Қонаев қаласында өткен ұстаз­дардың дәстүрлі тамыз кеңесін Білім министрі Ғани Бейсембаев Ас­танадан қатысушыларға бейне­үн­­­­­деу жолдау арқылы ашты.
Үш ауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешіледі
555
оқылды

Негізгі тақырыбы – алдағы оқу жылына және оқу үдерісіне цифрлық техно­ло­гия­ларды белсенді енгізуге ар­налған кеңеске 200-ден астам адам қатысты.  Кездесуді тікелей эф­ирде облыс бойынша 20 мың мұ­­ғалім көріп, онда айтылғандарды көкейлеріне түйді. 

Пленарлық отырыстың модераторы Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахымның сөзінен кейін  былтырғы оқу жылының қорытын­дылары мен жаңа оқу жылының міндеттері туралы негізгі баяндаманы Білім бас­қармасының басшысы Салтанат Бес­паева жасады. 

Жиында білім беруді цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.  Осы тақырып бойынша Білім беру сапасын қамтамасыз ету басқармасының басшысы Ержан Жиренбай мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қара­табанов баяндама жасады.   

Пленарлық отырыс барысында Алматы облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Айгүл Есімбекова, №38 мектеп-гимназиясының директоры Гүлнәр Ас­қарбаева, BILIM INVEST ұлттық білім беру инвесторларының қауымдастығы мен Алматы экономикалық колледжінің өкілдері де өз ойларын ортағы салып, ұсыныстарын білдірді. 

«Білім берудегі цифрлық технологияларды дамыту – қазіргі заманның өзекті мәселелерінің бірі.  Мемлекет басшысы ұстаздар съезінде атап өткендей, бұл салада түбегейлі жаңа тәсілдер қажет.  Заманауи технологияларды пайдалану білім беру жүйесін жылдам әрі тиімді жаңғыртуға мүмкіндік береді.  Біз білім саласын үздік халықаралық стандарттарға сай дамытуымыз керек.  Облысымызда бюджеттің жартысынан астамы білім саласына жұмсалатынының өзі-ақ білім саласына басымдық беріп, маңызын арттыра түседі», – деген облыс әкімі Ма­рат Сұлтанғазиев.  Өңірде  1 742 білім оша­ғы бар екенін және оларды қолдауға облыстық бюджеттің жартысынан астамы бөлінетінін баса айтты.  Қомақты қаражаттың басым бөлігі мұғалімдердің жалақысына жұмсалады екен. Соған сай білім беруге қарастырылған қыруар қаражатқа сай балаларымыздың сапалы білім алуын қамтамасыз етуге баса назар аударған жөн.  

Сандық технологияларды игерудің бірден-бір басты құралы – компьютерлік техника. Алматы облысында өткен оқу жылында облыс бойынша орта есеппен    1 компьютерге 5 оқушыдан келсе, осы оқу жылында тағы 665 дана компьютерлік техника сатып алуға 245,9 млн теңге бөлінген. Жергілікті бюджеттен 2022 жылы – 99,0 млн, 2023 жылы 2,1 млрд тең­геге 236 жаңа модификациялы пән кабинеттері сатып алыныпты.

Ал биылғы жылы «Қазақстан халқына» қоры тарапынан 1,5 млрд теңгеге 50 мектептің физика, химия, биология ка­бинеттері және аудан орталықтарында орналасқан 3 ауылдық мектептің оқу ка­бинеттері 100% жабдықталды.  

Бала – еліміздің болашағы. Сондықтан  олардың толыққанды жабдықталған мектептерде білім алуымен бірге  қауіп­сіздігін қамтамасыз ету де басты мін­дет­тердің бірі екені сөзсіз. Білім алу­шылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 2024 жылы 525,1 млн теңге бөлініпті.  Оның ішінде 253,1 млн теңге – білім беру мекемелерін лицензияланған күзетке қосуға, 188,0 млн теңге – бейнекамераларды жаңартуға, 84,0 млн теңге  мекемелерді жедел басқару орталығына (ЦОУ) қосуға қарастырылған. Сондай-ақ биылғы басты  жаңалық – облыс бойынша балалар мен жас­­өспірімдер арасындағы психологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында психологиялық қолдау орталығы ашылып, жұмысын бастағаны. Білім алушылардың қауіпсіз ортада жан-жақты және терең білім алуы бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. 

Саладағы тағы бір  өзекті проблема –  үш ауысымды оқыту мен оқушы орындарының тапшылығы. Облыс әкімінің айтуынша, өңірдегі үш ауысымды мектептердің мәселесі түбегейлі шешіледі.  2023-2025 жылдар аралығында өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 53 мектеп салу жоспарланыпты.

«Біз мектептер салуға жеке инвесторларды да тартып отырмыз. Бүгінде облысымызда инвесторлық жоба бойынша 4 мектеп тұрғызылуда. Есік қаласында жеке инвестор Болат Өтемұратовтың қоры 900 орындық 2 мектеп құрылысын жақында аяқтайды және мемлекетке сыйға тартатын болады. Бұл мектептер тұрғындар ең көп шоғырланған Еңбекшіқазақ ауданының үшауысымды мектептері проблемасын шешуге ықпал етеді», – деді өңір басшысы.

Жас дарындардың жетістіктері де жарқын екен. Облыста 145 оқушы оқу олимпиадасының жеңімпазы атанса, республикалық ауыл олимпиадасында облыс құрамасы екінші орынды иеленіпті.  Бұл өңірдегі қала мектептерінде де, ауыл мектептерінде де сапалы білім алуға то­лық мүмкіндік бар екенін байқатады. 

Кеңесті қорытындылау барысында облыс әкімі білім саласының беделін арттырып, бала тәрбиесіне бар күш-жігері мен білім-білігін жұмсап жүрген ұлағатты ұстаздар ұлықтады. 11  мұғалім Құрмет грамотасымен, 19 ұстаз  алғысхатпен марапатталды.  Сондай-ақ тағы бір­аз педагогтің еселі еңбегі  «Ы.Алтынсар­ин» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» және «Білім беру ісінің үздігі» медальдарымен аталып өтілді. Жиын соңында облыс әкімінің бастамасымен және кәсіподақ ұйым­дарының қолдауымен «Мейірім» қайырымдылық акциясы аясында балалар үйінің тәрбиеленушісі Марина Құдашоваға 30 миллион теңгенің сертифи­каты тапсырылды. 

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы