Бұған сену қиын, бірақ қазіргі өрт сөндіру депосын салу жобаларының соңғылары тек 2042 жылы аяқталмақ. Осының өзі саланы қаржыландыруда қиындық барын көрсетеді.
Құтқарушылардың өзі құтқаруға зәру
545
оқылды

Былтырғы жазда Абай облысында қаулаған, Семей орманын, даланың да біраз аумағын жайлаған алапат өрт 15 азаматты мерт етті. 12 маусымда Қазақстан аза тұтты. Бұл өрт 2023 жылғы дүниежүзіндегі ең ірі өрттің бірі деп танылған. Сонда құтқарушы-өрт сөндірушілердің жағдайы ауыр, жарақтандырылуы нашар екені жария болды. Содан бері не өзгерді? 

Құрылыс неге ұзаққа созылады?

Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы мемлекеттік қызмет­тер­­дің ғимараттарын жаңғырту қа­­лай жүріп жатқаны туралы ақ­па­рат ұсын­­ды. 2024 жылдың ба­сын­да­ғы жағ­дай бойынша республика бойын­ша жоспарланған 121 де­по­ның 17-сі ғана қолданысқа берілді. Қал­ғаны қай­да? 

Астанада 2021 жылдан бері құрылысы басталған 5 депоның 2-еуі ғана аяқталды, қалғаны 2033 жылға қарай тәмамдалады. Алматы қаласында 15 депоның 3-еуінің ғимараты жаңғыртылған. Басқасының құрылысы 2025 жылы бастау алып, соңғысы 2042 жылы ғана іске қосылмақ. Үшінші мегаполис Шымкентте 7 депоның 2-еуі салынды. Қалғанының құрылысына 2023 жылы кіріскенімен, 2039 жылы бітірмек. Өңірлерде жағдай бұдан да күрделі: лаулаған өртімен әлемді шошытқан Абай облысында жаңа 5 депоның құрылысы 2025 жылы қолға алынады да, тек 2038 жылы толық жарақтандырылып, қолданысқа енгізілмек. «Тілсіз жау» қайта шапса ше? Астаналық облыс Ақмолада 6 депоның жобасы келесі жылы басталып, 2042 жылы аяқталады. Алматы облысында 6 депоның біреуі әзір, өзгесі 2039 жылы ел игілігіне тапсырылмақ.

Ақтөбе облысында 6 депоның 5-еуі дайын көрінеді. Соңғысы 2041 жылы іске қосылады. Атырау облысында 7 депо салу қарастырылса, оның 1-еуі ғана өрт сөндірушілерге табысталған, басқасының құрылысы 2038 жылға дейін созылады. ШҚО-да жаңа 5 депоның құрылысы 2027 жылы қолға алынып, ақырғысы 2042 жылы бітеді. Жамбыл облысында 5 депоның құрылысы жоспарланған, алды 2022 жылы басталған, барлығының енгізілуі 2039 жылға ұзайды. БҚО-да 6 депоның біреуін салу аяқталды, өзгесі 2036 жылды күтеді. Халқы аз қалған СҚО-да ғана жалғыз депо биыл қолданыс­қа берілмек. 

Жетісу облысында 7 депоның құрылысы – 2042 жылға, апаты көп Қарағанды облысында 8 депоны салу – 2040 жылға, орман-дала өрті жиі туындайтын Қостанай облысында 7 депо – 2039 жылға, қуаңшылыққа ұрынып тұратын Қызыл­орда облысында 2 депо – 2032 жылға, шөлді Маңғыстау өңірінде 3 депоның екеуінің құрылысы – 2031 жылға (біреуі іске қосылды), Павлодар облысында 6 депо – 2035 жылға, Ұлытау облысында 4 депоны салу – 2030 жылға, ал облыстар арасында халқы ең көп Түркістан облыс­ында 10 депоның 9-ының құрылысы  2042 жылға дейін барады.

– Елді мекендердің өрттен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Өрт сөндіру деполарын және құтқару жасақтарын басымдықты жарақтандыру жоспарына сәйкес, 2042 жылға дейін 121 депо құру көзделген. 2020-2023 жылдары соның 17-сі эксплуатациялауға берілді. Атап айтқанда, Астанада – 2, Алматы қаласын­да – 3, Шымкентте – 2, Ақтөбе облысын­да – 5, сондай-ақ Атырау, Алматы, Батыс Қа­зақстан, Маңғыстау және Түркістан облыстарында – бір-бірден депо іске қо­сылды, – делінген Үкімет басшысы Ол­жас Бектеновтың Мәжіліске жолдаған хатында.

