Бүгінде Әулиеата өңірінде әкім тағайындау бас ауруға айналғандай. Олай дейтініміз – облыс әкімі орынбасарының орны жылдап босап, аудан әкімі қызметіне де лайықты азаматтар табылмай тұр. Әупірімдеп, бір орынға бір азаматты отырғызсаң, тағы бір жақта орын босап қалады. Әсіресе, мұндай жағдай Мойынқұм ауданында жиілеп, сананы сан саққа жүгіртіп отыр.
Мойынқұм мұңы: ауданды аяққа кім тұрғызады?
2,277
оқылды

Жалпы, Жамбыл облысының кар­тасында жалпағынан жатқан Мойынқұм ауданы өндірісімен танылған өлке. Сондай-ақ елді ме­кен екі дүркін Социалистік Ең­бек Ері Жазылбек Қуаныш­баев, Халық қаһарманы Қайрат Рыс­құлбеков сынды нар тұлғалы азаматтарды тудырған мекен. Ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын осынау Ұлы дала төсі табиғат тумаларына да бай. Алайда кейінгі кездері Жаз-ата ауылынан құт қашып, елден ха­лықтың үдере көшуі белең алу­да. Оған себеп, жұмыссыздық пен ауданның болашағының бұлың­ғыр­лығы.

Бір кездері ауданда Ақбақай кен байыту комбинаты табыстың тай­қазанын қайнатып отырған еді. Алайда кейін компания қы­тайлықтардың қарамағына өтіп, бүгінде жұрт жалдамалы жұ­мыс­шының рөлін сомдап қалды. Сон­­­­­дай-ақ бұрын халық то­пы­рақ­тан алтын қоспасын те­ріп кү­нелтсе, бүгінде бұған да жол жоқ. Ақбақайдың алтынына жа­қындасаң, абақтыға айдаласың. Сон­дықтан азын-аулақ айлығы шай­лығына жетпеген жұрт Шу ауда­нын бетке алып, өзге елді ме­кендерге қоныс аударуда. 

Мойынқұм ауданында Мыңа­рал цемент зауыты да бар. Алайда он­да да екінің біріне кәсіп­орын­ның есігі ашық емес. Өндіріс ор­ны салықты Алматы облысына төлейтіндіктен, «қазаншы қайдан құлақ шығарса да» өз еркі болып тұр. Сол себепті халық Мыңаралға ба­рып, мол табысқа кенелемін деп дәметпейтін болған.

Аталған елді мекенде Мыңа­рал балық зауыты жұмыс істеуде. Алайда бір Балқаш көлімен күнін әрең көріп отырған кәсіпорында көп жұмыс орны табыла бермейді. Өні­мі де анау айтқандай сұраныс­қа ие емес. Әйтеуір, алақандай ауыл тұрғындары өндіріс ор­ны­мен өңешін жалғап отырғанына шү­кір дейді. 

Бір жылдары Мойынқұм ау­да­нында «Хантау» цемент зауыты іске қосылған. Алайда аталған ком­панияға да қытайлықтар тө­ре­лік етіп, соңы жұмысшылар ере­уіл­­ге шығып, түбінде кәсіпо­рын жа­былып тынды. Қазір це­мент зауы­тының құр қаңқасы алыстан мен­мұндалап тұр. 

Мойынқұм ауданы жер бе­тін­дегі байлықтан да кенде емес. Ен да­ласында елік, бөкен, қара­құй­рық, құлан кезіп, Жамбыл мен Хантауында арқар мен таутекесі толып жүр. Сарқырап аққан өзен­дері балықтан тасып, үйрек-қаздан көл беті көрінбейді. Қыр­ғауылы мен жабайы қабаны да талайды тамсандырады. Тіпті, кеңестік кезеңде тау бүркіті мен ит­телгісін суретке түсіру үшін алыс-жақын шет мемлекеттерден ту­ристер лек-легімен ағылған. Бү­гінде осынау байлықты көрудің өзі мұң. Себебі «Андасай» қоры­ғын қазір алматылық «Охотзооп­ром» мекемесі алып қойған. Осы мекеменің рұқсатынсыз Жамбыл же­рінде тұрған қорыққа әулиеа­талық қорықшылардың өзі кіруге құқылы емес.

– Өңіріміздегі жалғыз қо­рық­ты Алматы облысына өткізіп жі­беру деген ол – өзіміздің табиғи бай­лығымызға жасалған қиянат деп есептеймін. Мен «Андасай» қо­рығында 1997 жылдан бастап ұзақ жылдар бойы басшылық қыз­метте жұмыс істедім. Серік Үм­бе­тов облыс әкімі болып тұр­ған тұста да Мойынқұмдағы қау­мал­ды алматылық «Охотзоопром» ме­кемесінің қарауына беру ту­ралы Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі Орман шаруашылығы жә­не жануарлар дүниесі коми­те­тінің тарапынан ұсыныстар бол­мады емес, болды. Алайда облыс бас­шысы бізбен ақылдаса келе ол Жам­был облысындағы респуб­ли­калық мәні бар жалғыз зооло­гия­лық қаумал болғандықтан, ке­ле­шекті ойлап жол бермеген еді. Бір жылдары қиын-қыстау кезеңде жа­лақысыз да жұмыс істеген кез­дер болды. Ал қазіргідей тоқ­шы­лық заманда өз байлығымызды өз­ге облыстың еншісіне өткізіп жі­беру өте ұятты іс, – дейді өмір жо­лын «Андасай» қорығындағы аң-құсты қорғауға арнаған таби­ғат жанашыры Жапар Тілеужан­ұлы.

Иә, осылайша жер біздікі бол­­ғанымен, байлығының қызы­ғын өзгелер көруде. Өндіріс оша­ғы Жамбыл облысында орналасса да, салықты өзге өңірге төлейтін кәсіпорындардың тірлігі тү­сі­нік­сіз. Сонда бұларға «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожаның бол­ма­ғаны ма? Әлде мұнда да баз­біреулердің құлқын ойлаған пай­да­сы болып тұр ма? 

Мойынқұм ауданында бір қой­дан екі төл алған Еңбек Ері Жа­­­зылбек Қуанышбаевтың дәуі­рі­нен кейін мал шаруашылығы да тұралаған. Соңғы онжылдықтың бе­дерінде «Түрікпен Агрофир­ма­сы» ЖШС әкелген 300 бас қалмақ сиыры болмаса, басқа бірде-бір се­ріктестік мал өсірмейді. «Түрік­пен Агрофирмасының» мүйізді ірі қараларының өзі тауда ор­на­лас­қандықтан, бүгін-ертең Шу өңі­ріне қосылып кету алдында тұр. Егер олар да тоғыз жолдың то­­­­ра­бында орналасқан елді ме­кенді тиім­ді көретін болса, онда Мойын­құм ауданында мал ша­руа­­шы­лығының иісі де қал­май­ды де­ген сөз. 

Жаз-ата ауылында егін де өспейді. Шөлге шырша қадап өсі­ремін деген шаруаның бар­лы­ғы да шығынға батып, қолын бір сіл­теген. Ауданды Мәден Мұсаев бас­қарып тұрған тұста тары шаруа­шылығы қолға алына бас­та­ған еді. Алайда Мұсаев қыз­мет­тен кеткеннен кейін бұл тірлік те аяқсыз қалды. 

Байқап тұрсаңыздар, ауданға сырттан қоныс аударатындар бы­лай тұрсын, жергілікті тұрғындар тұрақтайтындай дүние қалмаған. Соңғы санақ бойынша ауданда 28 663 адам тұрып жатқаны туралы дерек тіркелген. Алайда мойын­құм­дықтар бүгінде елді мекен хал­қының саны жиырма мыңға да жетпейтінін айтады. 

Әрине, ауыл шаруашылығы тұ­ралап, жұмыссыздық белең алып, шағын және орта кәсіп­кер­ліктің кежегесі кейін тартып тұр­са, халық ауданда қалай күнелт­сін? Содан болар, бүгінде «Мойын­құм ауданы Шу өңіріне қосылады» де­ген әңгіме жиі айтыла бастады. Тіп­ті, «биыл Мойынқұм аудан­дық ауруханасы Шу аудандық ау­руханасына бірігуге жүгін буынып-түйініп дайын отыр» деген ақпарат та ел ішін кезіп жүр. Одан кейін өзге де мекемелер Шу ауданына орталықтандырыла­тын көрінеді. Бұл сөздің қанша­лық­ты рас, әлде жалған екені бел­­­­гісіз. Алайда Жамбыл облы­сы­ның әкімі Ербол Қарашөкеев­тің екі айдан бері Мойынқұм ау­данына әкім тағайындамай отыр­ғанын көріп ойға қаласың. Осыған дейін ауданды басқарған Әлихан Балқыбеков өз еркімен жұмыстан босатылғаннан кейін елді мекеннің тізгінін ұстауға бір азамат табылмады дегенге сену қиын. Екі ай ауданды егесіз қал­дыру экономикалық һәм әлеу­мет­тік тұрғыдан да тиімсіз. Оны об­лыс әкімі Ербол Шырақпайұлы біл­мей отыр дей алмайсың.

Негізі, Мойынқұм ауданын осы таңға дейін оннан аса әкім бас­қарған екен. Алдыңғыларын айтпағанда, кейінгілердің дені ауданды 2-3 жылдан басқарып, былғары орындықтарын босатты. Алайда барлығының айтатыны халқы мен бюджеті аз ауданды бас­қару оларға оңайға соқпаған. Қиын сәтте қол ұшын созып, де­меп жіберетін кәсіпкерлер де жоқ. Жобаға жан бітірейін десең, демеушілер табылмайды. Содан жоғары жақтың ұрысы мен сы­нынан шаршаған әкімдердің ба­сым бөлігі өз еркімен жұмыстан кет­кен. Ал бірқатарына ауыл ақса­қалдары тыным бермей, тіпті ас беріп отырып жанжал шыға­рып үстінен арыз да жазған. Сол се­бепті ауданға әкім болып бар­ғанға шенділердің көбі жүрек­сінетіндей. 

Енді Мойынқұм ауданына әкім тағайындала ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Егер Мо­йын­құм ауданының тараты­латыны қауесет болып, жаңа әкім жуық арада та­ғайындалатын болса, онда елді мекенге жүрегінің түгі бар азамат ке­рек-ау. Әйтпесе, бір жылдан кейін оны да шығарып салып, бас­­қа әкім іздеп, тағы бас қатыра­мыз.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы