жылғы 24 желтоқсанда өмірге жолдама алған «Кедендік тариф пен баж туралы» заңы тәуелсіз республиканың сырт­қы экономикалық қыз­метін мемлекеттің реттейтін мекеме жұмысының заң­намалық тұғырын түзді. 

Мемлекеттік шекараны кесіп өтетін қазақ­стан­дықтар мен шетелдіктерге бірінші ұшырасатын мем­ле­кеттің адамы – кеденшілер. Мемлекеттің эконо­ми­калық қуаты да бірін­ші кезекте кеден қызметінің қан­шалықты озық жарақ­танғанынан көрінеді. 2013 жыл­ға дейін бүкіл әлемдегі сияқ­ты Қазақ­стан­ның ке­ден органдары да құқық қорғау орган­дарының фун­к­­цияларын атқарды. Алайда 2012-2014 жыл­дары са­лада реформа жүргізілді.

2012 жылы, «құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттау» (ауызекі тілде «разаттестация») өткізілді. Қорытындысында кеденшілердің басым бөлігі құқық қорғау функцияларынан айрылып, әкімшілік мемлекеттік қызмет санатына ауыстырылды. Құқық қорғаушы мәртебесін қызметкерлердің тек 18%-дан азы сақтап қалды. Олар кейін Экономикалық тергеу қызметіне көшірілді. 2015 жылы осының бәрін заңдастырған «Құқық қорғау қызметі туралы» заңына жаңа түзетулер күшіне енді. Кеденшілердің 80%-дан астамы – құқық қорғаушы статусынан, әлеуметтік және зейнетақылық қамсыздандыруына айырылды. 

Салдарынан, азаттықтың ақ таңынан бері шекарашылармен бірге территориямыздың шегін контрабандистерден, есірткі саудагерлерінен, алаяқ­ экспорттаушылар мен импорттаушылардан және басқа қылмыстық элементтерден қырағы қорғап тұрған кеден қызметі салықшылар сияқты қарапайым фискалдық органның бір бөлімшесіне айналып шыға келді. Сол кездегі Үкіметтің өкілдері Парламент депутаттарына түсіндіргендей, 2014 жылғы 29 мамырда құрылған Еуразиялық экономикалық одақ кеңейіп, толық қуатына шыққан соң, посткеңестік кеңістікте, Қытай жақтан басқасында кеденшілер керек болмай қалады: ішкі кедендер түпкілікті жойылатыны айтылды.  

Соның кесірінен, Кедендік бақылау агенттігі, бертінде – комитеті таратылды. Кеденшілер Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің құрылымдық бөлімшесіне айналды. Бүгінде шағын ғана ұжымы бар Кедендік әкімшілендіру департаменті жұмыс істейді. 

Неге құрметтен айырылды?

Мәртебесінің құлдырауы сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына ауыр соққы болды. Мысалы, ұзақ жыл еңбек еткен құқық қорғау қызметкерлеріне қызметтен босағанда, 8 айлық ақшалай қамтылымға дейін бiржолғы жәрдемақы төленеді. Құқық қорғау органдарының мамандары еңбек сіңірген жылдары есепке алынып, ерте зейнеткерлікке шыға алады. Оларға қызметтен босатылған күнi арнаулы атағы немесе сыныптық шенi үшiн қосымша ақы төленеді. Бұдан кеденшілер қағылған. 

«Құқық қорғау қызметі туралы» заңында барлық құқық қорғау органының қызметкерлеріне берілетін игіліктер – зейнетақымен қамсыздандыру, жеңілдетілген салық салу, олардың еңбекке уақытша жарамсыз кезеңінде ақшалай үлес төлеу, баспана беру, тұрғын үйді күтіп-ұстауына және коммуналдық қызмет ақыларына ақшалай өтемақы төлеу кеден органдары қызметкерлеріне қолданылмайтыны қадап айтылған. 

