Сыбайлас жемқорлыққа байланысты еңбек келісімшартын тоқтатпақ
Сыбайлас жемқорлыққа байланысты еңбек келісімшартын тоқтатпақ
Фото: Интернеттен алынды
232
оқылды
Zakon.kz сайтының хабарлауынша, Қазақ спорт және туризм академиясы 7-8 адаммен, оның ішінде кафедра меңгерушілері мен декан орынбасарларымен сыбайлас жемқорлыққа байланысты еңбек келісімшартын тоқтататынын мәлімдеді. Nur Otan партиясының Jas Otan Жастар қанаты «Таза сессия» акциясы аясында отандық ЖОО-на мониторинг жүргізген болатын. Қазақ спорт және туризм академиясы сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары университеттердің қатарына кірген. Қазақ спорт және туризм академиясы президенті Қайрат Закирьянов бұл оның өзі күтпеген жағымсыз жаңалық болғанын айтты.
«Бұл хабарды естігенде жағымсыз әсер етті. Біз ұжымның бәрі қатысқан жедел жиын өткіздік. Бізде күндізгі бөлімде 3 мыңнан астам студент оқиды, олардың арасында мемлекеттік грант иегерлері – спорттың әр түрінен еліміздің Ұлттық құрамасының мүшелері болып табылатын жоғары дәрежелі спортшылар да бар. Олар уақытының басым бөлігін оқу-жаттығу жиындарында өткізеді және белгілі себептермен олардың білім деңгейі күнделікті сабаққа қатысып жүрген жастарға қарағанда төмендеу болатыны рас. Міне, солар сессия тапсырған кезде оқытушыларға пара беретін болар, ал ол өз кезегінде студентке көмектеседі. Алайда, бұл екі жақты да ақтап алатын жағдай емес. Қазіргі таңда академияның өз қауіпсіздік қызметі жұмыс істеп жатыр. Олар мониторингпен, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа байланысты әрекеттермен айналысып жатыр. Ұжыммен болған жедел жиналыста пара алуға күдіктілердің атын атадым» дейді академия басшысы.
ҚазСТА профилактика шаралары үшін және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында студенттер емтихан тапсыратын аудиторияларға бейнебақылау орнатылатынын мәлімдеді. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