Мақала «Айқап» журналында басылған. Тақырыбы «Музыка» деп аталады. Авторы – Мұхаметсәлім Кәшімов. Жарияланған уақыты – 1913 жыл. Бұл «Айқаптың» осы жылғы алғашқы басылымы (нөмірі) болса керек.
1913 жылы жарияланған күй туралы мақала
3,803
оқылды

Бүгінгі ХХІ ғасыр адамының көзімен қарасақ, барлық нәрсе жазылған сияқты. Әркім шамасына, пайымына, өресіне қарай жазды және жазып та жүр. Қазақтың қолы қалам тербемеген тақырып жоқ-ау... Музыка, әсіресе күй жайлы жазғандар көп. Егер бірі жалпы күй жайлы жазса, екіншісі нақты бір туынды жайында ақпарат ұсынған. Тағы басқасы күй тарихына бойласа, келесі бірі жазған-сызған дүниесін күй шерткен өнерпазға арнаған. Кейде “кім не жазып отыр?”  деп оқуға да үлгермей қаласың. Десе де, әр нәрсенің бастауы бар. Өйткені бір тақырыпты әйтеуір бір адам жаза бастауы керек қой. Бізге қызықтысы да сол болды.

Әуелі күй жайлы алғашқы жазған Ахмет Жұбанов деп ойладық. Құлақ естіп, көз көріп, күнде оқып жүргеніміз Ахаң болған соң, осындай пайым дұрыс та шығар. Кейін Александр Затаевичтің жазғанын көрдік. Оның жазғаны Ахаңнан да ертерек уақыт екен. Шамамен 1920 жылдарға тиесілі. Жақында күй жайлы тағы бір мақала оқыдық. Жазылған уақыты – 1913 жыл. Біздіңше, баспадан жарық көрген алғашқы мақаланың бірі осы болса керек. Әсіресе, мақала жарыққа шыққан соң, өзінен кейінгі үлкен бір шаруаға ықпал еткен сияқты. Дегенмен алдымен бұл мақаланың өзімен таныстырып өтейік.

Мақала «Айқап» журналында басылған. Тақырыбы «Музыка» деп аталады. Авторы – Мұхаметсәлім Кәшімов. Жарияланған уақыты – 1913 жыл. Бұл «Айқаптың» осы жылғы алғашқы басылымы (нөмірі) болса керек.

Бұл жерде арнайы тоқтала кететін бір жайт бар. «Айқап» кезінде төте жазумен (арабша қаріп) жарыққа шыққаны белгілі. Түпнұсқа мұрағатта жатыр. Біз болсақ, 1995 жылы жарыққа шыққан бір жинақты пайдаландық. Жинақ «Айқапта» жарияланған барлық мақаладан тұрады. Қазіргі қолданып жүрген кириллицамен берілген. Негізгі құрастырушылары Ү.Субханбердина мен С. Дәуітов деп көрсетілген. Жалпы бас редакторы – Р. Нұрғалиев. Біз қызыққан мақала аталмыш жинақтың 133-бетінде тұр.

Әуелі мақаланың авторына тоқталып өтейік.

Ол туралы «Айқап» жинағында мынадай мәліметті оқимыз: «Кәшімов Мұхаметсәлім (1884-1935) – ақын, журналист. 1911-1919 жылдары «Айқап» журналында қызмет істеді. Жетісу, Қытай, Қырғыз елін аралап, жол әңгімесі ретінде сонда тұратын қазақтардың әдет-ғұрпы, тарихы, этнографиясы, шаруашылығы, әдебиеті, мәдениеті туралы мақала, очерк жазған. «Музыка» атты мақаланың орны ерекше. «Айқапта» жарияланған мақала, очерктері: «Верныйдағы көрген-білгендерім», «Түркістан шаһарында», т.б.» деп жазылған екен.

Енді мақаланың өзіне көшейік. Қазіргі көзқараспен айтсақ, мақала кіріспеден және екі бөлімнен тұрады. Кіріспеде автор жалпы тоқталып өтеді.

«Әр милләт, әр жұрт музыкасыз тұра алмайды. Бұл анық болған бір нәрселер. Қай халыққа көз салып қарасаң да, бұл музыка бұрынғы һәм жаңа заманда болып ойналып келе жатқан, бұл музыканы ешкім өтірік бекер дей алмайды. Арабтарда мұсылмандық болмастан бұрын бұл музыка ойыны бар еді».

Бірінші бөлім мұсылман (араб) елдеріндегі музыкаға арналған. Автор мұсылман әлеміндегі музыкаға көзқарасын жазып, қызық деректерді ұсынады.

«Мұсылмандыққа кірген соң да бұл ойынды тыймады, қайта рум, парсы сияқты реттірек жұрттарға араласып, олардан әртүрлі керек-жарақ музыка саймандарын алу себепті мұсылмандардың арасында көбейіп, өршіп кетті.

Арабтар түрлі ұлттың музыка саймандарын жиды, ғылым, мәдениетке кіріп, өнер тапқан сайын музыкалары да, музыкаға құмар ойнаушылар да көбейіп өрши берді, өздерінде бұрыннан болғанын, оның үстіне шеттен де алып, түрлі қару-саймандарын түзетіп тұрды. Мұсылмандардың қасында музыка қатты сүйкімді болды. Музыка ойнай білушілерге үлкен құрмет, сый көрсетіп тұрды».

Мұхаметсәлім Кәшімов жазған мақаласы музыка тарихы, әсіресе мұсылман музыка тарихын зерттеушілерге қызықты деп есептейміз. Өйткені автор жалпылама пікір емес, тарихи ізденіс үшін аса құнды адам есімдерін де жазып қалдырған. Автор жазылған деректеріне нақты сілтеме бермесе де, болашақ ғалымдардың бұл тақырыпты зерттеуге бастау бола алатын нүктесі екені анық.

«Рум, парсы сияқты жұрттардың ең алғаш музыка ғылымын үйреніп, мұсылмандар арасына таратып үйретуші “Меке” шәһәрінің Сағид бин Мәсжиг есімді мұсылман еді. Сонан соң мұсылмандар арасында музыка ойыны көбейді. Ерлерден ойнаушылар болған сияқты қатын-қыздардан да білушілер бар еді. Жәмилә, Хибабәт, Ғақилиә есімді белгілі, атақты қатындар бар еді. Ерлерден музыка ойнаушылар көп еді. Музыкашылар әр уақыт жиналып өздері мәжіліс, жамғият жасап сөйлесіп, кем-кетігі болса толтырып, үйренісіп тұрушы еді».

Екінші бөлім домбыра күйіне сипаттамамен басталады. Бүгінде ақын-жыраулар, жазушылар күйдің қасиетін қалай түсіндірсе, 1913 жылы да қазақ үшін күй дәл сондай болған.

«Бұл музыка күй күйлеп, күйлендіріп, күлдіріп, мұңайтып, жылататын, адамға – рух беріп көтеретін, қайғылы уақытта көңіл ашатын, жалғыз уақытта серік болатын осы музыка домбыра деп айтуға болады», – деп жазылған мақалада.

Келесі сөзінде автор ХХ ғасырдың басында ескі дәстүрді ұстаған күй шертушілер азайып бара жатқанын жазған екен. 110 жыл өткен соң, біз де дәл осылай айтуға мәжбүрміз… (Бұл өте қызық жағдай, болашақта арнаулы зерттеуді қажет етеді) Сонымен қатар М.Кәшімов күйтану ғылымына аса танымал емес (мүмкін мүлдем беймәлім) күйші есімін жазады. Автордың көзі ашық, жақсы мен нашарды айыра алатын зиялы қауымның өкілі екенін ескерсек, ол айтып кеткен «Есім күйші» шынымен шебер домбырашы болған сияқты. Себебі ол туралы:

«Біздің қазақта домбыраны жақсы таза тарта білуші аз емес еді, бұрынғы қария үлкендердің бәрі де деп айтарлық зарлы, мұңды, жақсы күйлерді білушілер көп еді. Өзім көзім көрген қарияларда Ақмолаға қараған Қалутан, Бақақ өзені бойында Есім деген кісінің тартқанын көрдім, әлі құлағымнан кетпейді, қазіргі уақытта солардай домбыраны күйлеп тартып, шертушілер азайып бара жатқан сияқты көрінеді. Әр жерде бұрынғы сауық, ойын-күлкі азайып қалып бара жатқан секілді», – дейді.

Енді 1913 жылы «Айқап» журналында жарық көрген «Музыка» атты мақаланың соңғы бөлігін алдымен оқып алайық:

«Қолымыз білетін ата-бабамыздан келе жатқан бұл домбыра өнерінен де айырылсақ, арамыздан жақсылап шертіп, ән салушылар да жоғалса, ол уақытта қалған-құтқан ойын-күлкі мәжілістеріміз де құлаққа ұрған танадай болып қалмаймыз ба? Кейінгі жастарымыз ұмытып, бара-бара мүлдем жоғалып кетпес пе? Соның үшін қолынан келетін өнерпаз мырзаларға ескертемін, біздің нотаға салдырып ала алсақ жақсы болар еді, ұмытпас үшін. Осындай талапкерлеріміз осының жолында тырысуларын өтінеміз».

Құрметті оқырман, менің ойымша бұл мақала кейінгі үлкен бір жұмысты атқаруға себеп, түрткі болған сияқты көрінеді. Біз Александр Затаевичтің қазақтың ән мен күйін жинап, түгендеп, нотаға түсіріп, баспадан жинақ ретінде жарық көрген жұмысын айтып отырмыз. А.Затаевичтің ғұмырнамасын қарап отырсақ, Орынбордағы алғашқы ісін 1920 жылдары бастаған екен. Демек, «Айқап» журналын оқитын көзі ашық зиялыларға, ел билігіне араласып жүрген шенеуніктерге және қазақтың тағдырына бейжай қарай алмайтын ұлт жанашырлары үшін «Музыка» мақаласы ой салған деп болжаймыз.

Мұхаметсәлім Кәшімовтің «Музыка» атты мақаласы күйтану ғылымында өз орнын, лайықты бағасын әлі алмады. Бүгінгі пайыммен аса көлемді дүние болмаса да, мұнда қызықты әрі керек деректер баршылық. Алдағы уақытта музыка зерттеушілері аталмыш мақаланы да өз қоржынына қосып, пайдаға асырады деген сенім бар.