– Кеденшілер тәуелсіздіктің алғашқы күнінен ұлттық мүддені қорғады. Ол кезде, тіпті ұлттық армия да жоқ еді. Содан бері адал қызмет етіп келеді. «Бұл сала жемқорлық жайлаған құрылым!» деп күстәналап жатады. Коррупция қай салада жоқ? Мысалы, қазір жемқорлыққа көп батқан сала ретінде білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, құрылыс пен ТКШ аталды. Сол үшін олардың бәрінің министрлігін таратқан жоқ, керісінше, алғашқыларының мәртебесін күшейтті. Демек, мәселе басқада болып тұр ғой. Біздің қызметкерлерді еңбегі сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлікке шығу құқығынан да айырды. Бұл әділдік пе? – дейді кеден саласының ардагері Серікбай Сұлтан.

С.Сұлтан бұрынғы Үкіметтер өз жауаптарында кеденшілердің әлеуметтік және басқа мәселелерін шешу үшін қажетті қаржының жетіспейтінін сылтауратып келгенін айтады. Мұны естіп, қазіргі және зейнеткер кеденшілердің (олардың зейнетақысы кеміп қалды) көңілін мұң басады. Себебі кеден органдары кедендік төлемдер, баж салығы, айыппұлдар және басқасы түрінде ел бюджетін триллиондаған қаражатпен толтырады. Бұл жөнінен олардың алдына тек мұнай-газ секторы ғана шыға алады. Мәселен, 2005-2020 жылдары кеден қызметі республикалық бюджетке 19 триллион теңгеден астам қаржы құйған. 

Кейінгі 3 жыл ішінде кеденшілер мемлекет кірісіне жалпы сомасы 9,8 триллион теңге кедендік баж бен салықтардың түсуін қамтамасыз етті. Тарата кетсек, 2021 жылы – 2,3 триллион, 2022 жылы – 3,5 триллион, 2023 жылы – 4,1 триллион теңге аударды. Яғни, жыл сайын түсімді тек арттырып келеді.

Мәжіліс депутаты «AMANAT»  партиясы фракциясының мүшесі Руслан Қожасбаевтың айтуынша, дамыған елдердің бәрінде кеден қызметі – құқық қорғау органдарына жатқызылған. 

– Тіпті, Еуразиялық экономикалық одақтың Қазақстаннан басқа барлық елінде кеден органы құқық қорғау органы мәртебесіне ие. Бұл шынымен, нонсенс! Қылмыстық, лас қаражатты заңдастыруға және қылмысқа қарсы тұру жұмысы ел ішінде де, одақ аясында да бүкіл құқық қорғау органының тығыз, тиімді өзара әрекеттесуін талап етеді. Олар аса құпия құжаттармен жұмыс істейді, қарапайым мемлекеттік қызметшілерге ондай сырды ашуға болмайды. Салдарынан, фискалдық орган ретіндегі қазақстандық кеденшілердің төмен мәртебесі контрабандамен және кеден ісіндегі әкімшілік қылмыстармен пәрменді күрес, сондай-ақ сыртқы қауіп-қатерді тежеу бойынша маңызды міндеттерді толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді, –  деді Руслан Садуақасұлы.  

Оның айтуынша, депутаттарға шағымданған кеденшілер шетелдік кеден органдарының сыр бөліспек түгіл, «тиісті құқық қорғау құзырларың жоқ» деп, қазақстандық кеденмен өзара ықпалдасудан да үзілді-кесілді бас тартатынын жеткізген. Қарапайым тілмен айтсақ, әріптес санамайды: «Үйде үлкендер бар ма, ата-анаңды шақыр!» дейді. 

– Азаматтық қызметші саналатын қазақ кеденшілерін мундирлі, оқалы шетелдік әріптестері салмақты қабылдамайды. Погондарынан айрылғалы, кеденшілерді шекарадан жүк таситын бизнесмендер құрметтеуді қойды. Әкіреңдеп сөйлесіп, доқ көрсететін жайттар кездеседі. Мұның мысалдарына Қорғас, Жібек жолы, Достық және басқа кеден бекеттерінде куә болдық. Мұның сыртында Еуразиялық одақтың екі еліне халықаралық санкциялар салынды. Оның орындалуын бақылау кеденшілерге жүктелген. Геосаяси шиеленіс ушығып барады. Бұл ретте қосарланған мақсаттағы тауарларды, тыйым салынған, санкциялық және экспорттық бақылауға жататын өнімдерді кедендік әкімшілендірудің тегеурінді болмауы үлкен қауіп тудырады, –  деді депутат. Мұндай қарқынмен Қазақстан қайталама санкцияларға ілігіп қалуы да мүмкін.

Үкімет қарастыруға енді дайын

Парламентшілер мен сарапшылар тәуелсіз Қазақстанның ұлттық және экономикалық қауіпсіздігін қорғаудың мемлекеттік маңызды міндетіне жұмылған кеденшілерге құқық қорғау функцияларын қайтарған жөн деп санайды. Оларға қосарланған мақсаттағы және басқа тауарлардың қозғалысын бақылау, халықаралық және мемлекеттік тыйымдар мен шектеулердің қапысыз сақталуын қамтамасыз ету, кедендік шекараның өне бойында, соның ішінде ЕАЭО ішкі шекараларында да ішкі нарықты контрабандадан, санкцияны бұзудан, капиталдың заңсыз шығарылуынан қорғау сияқты өкілеттіктер беру ұсынылды.

Айта кету керек, бұдан бұрынғы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов кеденшілерге құқық қорғау функцияларын қайтарудан бас тартқан-тын.

– Функциялары ұқсас салық пен кеденді біріктіру Мемлекет басшысының 2021 жылғы 28 шілдедегі №633 Жарлығына сәйкес келеді. Бұл жұмыс Президенттің «жинақы мемлекеттік аппарат» құру міндетін шешуге бағытталған. Ал жаңа мемлекеттік органды құру бюджеттен қосымша шығынды, ведомствоны ұстап тұру шығыстарын, оның штаттық бірлігін арттыруды және басқасын талап етеді. Кеден мен салықты біріктірудегі негізгі мақсат – мемлекеттік кірістердің ортақ, тиімділігі жоғары жүйесін құру болды. Бұл салық пен кеден төлемдерін жинау, бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасау және сыртқы сауданы ынталандыру міндеттері арасындағы қажетті теңгерімді қамтамасыз етті, – деп дәйектеген еді экс –премьер Ә.Смайылов. 

Жаңа Үкіметтің ұстанымы өзгеріпті. Бұл туралы Мәжіліске Премьер Олжас Бектенов хабарлады. Оның айтуынша, капиталды шетелге заңсыз шығаруға, лаңкестікті қаржыландырумен және лас ақшаны заңдастырумен байланысты заңсыз операцияларға тосқауыл қою жөніндегі Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында биылғы жылдың басынан кеден қызметі валюталық бақылау жөніндегі қосымша функцияларға ие болды. 

«Бұл қызметтің төл ерекшелігі бар және ол барлық құзырлы органның өзара тиімді, жедел ықпалдастығын талап етеді. Сондай-ақ ол шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен ақпарат алмасуды қарастырады. Бұған қоса, қосарлама мақсаттағы тауарлардың қозғалысы, тыйымдар мен шектеулердің сақталуы, ішкі нарықты қорғау шаралары, кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтару фактілері да ерекше қадағалауды қажет етеді. Экономикалық және ұлттық қауіпсіздікті қорғау міндеттерін тиімді іске асыру, сонымен қатар заманауи қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін кеден қызметінің функцияларын қайта қарауға, оларға құқық қорғау қызметі өкілеттіктерін беруге деген қажеттілік бар», – деді Олжас Бектенов. 

Үкімет басшысының айтуынша, мүдделі мемлекеттік органдардың басым көпшілігі бұл мәселені талқыға салуға дайын екенін білдірді. Олардың пікір-ұстанымдарын ескере отырып, Үкімет сөз болған проблеманы пысықтайды. Қалай болғанда, кеденде бюджеттің кіріс бөлігін арттыра алар елеулі әлеует жатыр. Сарапшылар біраз көліктің жете тексеруден өтпейтінін, салықтар мен алымдар толымды төленбейтінін айтады. Кеденшілердің құқық қорғау функцияларын күшейту, кеден бекеттерін тәртіпке келтіру және басқа тәсілдер бола ма, әйтеуір, аталған елеулі әлеуетті бұлақ көзіндей ашып жіберіп, бюджетке түсімді арттыру – Үкіметтің мойнындағы маңызды міндет.

Айхан ШӘРІП