Өткен аптада жыныстық зорлық көрген қызылордалық 16 жастағы оқушы қыз­дың сұмдық тағдыры елді дүр сілкіндірді. Содан бері сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мә­ж­бүрлеген балауса ғұмырдың келешегіне дүйім жұр­т алаңдаушылық танытып отыр. Көптің талабы кінә­лілер қатаң жазасын алуы тиіс деп санайды.
Ойыншыққа айналған тағдыр:  кінәлілер жазасын ала ма?
728
оқылды

Соңғы жылдары Сыр өңірінің білім саласы сыр беріп тұрғанын бұған дейін де айтып жүрміз. Бірнеше жылдан бері басы даудан арылмаған салаға серпін беретін тың бастамалар бой көрсетер деп үміттенгенімізбен, күн санап түрлі келеңсіздіктен көз ашпай тұр. Басшы ауысса да, бас­сыздықтар ауыздықталар емес. Ал бұл жолғы жағдай тіпті сұмдық.

Ең алғаш қызының жаға ұста­тарлық оқиғасы жайында өз отбасы тамыз айының басында біледі. Нақ­ты айтқанда, ақпан айынан бері оқу­шы қызды екі сыныптасы мен оның туыстары мәжбүрлеп жез­өк­шелікке жегіп келген. Жезөкшелік қызмет жәбір көрсетуші сынып­та­сының пәтерінде, қонақүйлерде жә­не сауналарда жүргізіліпті. Қа­тарластары дәрменсіз қызды лас әрекетке көндіру мақсатында әурет жерін күйдіріп, денесіне целлофан пакеттерді балқытып, тамызып, азаптаған. Сондай-ақ қағазды өртеп, ішкиіміне салған, жыныс мүшесін тілгілейтінін айтып та қорқытқан көрінеді. Егер де талаптарын орын­дамаса, ата-анасына қауіп төнді­ретінін айтып та, мәжбүрлеген. Ең сорақысы сол, шарасыз қыздың ин­тимдік қызметі үшін осы істі ұйым­дастырушылардың картасына 1 000-нан астам ер адамнан ақша аударымдары жасалғаны белгілі болып отыр. Бұл жайында өткен ап­тада Астанада жәбірленушінің анасы «Не молчи» қорының құқық қор­ғаушыларымен бірлесіп өткізген бас­пасөз мәслихатында көпшілікке жария етті. 

Анасының сөзіне сүйенсек, қар­шадай қыздың жыл басынан бермен қарай көрмеген қорлығы жоқ. Екі сыныптасы ойына келгенін істеген көрінеді. Қыздың өз үйіне жиі түне­мей, бірнеше күн қатарынан жоға­лып кететін кездері жиілей бас­таған. Анасының айтуынша, бұл іске би үйірмесіне бірге барып жүрген сы­ныптас құрбысының қатысы бар деп санайды. Ең қиыны, қос сынып­та­сының лас тірлікпен айналысып жүргенін олардың ата-аналары біле тұра ешқандай шара қолданбай, есесіне өздері де көмектескенін алға тартады. Кейіннен белгілі болғандай, жыныстық қызметке осы кезге дейін банктік картаға 10 млн теңге түскені жария болды.

Сұмдық оқиға бір сәтке де қо­ғамның қызу талқысынан түскен емес. Халық оқушы қыздың келе­шегіне балта шапқандардың тиісті жазасын алуын күтіп жүр. 

Азапталған қыздың ақиқаты көпке жария болғаннан кейін оқи­ғаға тікелей қатысы бар деген күдік­пен қос жасөспірімнің қамауға алын­ғаны мәлім болды. Соттың аталмыш іске байланысты мәлім­деуінде «Қыл­мыстық кодекстің 134-бабы 3-бө­лігі 1-тармағы бойынша кәме­летке то­лмаған күдіктілер Қ.А. және М-ге қатысты «күзетпен ұстау» тү­рін­дегі бұлтартпау шарасын сан­кциялау туралы тергеушінің өті­нішхаты Қы­зылорда қаласының маман­дан­дырылған тергеу сотына түскен. Сот қаулысымен тергеушінің өті­нішхаты қанағаттандырылмай, кә­мелетке толмаған күдіктілерге 2 ай мерзімге «үй қамақ» түріндегі бұл­тартпау ша­расы таңдалған делінген. 

Осы оқиғадан кейін өткен аптада Қызылорда облыстық әкімдігінде де арнайы жиын өткізілді. Онда кә­мелетке толмаған қызды жезөк­ше­лікпен айналысуға мәжбүрлеу фак­тісіне орай білім беру саласының жауапты тұлғалары жұмыстан боса­тылатыны айтылды. 

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев атышулы қыл­мыстан жарты жылға жуық уақыттан бері Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес бас­қармасы мен қыз білім алатын мек­теп мұғалімлерінің бейхабар болға­нын қатаң сынға алды. 

«Әлеуметтік желілерде учаскелік полиция инспекторы мен мектептің ювеналды полиция қызметкері мәселеден хабардар болғаны жөнінде ақпарат тарады. Негізгі салғырттық осы қызметкерлерден басталған. Өздеріне бекітілген аумақтағы ахуал­ды алдын ала зерделеп, әр тұрғынды бақылауы тиіс еді. Бірақ ондай жұ­мыс мүлде жүргізілмеген. Білім саласының мамандары да қызмет­теріне немқұрайды қараған. Мектеп басшылығы, педагогтер, мектеп инс­пекторы, өз міндеттеріңізді орын­­­дамағансыздар! Мектеп пси­хологі, сынып жетекшілері, әлеу­меттік педагог, мектеп дирек­торы­ның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және директор заң аясында қандай да бір нақты қадамға бармаған. Бүгіннен бастап №7 мектеп-лицей директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психологі, әлеуметтік педагогі, сынып жетекшілері жұ­­мыстан босатылсын. Қызылорда қа­ласы әкімінің осы салаға жауапты орынбасарына, қалалық білім бөлі­мінің басшысына қатаң сөгіс, бөлім­нің тәрбие жөніндегі жауапты мама­нына жұмыстан босату шарасы қол­данылсын. Білім басқармасының басшысына өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін қыз­метіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беремін. Өзіне жүк­телген міндетті тиісті деңгейде орындамаған мектеп инспекторы мен учаскелік полиция инспекторы, оны бақыла­маған кәмелетке толма­ғандар ісі жөніндегі ювеналды полиция бөлім­шесі, қалалық Полиция басқармасы мен облыстық жергілікті полиция қызметі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы тікелей кі­нәлі. Осы орайда жауапты маман­дардың жауапкершілігін қарап, қызметінен босатуға дейінгі кадрлық шешімдер қабылдансын», – деді аталмыш жиында Нұрлыбек Мәш­бекұлы. 

Жиын барысында аймақ бас­шысы оқиғадан зардап шеккен отбасына жан-жақты көмек көр­сетуді, тергеудің барынша объективті жүргізілуін талап етті.

Негізінен, облыс әкімдігінде өт­кен бұл шұғыл жиын көптің кө­ке­йін­дегі қордаланған сұраққа нүкте қой­­­ды деп айту қиын. Есесіне, білім бас­қар­масының аталмыш оқиғаға байла­нысты әлі күнге дейін бірде-бір рет мәлімдеме жасамағаны дүйім жұрт­­ты күмәнді ойларға жетелеп отыр. 

Өз кезегінде қылмыстық істің нәтижесін білмек мақсатта Қы­зыл­орда облысының Полиция департа­ментіне хабарластық. Департа­менттің баспасөз қызметі қылмыстық іске байланысты тергеу жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын, соған орай әзірге нақты ақпаратпен бөлісу мүмкін болмай тұрғанын жеткізді.

Қалай дегенде де, қылмыстық іске байланысты кейбір жауапты тұлғалар жұмыстан босатылғанымен, көптің көкейінде «қылмысқа нағыз қатысы бар адамдар лайықты жаза­сын ала ма?» деген сұрақ тұр. Мұны алдағы уақыт еншісінде бағамдай жатармыз. Ең бастысы, тергеу жұ­мыстары әділ жүргізіліп, елдің тала­бы ескерусіз қалмаса игі.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы