Сонымен, елімізде АЭС салуға қатысты жария талқылаулар легі аяқталды. Ол еліміздің барлық аумағында өтті. Ең соңғы 20-сыншы жиын Астана қаласында болды. Қай кездесу де өте қызу пікірталаста өрбіді.
Дұрыс таңдау – жарқын болашақ кепілі
810
оқылды

Жұртшылық өз ойын бүкпесіз жеткізді. Оны ұйымдастырушылар алқасы көңіл дәптеріне түртіп алып та жатқан болар. Біздің бір көзіміз жеткені, қарсы пікір білдіргендердің көбі оның пайдалы екеніне күмәнсіз қарайтыны, тек экологиялық қаупіне алаңдайды. ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ жүргізген сауалнама да осыны айғақтап отыр.

53,1% қолдайды

Халық АЭС салу идеясына қалай қарайды? Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стра­тегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 7-18 тамыз ара­лы­ғында жүргізілген телефон арқылы әлеу­меттік сауалнама осы туралы болды. Оған 17 облыстан және республикалық маңы­зы бар Астана, Алматы және Шым­кент қалаларынан 18 жастан асқан 1 200  рес­пон­дент қатысқан екен. Олар­дың көп­шілігі, яки 53,1%-ы АЭС салу идея­сын қолдайтынын білдірген. Оған үлкен үміт артатынын, әсіресе, 2030 жылға қарай электр энергиясы тап­шылығы жо­йы­ла­тынына сенетінін айтқан. Ал АЭС салу идеясына қарсылар – 32,5%. Олар негізінен ықтимал апаттар мен олар­дың қоршаған ортаға тигізетін зардаптарына алаңдаушылық танытады. Сонымен қатар әрбір оныншы респондент, яки 14,4%-ы әлі өз таңдауын жасамаған.

«Сондай-ақ респонденттердің жар­тысы – 51,0%, өздерін АЭС құры­лысына қатысты референдумда «қол­дау» немесе «қарсы» деп дауыс беру үшін жеткілікті ақпарат пен білім дең­гейіне иеміз деп санайды. Респондент­тердің тағы 12,2%-ы ол туралы жеткілікті білмейтінін мо­йын­дайды. Сауалнамаға қатысқан­дардың 31,6%-ы АЭС туралы мүлдем ештеңе білмейтінін айтады. Ал 5,2%-ы жауап беруге қиналды. Сауал­нама барысында респонденттердің 42,6%-ы АЭС салу мәселесі бойынша ре­фе­рен­думға қаты­суға толыққанды ниет біл­дірді. Тағы бір 16,4%-ы қатысу мүмкін екенін жеткізді. Респон­дент­тердің 25,3%-ы референдумға қатыс­пайтынын айтса, 8,9%-ы қатыс­пауымыз мүмкін де­ді, ал 6,8%-ы жауап беруге қи­­­­­налды», – дейді Президент жа­нын­дағы ҚСЗИ Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің басшысы Сал­танат Ерма­ханова.

Жария талқылау – қоғаммен диалог

Еліміздің барлық өңірінде жария талқылаулар циклі өткені белгілі. 17 об­лыс пен 3 мегаполисті қоса алғанда, 20 жиын өтті. Соның соңғысы Астанада болған еді. Қай кездесуге де атом сала­сының сарапшылары, мемлекеттік ор­ган­дардың, жұртшылық пен азаматтық сектордың өкілдері қатысты. Талқылаулар қызу пікірталаста өрбіді. Еліміздің энер­гетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, АЭС құрылысына дайындық, сондай-ақ атом саласы үшін кадрлар даярлау мәсе­лелері қозғалды. Мамандар қоғам өмі­ріне бейжай қарамайтын азаматтарға атом генерациясы және ядролық техно­ло­гиялар туралы түсіндірді. Мәсе­лен, Ас­танадағы жиында Энер­гетика ми­нистр­лігі Атом энергетикасы және өнер­кәсібі департаменті директорының орын­басары Гүлмира Мұрсалова өз сө­зінде Қазақ­станда электр энергиясының 70%-ы көмір стансаларында өн­ді­рі­летінін, олардың орташа тозуы 70%-дан асатынын атап өтті. 

«Бұл стансалардың кейбірі келесі 10 жыл ішінде пайдаланудан шығарылуы керек. Ал елімізде электр энергиясын тұ­тынудың жыл сайынғы өсімі шамамен 3%-ды құрайды. Ең жоғары сағаттарда Қазақстан шекаралас елдерден электр энергиясын жоспарлы түрде сатып ала­ды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша тұтынылған 115 млрд кВтсағ энергияның 2 млрд кВт сағатынан астам көлемі Ресей Федерациясынан жоспарлы түрде сатып алынды. Болашақта бұған жол бермеу үшін біз қазірдің өзінде тиісті шаралар қабылдауымыз керек. Қазір көптеген ел АЭС салуда. Қытайда 26 реактор салынып жатыр, Беларусь пен Біріккен Араб Әмір­лектері өзінің алғашқы атом электр стансаларын салды, Түркия атом электр стансасын салуда, ал көршіміз – Өзбек­стан шағын атом стансасының құрылысы туралы жариялады», – деді ол.

Ал «Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас директоры Эрлан Батырбеков жи­налғандарға мамандандырылған физи­калық кедергілер мен апатқа қарсы әре­кет ету шараларының жиынтығы туралы айтып берді. Сөзінше, қазіргі заманғы АЭС терең эшелондалған қорғаныс жү­йесінен тұрады екен. Қазіргі заманғы реак­торлардағы пассивті салқындату жүйелері оператор тарапынан толық әре­кетсіздік болған күннің өзінде үш тәулік ішінде апаттық реактордан жы­луды өз бетінше бұруға қабілетті. Қазақстанда АЭС салу үшін бір-бірін сәтті толық­тыратын және өзара алмастырылатын пассивті және активті қауіпсіздік жү­йелері бар III және III+ буынды барынша қауіпсіз реакторлар ұсынылуда.

«Мұның бәрі бүгінгі күні 8 балға дейінгі жер сілкінісіне, 56 м/с жыл­дам­дықтағы дауылды желге, су тас­қынына төтеп беруге мүмкіндік береді. Ықти­мал­дығы аз ең ауыр апат болған жағдайда бал­қуды белсенді аймақта ұстап қалатын арнайы қоршау қарастырылған», – деді Эрлан Батырбеков.

«Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС бас директоры Тимур Жанти­кин  Қазақстанның солтүстігінде электр энергиясы тапшылығы әзірге байқал­майтынын, алайда оңтүстікте жағдай күрделірек екенін айтады. Солтүстік-Оң­түстік желісі қазіргі уақытта 2 100 мега­ваттқа дейін өткізіп тұр, бірақ бұл оң­түстік аймақтарды қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Ол жақта электр энер­гиясы тапшылығы 2,7 гигаваттқа дейін жететіні анықталып отыр.

Спикерлер сөз сөйлегеннен кейін тал­қылауға қатысушылар сұрақтар қо­йып, атом электр стансасының құры­лысы туралы өз пікірлерін айта алды. Атом энергетикасы саласында тоғыз жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан Айна­гүл Хаме­това Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ІІІ курс докторанты екен. Жас ғалымның ай­туынша, АЭС құрылысы жаңа жұ­мыс орындарын құруға және өңірлерді дамы­туға ғана емес, ғылым­ның дамуына да оң әсер етеді.

«Мен мұны ғылыми тұрғыдан зерттеп жатырмын және АЭС салу үшін көптеген қорғаныс материалы жасалып жатқанын білемін. 1950-жылдармен салыс­тырғанда бұл радиацияға төзімді және ыстыққа төзімді материалдар. Біз қауіп­сіз­дік үшін алаңдамай-ақ АЭС-ті пай­далана берсек болады», – деп атап өтті ол.

Қазақстандық электр энерге­ти­ка­сы қауымдастығы төраға­сының орын­басары Әлішер Құрбанәлиев ресми де­ректерге сәйкес 2030 жылға қарай жү­йеде электр энергиясы тапшылығы шамамен 6% бо­латынын айтты. Сонымен қатар ең алдымен, көмір генерациясынан зардап шегетін Өскемен, Теміртау қалалары үшін экология мәселесі өзекті болып тұр. Ал ең бастысы Қазақстан – ядро­лық отын шығаратын аз елдердің бірі. Сон­дықтан да алғашқы АЭС-імізді сал­ған жағдайда ешкімге қол жаймаймыз. Осы­лайша, қоғамдық талқылау бары­сында жинал­ғандар өз пікірлерін еркін айтып, рефе­рендумда өз таңдауларын жасай­тынын ашық білдіріп тарқасты. 

Көмірден көп арзан әрі таза

Жария талқылау барысында сөз сөйлегендердің бірі – Мәжіліс депутаты Никита Шаталов болды. Ол көмір электр стансаларына, атап айтқанда Қа­рағанды облысына жасаған сапары туралы айтып берді. Оның сөзінше, қала Топар ГРЭС-і­нен шығарылған күлге толы. Көмірдің күлі 60 жылдан бері жи­налған, салдарынан «күл төбелер» пайда болған. Бұл ретте Мәжіліс депутаты мы­надай бір мысал келтірді. АҚШ-тағы атом энер­­гетикасы осы аталған уақыт кезеңін­де супермаркет көлеміндей ғана атом қал­дықтарын шығарған екен.

«Меніңше, радиоактивті қалдықтар туралы айтқан кезде бір нәрсені ұмыт­пауымыз керек. Өйткені күлдің де зияны бар, жел соққан кезде ол Топар қаласына қарай ұшады, пәтерлерге кіріп, тыныс жолы арқылы өкпеге түседі. Бұл онко­логиялық аурулар тудырады, еліміз мұн­дай жағдайға бұрын да тап болған», – деді спикер.

Сондай-ақ Никита Шаталов еліміздің экономиканы декарбонизациялау бағытына сәйкес болашақта көмір мен басқа да ластаушы генерацияны пай­далана отырып өндірілген әрбір өнім үшін тікелей ақшалай санкциялар енгі­зілетінін еске салды.

«Көмір шығаратын өңір Қарағанды облысының тумасы ретінде айтарым, мен көмірмен дем алғанымызды қаламаймын. Америкалық атом өнеркәсібі 60 жыл ішінде шығарған супермаркет көлеміндей ғана қалдықты біздің тұрғын үйлеріміздегі пеш 5-7 жыл ішінде шығарады», – деп атап өтті Никита Шаталов.

Нұрлан ҚОСАЙ