Қазір республикалық бюджет есебінен тағы 6 өрт сөндіру депосының құ­рылы­сы жалғасып жатыр. Олар Қосшы, Тал­дықорған, Петропавл, Жезқазған, Сәтбаев және Түркістан қалаларында орна­ласады. Депутаттар да, өртпен күресушілер де заманауи деполардың құрылысын жеделдетуді сұрайды.

ТМЖ қандай көлік сатып алды?

«Өрттен еш сабақ алмады, ештеңе істелмей жатыр» деу  – әділдікке қайшы. Айта кету керек, былтырғы Абай облысын­дағы өрттен кейін ел Үкіметі Пре­зи­денттің тапсырмасына сәйкес және өзі­нің 2023 жылғы 15 маусымдағы №478 қаулысымен «Азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын» бекітті. Оның аясында қарастырылған іс-шараларды Үкімет 348,7 миллиард теңгеге қаржыландыруды жоспарлап отыр. 

Тарата айтқанда, кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін төтенше жағдайлармен күреске тартылатын 949 бірлік көлік, 43 340 бірлік мамандандырылған инженерлік техника, жабдықтар, аспаптар, 77 348 бірлік арнайы экипировка, түрлі дрондар (пилотсыз ұшатын аппараттар), роботтандырылған техника және 16 бірлік тікұшақ сатып алынады. ТЖМ-нің бөлім­шелерін материалдық-техникалық жаб­дықтау іс-шараларына өңірлер де жұмыл­дырылады. Олардың іс-шаралары Қа­зақ­стан өңірлерін әлеуметтік-экономи­калық дамытудың кешенді жоспарларына қосылды. 

Сонда кешенді жоспарды жүзеге асыру не нәтиже берді? Ресми мәліметке жү­гінсек, республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен 2023 жылдың қорытын­дысында 368 мамандандырылған автомобиль техникасы, 22 654 бірлік жабдық пен аспап сатып алынған. Бұл іс биыл да жал­ғасты: кешенді жоспар аясында 2024 жылы мемлекеттік сатып алуларға 45,7 миллиард теңге қаржы жоспарланған. Оның қорытындысы келесі жылдың басында толаққанды шығарылмақ. 

Өткен аптада, 13 тамызда тағы бір жа­­ғымды жаңалық жария болды: төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесін нығайту үшін ТЖМ-ге жаңа 11 әуекемесі сатып алынатын болды. Осы мақсатта жоғарыда аталған кешенді жос­парға түзетулер енгізілді. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды.

«Биылғы қаңтар айында сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесінің материалды-техникалық базасын нығайту шараларын қабылдауды тапсырған болатын. Президент тапсырмаларын іске асыру шеңберінде «Азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына» заманауи авиациялық техника сатып алуға қатысты түзетулер енгізілді», – деп түсін­іктеме берді Үкіметтің баспасөз қызметі.

ТЖМ-ге табысталатын 11 әуекемесін «қаржы лизингі» тетігін пайдалану арқылы сатып алу жоспарланып отыр. Бір әуетехникасы шамамен 2,25 миллиард теңгеге түспек. Бұл үшін қажетті 24,8 миллиард теңге мөлшеріндегі сома респу­бликалық бюджеттен 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен бөлінетін болады. Бұл бастаманы Республикалық бюджет комиссиясы тұжырымдамалық түрде қолдады.

«ТЖМ-нің материалдық-техникалық базасын нығайту авиациялық техникамен қамту аймақтарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл әуекемелері өзге техниканың жетуі қиын жерлерде болған төтенше жағдайлар аймақтарынан адамдарды эвакуациялау үшін пайдаланылады және құтқару бөлімшелерінің жедел әрекет етуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ әуетех­никасы су тасқыны және өрт қаупі басым кезеңдерде аспаннан бақылау жүргізіп, мониторингтің тиімділігін арттыру мақсатында қолданылады», – деді үкіметтегілер. 

Апат айтып келмейді

Төтенше жағдайлар қызметі ұзақ жылдардан бері «қалдық қағидаты» бойынша қаржыландырылып келгені құпия емес. Жағдай қазіргі кезде де күрт жақсарды деу қиын. Әйткенмен, ілгерілеушілік бар. ТЖ қызметкері Серік Хамзаұлы ең басты бір мәселе шешіле бастағанын: жалақы көтерілгенін айтады. 

– 2018 жылдары қолға 75-85 мың теңге ғана алатынбыз. 2022 жылдан кей­ін біршама өсірді. Соның өзінде қолы­мызға 180-190 мың теңгедей ғана тиетін. Бұл – осы салаға ұзақ жыл ғұмырын ар­наған тәжірибелі құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің жалақысы. Жаңа келгендердің місе тұтатыны тым мардымсыз болды. Содан салада маман тұр­ақтамады, тұрақтап қалған бізге бір­неше адамның қызметін қатар атқаруға тура келеді. Екі тәулік көз ілмей, шақыру­ларға шапқылайтын кездер болады. ТЖМ жүйесінде кредит алмаған қызметкерді табу қиын. Көбі қарызға шектен тыс батқан. Біздің мойнымызда екі-үш несиеден бар, – дейді С.Хамзаұлы.

Ол былтырғы өрттен және биылғы тасқыннан кейін жалақы біраз өскенін, бүгінде 300 мыңға дейін көтерілгенін жеткізді. Бірақ жұмыс ауыр болғандықтан, жастар бәрібір ұзаққа қалмайтын көрінеді. Бір-екі жыл тәжірибе жинап, баспанамен қамту бағдарламалары бар құқық қорғау құрылымдарына, әскери қызметке орналасып алуға тырысады.

Бұрын өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды бірге атайтын, журналистердің өзі олардың өзара шатастыратын. Маманның айтуынша, қазір бұлар  екі басқа қызмет. 2023 жылы Төтенше жағдайлар министрлігі құрамында «Жедел-құтқару жасағының» 19 мемлекеттік мекемесі құрылды. Осылайша, жедел-құтқару жасақтары енді «Өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің құрылымынан шығарылды. 

Бүгінде ТЖМ өрт сөндірушілер үлгісінде құтқарушыларды да аттестатталған қызметкерлер санатына көшіру мәселесін пысықтап жатыр. Бұл құтқарушылардың мәртебесін құқық қорғау органдарымен теңестіруге мүмкіндік береді. Бастама жүзеге асса, құтқарушылардың зейнеткерлікке шығу жасы төмендейді. Онсыз мемлекеттік қызметші санатындағы құтқарушылар бейнетінің зейнетін тек 63 жастан бастап көре алады. Және олар қирап құлаған ғимараттардың үйіндісінің астына сүңгіп, қызыл сумен күресте басын бәйгеге тігіп, өзгелерді құтқару үшін тау-тасқа өрмелеп, қауіпті міндеттерін орындап, 63 жасқа дейінгі еңбек жолын арпалыспен өткізуге міндетті екен.

Жұмысы, жүктемесі ауыр, қауіпті болғандықтан, құтқарушылардың, өрт сөндірушілердің бір бөлігі зейнеткерлік жасқа жетпейді. Сондықтан кадр тапшылығын жоймағанмен, елеулі азайту үшін, Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжанның пікірінше, олардың әлеуметтік жағдайын әлі де болса жақсарта түсу қажет. Біріншіден, жалақысын ұлғайту керек. Екіншіден, олардың жалға алатын баспанасының арендалық құнын бюджеттен толық не ішінара өтеу тетігінің енгізілгені маңызды. 

Үшіншіден, коммуналдық қызметтер үшін үстемеақыны да арттыру қажет: оның сомасы 10 жылдан астам уақыттан бері өзгермеген. Төртіншіден, қатардағы қызметкерлерге түсетін ауыртпалықты жеңілдету үшін өрт сөндіру қызметі мен жедел-құтқару жасағының штат санын көбейткен орынды. Бұл ұсыныстар ішінара Үкіметтің қолдауын тапты. 

Қалай болғанда, табиғи және басқа апаттар айтып келмейді, керенаулықты көтермейді. Әлемді климаттық дағдарыс дендеген, геосаяси ахуал ушыққан заманда Қазақстан және оның барлық жауапты құрылымдары сұрапыл өрт, жойқын жер сілкінісі, күйретуші тасқындар, жарылыстар және басқа да апаттардың салдарымен тиімді, тегеурінді күреске үнемі дайын болғаны – мемлекет үшін өмірлік маңызды міндет.

Айхан ШӘРІП