Жаңа оқу жылының басталуы­на екі апта ғана қалды. Бастыс Қазақстан облысындағы дарын­ды балаларға арнал­ған С.Сейфуллин атындағы мек­теп-ин­тер­натының ата-ана­лары шу шығарып жатыр.
Күрделі жөндеу күрмеулі мәселеге айналды
фото: 11-mektep.edu.kz
515
оқылды

Әне-міне дегенше сабақ басталады, біздің балалары­мыз қайда оқи­ды, алыс ауылдардан келетін ба­лаларды қайда жатқыза­мыз деген ата-аналардың жан ай­қайы орынды-ақ. Олар әбден сабақ басталған­да неге мектеп­ке жөн­деу жасайды, неге ерте­рек қимылда­майды деп қапа­ланады.

Қазіргі заманға сай әр мектеп ата-аналармен  WhatsApp желісіндегі чат арқылы байланыс ұстайтыны бар ғой. Сол WhatsApp желісіне келген хабарлама С.Сейфуллин атындағы мектеп ата-аналарының мазасын қашырды. Жаңа оқу жылына екі апта қалғанда мектеп әкімшілігінен «Мектеп интернатының күрделі жөндеуге жабылуына байланысты, балаларыңызды жаңа оқу жылында орналастыратын жер іздей беріңіздер» деген бағыттағы хабарлама келген. Бұл хабарламаны алған ата-аналар мектеп баланы орналастыратын интернат тауып берсін деген талап қойып отыр. 

– Күні кеше ғана смс-хабарлама алдық. Интернат жоқ, баланы жатқызатын жер іздеңдер, пәтер жалдаңдар деп отыр. 18-ге толмаған баланы қалай бөлек жіберіп қоямыз. Менің қызым тек 6-сыныпты бітірді, ол әлі бала ғой, мен оған қалай қыздармен бірге пәтер жалдап тұр дей аламын. Балаға бірдеңе болып қалса кім жауап береді, – дейді ата-аналардың бірі Ләззат Дүйсенғалиева. 

С.Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат – облыстағы алдыңғы қатарлы мектептердің бірі. Бұл мектептен талай мықты түлеп ұшқан. Сондықтан ата-аналар білім сапасына қызығып балаларын осы мектепке оқуға береді. Бұл мектепте оқитындардың көбі – ауылдан келіп білім алатын балалар. Сондықтан да олар мектеп жанындағы интернатқа мұқтаж. 

– Мектепте күрделі жөндеу жүргізілейін деп жатыр, сендер мектепті босатыңдар, интернаттағы балаларды да үйге алып кетіңдер деп бізге сәуірде хабарласты. Біз келісіп балаларды үйге алып кеттік. Оқу екі айға жуық онлайн жүрді. Сөйтсе, жөндеуді күні кеше бастапты. Мен жаңа мектепті аралап шықтым, олар әлі тек ішкі бұзу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әлі шатырды ашады, ауыстырады. Интернаттың ішкі бөліктерін бұзып тастаған. Былайша айтқанда, тек бұзу жұмыстары енді басталды. Сонда сәуірден бері не бітірген? Төрт ай уақытта мектептің интернатын бірінші кезекте бітіріп берсе болатын еді ғой, – дейді Айнагүл Халықова есімді ана. 

Облыстағы ең үлкен мектептегі күрделі жөндеу неге кеш басталды? Біз осы сұрақты Облыстық білім басқармасының басшысына қойдық. 

– С.Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат оқушылары жаңа оқу жылында бұрынғы санаториялық мектепте білім алатын болады. Оқу үрдісі де, жатақхана мәселесі де сол жерден орналастыруды жоспарлап отырмыз. Өкінішке қарай, қазір балалардың киім жуатын, ыстық тамақпен қаматамсыз ету мәселесінде біраз қиындықтар туындап жатыр. Біз қазір осы мәселемен айналысып жатырмыз. Жаңа оқу жылына дейін бір шешімі табылады, – деп жауап берді Облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Саффулин.

Біз неге күрделі жөндеу жұмысын  ертерек бастамадыңыздар деген сұрақты қойдық. Бұл сұраққа Батыс Қазақстан облысының Білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Зәуре Гумарова жауап берді. 

– С.Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына күрделі жөндеу жұмыстары КПО б.в. компаниясының әлеуметтік жобалары шеңберінде жүргізіліп жатыр. КПО б.в компаниясының ережелеріне сәйкесі қаржы бөлу жұмыстары, конкурс өткізу мәселесі осылай ұзақ жүрді. Оларда қаржыны бөлу, ұйымдастыру жұмыс­тары бірнеше этаппен жүретінін білесіздер. Қаржының бөлінген уақытында біз дереу жөндеуді бастадық. Мердігер компания жөндеуді 15 шілде күні бастады, –  деп атап өтті Зәуре Базарғалиқызы.  

Егер мердігер компания жөндеуді 15 шілде бастаса арада бір ай уақыт өтті. Осы бір айда тым құрығанда монтаждау жұмыстары аяқталар еді ғой. Біз мектеп қабырғасына барғанымызда құрылысшылар ішкі блоктарды бұзып, тастарын шығару, еден сыпыру жұмыстарын жүргізіп жатты. Алда әлі төбені ашып жабу секілді күрделі жұмыстар тұр. Ал бұған дейін мектептің интернатында жатып оқып келген 250-ге жуық баланың ата-анасы баламызды қайда жатқызамыз деп әуреге түсіп отыр. 

250-ге жуық баланың ата-анасы отырған WhatsApp чатты біз де бір шолып шықтық. Ата-аналар наразылық білдіріп, мектеп әкімшілігін тірідей «жеп» жатыр екен. Ата-аналар онлайн оқуға да қарсы. Олар облыста бос тұрған лагерь мен мектеп интернаты көп. Солардың біріне балаларымызды орналастырып, сабаққа қауіпсіз тасмалдайтын жағдай жасасын деген талап қойып отыр. 

Жалпы, БҚО бойынша әбден сабақ басталғанда мектептің жөндеуге жабылып отырғаны  алғашқы жағдай емес. Бұған дейін де бірнеше мектеп әбден жаңа оқу жылынын қарсаңында жөндеуге жабылып, қоғамның сынына ұшыраған болатын. Облыстық білім басқармасында бұл жағдайларға бір ғана жауаптары бар. Үнемі айтатындары ақшаның бөлінген уақыты осы болды деп құтылады. Ал ақшаны неге уақытында бөлмейді? Облыс әкімінің осы саланы қадағалайтын орынбасарлары неге ақшаны уақытында бөлуге ықпал етпейді?

Сөз реті келгенде айта кетейік, қазір қала орталығында төрт мектеп күрделі жөндеуге жабылып отыр. Ол төрт мектептің де жөндеу жұмысы сол шілденің ортасынан кейін тамызға тақап басталып отырған жайы бар. 

Бұдан бөлек, аудандарда күрделі жөндеу жұмысы аяқталмай отырған алты мектеп бар. Олардың ішінде екі мектептің күрделі жөндеуі 2023 жылдан бері аяқталамй келеді. Жалпы, біздің облыста құрылысы төрт жылға дейін созылып кеткен мектептер де болған. Ата-аналардың байбалам салып отырғаны сондықтан. Талай мектептің құрылысы сөзбұйдаға салынып, балалар әрі-сәрі күйге түскенін көрді. Енді сол күй өз балаларымызға түсе ме деп қорқады. Ал Білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин С.Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа күрделі жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталады деп уәде берді. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы