Әй, бала! Менімен ойнама!

Сол сарқынды әдетпен Сіргебай дамулланы көрген жамағат жапырылып етегіне құлай кетті.

 О, қасиетті иман!

– Жарықтық Сіргебай дамулла! Қолыңызды сүйейінші!

– Адамзаттың асылы!

– Қақ жолында жүрген құтқарушымыз!

– Жаным жолыңызда құрбан!

Аспаннан Әзіретті Иса пайғамбардың өзі екі аяғы салбырап түскендей жиналғандар өз көздеріне өздері сенбей, ауыздарын ашып, аңқиды да қалды. Бас иманның көмекшілері  қалың нөпірдің арасын Иса пайғамбардың қылышындай қақ бөліп, ұлы ұстазға жол ашты. Сіргебай сүрінбей секіріп өтіп, мешіттің ішіне кіріп кетті. Артынша күңіренген дауыс естілді. Мешіт сыртындағылар тұрған жерлеріне жата кетті. Бәрінің шапаны топыраққа  малынды. Бірақ есірік сезімнің  жетегіне ерген намазхандар мұны елеген де жоқ. Елейтін ахуалдары да болмады. Өйткені меңдуана жеген адамдай бәрі де теңселіп тұр еді.

Сүт пісірім уақыттан соң мешіт есігі ашылды. Қалың нөпір Меккедегі Қағбаға ұмтылғандай тұра жүгірісті. Біреулері шалынып құлап, көптің табандары астында таппалды. Бірақ оларға қарап жатқан пенде атауды жоқ еді.

 Жамағат жиналып, сап түзеп, тәубеге келіп аңырап алдарына қарағанда ішкі бөлмеденбас имам шығып, мінберге өтті.

 – Әй, күнәһар пенделер! Барлығың да тозақтың отына күйесіңдер. Имандылық, адамгершілік жолға түспегендеріңнің барар жерлерің сол Тозақ! Ондағы оттың ыстығы күннің ыстығынан да жоғары. Ал шыдап көріңдер сосын, – деп Сіргебай алдындағы күнәһарларға күдіктене қарады.

Әркімнің бір көптен жасыратын, тіпті қойнындағы қатынына да айта алмайтын құпия сыры болады. Біреулердің желігіп жүріп жасаған «жыры» болады. Бұл жалғанда кінәсіз кім бар дейсің?  Әркімнің бір ұрлығы бар. Сол кінәсі еске түскен күнәһар пенделер жым-жырт болып, жерге кіріп кетуге тесік таппай тыпыршып тұрды. 

Сіргебай сілтеді. Тоқтамады. Әйтеуір, біреулерді боқтамады. Бірақ  Алла алдына адал болып бару үшін таза жүру керектігін шегелеп айтты. Бұл үшін ақ жуылып, жаназасы шығарылуы тиіс. Кейбір мұсылмандар арақ ішіп адасып жүр. Біреулері қыз-қырқынға таласып жүр. Енді біреулері Жаратқанға серік қосып, жауырынмен өтірік бал ашып жүр. Осындай адасулардан аулақ болайық, ағайын.

– Сөз-ақ!

– Бұдан артық қалай айтады енді?

– Түсінген адамға бұдан артық насихат бола ма?

– Біздің имам Құдайына қараған иманжүзді адам ғой. Бұл кісіден үлгі алу керек!

– Алла жолы үшін туған жан деңіз.

– Рас! Рас!

 Жұрт жапатармағай алға ұмтылып, Сіргебайдың қолын сүйіп жатты. Енді біреулер жата қалып, мәсісін сүйді. Біреулер шапанына жармасты. Сіргебаймен бірге сүйретіліп жүрсе, Жаратқанның өзіне тура жол ашылатындай соңынан ілескендер салпақтап ұзақ жүрді. Жамағаттың алды тарқай бастағанда біреулер мешіт ішінде Жаратқанға жалбарынып, Сіргебай имамға ұзақ ғұмыр бер деп бет сипап отырды.

Кешке дейін бөлмесінде адам қабылдап, біреулерге үшкіріп, енді біреуге түшкіріп, ем-дом жасаған және алдарынан даңғыл жол ашып берген бас имам ымырт үйіріле шапаны мен сәлдесін мешітте қалдырып, сүйріктей сұлу шетелдік көлігіне отырып, белгісіз жаққа шұғыл аттанды. Соңындағы серіктері көздері суланып қала берді.

 Сіргебай сол жүйткігенннен жүйткіп отырып, түнгі клубтан бірақ шықты. Оны ақ торғындай келіншек есік алдында күтіп алды. Екеуі сүйісіп амандасты. Қолтықтасқан күйі клубтың төрінен бір-ақ шықты. Енді көңіл көтеретін көрікті орын болған соң ойнады, күлді. Бірін-бірі тереңдей білді. Өзі харам деп атайтын «зәмзәм суынан» да бас тартқан жоқ. Көрікті келіншек қоңыраудай сыңғырлап күлді. Көйлегінің жеңін түрді. Ыстық дем ерін күйдірді.

 Олардың ендігі бағыты бес жұлдызды қонақүй болатын. Білдей  бас имам бола тұра жай қонақүйге түсу өлім болар еді. Иә, өлім ғой, өлім!

Бірақ «Қырсыққанда қымыран іриді» демекші, қырсыққанда алдарынан полиция қызметкерлері шыға келер ме?

– Көке! Аузыңыздан арам бір иіс шығатын сияқты, – деді полицей.

– Сен не деп оттап тұрсың? Бас имамның ауызынан харам иіс шығатын ба еді? Жаңа ғана қымыз ішіп шыққам. Иіс айыра алмайтын өңшең найсап! Жолымнан былай тұрыңдар! Мен өзі ауызы дуалы киелі адаммын. Қарғысыма ұшырап қалмаңдар! – деп ақырды Сіргебай.

– Көке! Біз қарғыс-марғыс дегенді білмейміз. Біздің білетініміз –тәртіп сақтау. Сондықтан бөлімге жүресіз. Арғысын көре жатарсыз.

– Әй, бала! Менімен ойнама!

– Ойнап тұрған жоқпыз, ағасы. Ойлап тұрмыз.

Тиісті мекемеде бас имамның арақ ішіп алғаны анықталды. Қасындағы қиғашқастың алаяқтық жасап, жасырынып жүргені белгілі болды. Саунадағы көп бикештердің тізімінен де табылды.

 – Әй, бала! Менімен ойнама! Осы істегендеріңді алдарыңа келтірермін. Тұра тұр, бәлем!

Имам айқайға басты. Бөлімдегілер «Мынау имам ба әлде Иван ба?» деп бір-бірлеріне таңырқай қарасты. Соңғы түйінді  бас полицей айтты.

– Несіне таңырқайсыңдар? Бұрынғылардың «Молданың айтқандарың істе, істегенін істеме» дегенін естен шығарып алдыңдар ма? Сендер де көпшілікке ақыл айтып, жөн-жоба көрсететін тәртіп сақшысыңдар. Мына кісідей ұятқа қалып жүрмеңдер!

Полицейлер ойланып қалды. Бас имам күбірлеп дұға оқып отырды... 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