БҚО-да су тасқынының салдарын жою жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Сондай алдыңғы қатарлы аудандардың бірі – Сырым ауданы. Атақты батыр, қолбасшы, шешен Сырым Датұлының туған жерінде кеше ғана бір мезетте 100 отбасы үйлі болып, шашу шашылып, ақ дастарқан жайылып, халық мәре-сәре болды. Бұл қуанышты күні ауданға БҚО әкімі Нариман Төреғалиев пен «Қазақстан халқына қорының» төрағасы Болат Жәмішев барды. Аудан тұрғындарының қуанышына ортақтасқан тұлғалар елге қоныс құтты болсын айтты.
Қоныстойын тойлады
593
оқылды

Биылғы жылдың 27 наурызы батыстағы ағайынның есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Қаннен қаперсіз үйлерінде жатқан ағайын­ды бір кеште су алып кеткені бар. Су­­­дың қаупі бары бірнеше мәрте айтылса да, дәл солай бір түнде елді су алып кететінін ешкім болжамады-ау сол кезде. Су мен өрттен келетін апат айтып келмейді деген сол шығар. Дәл сол көктемгі су тасқынында Сырым ауданы бойынша 265 үйге су кіріп, халық эвакуациялық пункттерді жағалап кетті. Одан кейін шамасы келгендер пәтер жалдап бөлек кеткен. Сондай отбасылардың бірі – Рауан Хасанғалиевтің жанұясы. Қарт ата-анасы, бала шағасымен төрт ай пәтер жалдап тұрған. «Балаларым өте кішкентай, ауырғаны-сырқағаны бар оңайға соқпады» дейді жас отбасының отағасы Рауан мырза. 

– Басында есеңгіреп қалдық. Далада қалдық, болдық енді қайда барамыз деп есіміз шықты. Балаларым өте кішкентай, әйелім бала күтіміне байланысты демалыста. Ата-анам мен балаларыммен басында бір ай эвакуациялық пунктте тұрдық. Шынымды айтсам, жаңа үй бер­е­­­­­ді деп ойламадық. Үй бітіп, қоныстой­ын тойлайтын күнге жеттік. Отбасымыз­бен қатты қуандық. Құдайға шүкір, үлкен әулетпіз. Енді осы жаңа баспанада бала-шағамызбен қартаюды жазсын, –дей­ді жаңа үйге қол жеткізіп жатқан Рауан. 

Бір мезетте Сырым ауданында 100 отбасыға пәтер кілті табысталды. Осыдан тура 1 ай бұрын 14 отбасы үйлі болған еді. Сырым ауданында 38 үй жаңа орыннан салынып отыр. Бұл ауданның суға кетпейді деген биік нүктесінен салынған үйлер. Қаз-қатар тізілген заманауи, әдемі қызыл кірпіштен салынған үйлер көздің жауын алады. Бұл жер өзі бөлек қалашық іспеттес болып қалған. Аудан тұрғындары бұл жаңа шағынауданды «Қазақстан халқына қорының» құрметіне «Қазақстан халқына» шағынауданы деп атаған. Себебі бұл аудандағы 114 үйдің барлығына да «Қазақстан халқына» қоры демеушілік көрсеткен. 

– Барлық қиындық артта қалып, жаңа қонысқа көшіп жатырсыздар. Қоныстарыңыз құтты болсын! Биыл БҚО бойын­ша су тасқынынан зардап шеккендерге арнап облыс бойынша 775 үй салынып жатыр. Оның ішінде 374-і Орал қаласынан, қал­ған 401 үй 5 ауданнан салынып жатыр. Қиын-қыстау сәтте өңірімізге қолдау білдірген «Қазақстан қалқына қорының» төрағасы Болат Жәмішев мырза ортамызда тұр. Жалпы, бұл қор соңғы екі жылда облысқа 11 млрд теңге қаражат бөлді, –  деп атап өтті Нариман Төреғалиев. 

Ал сырымдықтармен кездескен Болат Жәмішев елдің қуанышына құтты болсын айтып, ақ тілегін жаудырды. 

– Бұл күн – бәріміз үшін қуанышты күн! Дәл осы тарихи күні сіздердің орталарыңыздан табылғаныма қуаныштымын. Біздің қордың мақсаты да осы. Елдің игі­лігіне қызмет ету. Біз осы мақсат жол­ынд­а еңбек етіп келеміз. Мұндай қуаныш Қазақстанның әр өңірінде бола­ды, – деді Қазақстан халқына қорының төрағасы Болат Жәмішев.

Мұндай қоныстой Батыс Қазақстанның басқа аудандарында да жалғасып жатыр. Мәселен, Бәйтерек, Теректі аудандарының халқы да дәл осылай жаңа қонысқа орналасуда. Ал Орал қаласының өзінде 1 400-ден астам отбасы үйлі болып үлгерді. Қаладан үй алып жатқандар – қа­ла маңындағы саяжайлардың тұрғындары. Биылғы су тасқынында Орал қаласының маңындағы 15 мыңға жуық сая­жай учаскесі суға кеткен болатын. Су тасқынынан зардап шеккен 10 мыңнан астам адам көмек сұрап өтініш білдірген. Комиссия тұрғындардың өтінішін қарауды, үйлерге техникалық тексеріс жүргізуді әлі жалғастырып жатыр. «Тірі адам тірлігін жасайды» деп судан аман қалған ағайын бас амандығына шүкірлік айтып отыр. «Биыл судан зардап шеккен халықтың бірі де назардан тыс қалмасын» деген Президент тапсырмасына сәйкес облыста қажетті жұмыстар атқарылып келеді.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы