Елімізде 2,4 млн тонна астық бастырылып, 1,1 млн тоннасы жиналған. Дақылдардың 76%-ы жақсы, ал 22%-ы қанағаттанарлық деңгейде болып тұр. Толассыз жауған жаңбыр егін жинау қарқынын едәуір бөгеп жатыр. Осыған байланысты Үкіметте жедел штаб құрылып, өңірлерді астық кептіру агрегаттарымен және оларға арналған отынмен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.
Сарғаймаған астықта сапа бола ма?
1,019
оқылды

Үкіметте вице-премьер Серік Жұман­ғариннің төрағалығымен күзгі дала жұмыстары мәселелері жөніндегі жедел штабтың алғашқы отырысы өтті. Жиын­да үздіксіз егін жинау науқанына кедергі келтіретін мәселелерді дереу шешу керек екені сөз болды. Әйтпегенде астық сабақ басында тұрып-ақ жарамсыз күйге түсе­тін түрі бар. Осыны қаперіне алған вице-премьер жаппай егін жинау нау­қыны әкімдіктердің, қаржы инсти­туттарының, мемлекеттік органдардың, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «ҚТЖ» ҰК» АҚ жұмысын үйлестіру Үкіметтің бақылауымен жүзеге асырылатынын жеткізді. Демек, жиын-терін жұмыстары түгел бір орталықтан бақыланып, жүйеленеді деген сөз. 

Жақында Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі мен «Азық-түлік корпо­ра­­­циясы» АҚ өкілдері жергілікті жерлерде егін жинау жұмыстарын жедел басқару үшін өңірлерге барып жағдаймен жақ­сылап танысып қайтқан. Ал 23 тамызда вице-премьер Серік Жұманғариннің өзі еліміздің негізгі астық егетін өңірлерінің бірі – Ақмола облысына барып, мән-жайды өз көзімен көріп келді. Осыдан ке­йін жағдайға бел шеше араласуы ке­ре­гін ұққан вице-премьер бірталай шаруа­­­ның шешімін жеделдетіп жатқан кө­­рінеді

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, бүгінде негізгі астық егетін өңірлерде тәулігіне жалпы қуаты 820,6 мың тонна болатын 1301 астық кептіру агрегаты бар. Осы кептіру агрегаттарының жұмысы үшін 61 мың тонна арзандатылған дизель оты­нына өтінімдер келіп түскен. Бірақ кей­бір облыстарда кептіргіштер сұйы­тылған газбен жұмыс істейтіні белгілі. Сондық­тан бұл қондырғыларға арзандатылған ба­ғада газ қажет екенін баяндады. Өз ке­­зегінде Премьер-Министрдің орын­басары С.Жұманғарин АШМ мен ЭМ-ге кептіру агрегаттары үшін қажетті сұйы­тылған газ көлемін есептеп, фермерлерді арзан­датылған отынға кезекте тұрғандар тізіміне қосуды тапсырды. Сондай-ақ әкімдіктерге фермерлердің мобильді кеп­тіру агрегаттарына деген қажеттілігін есептеу, ал қаржы институттарына атал­ған құрылғыларды сатып алуды субси­диялау мүмкіндігін пысықтау тап­­сы­рылды.

«Енді осыдан былай жаңадан жина­лып жатқан астық түрлерін ішкі нарыққа және экспортқа үздіксіз жеткізуді ұйым­дастыру үшін жылжымалы құрамды же­дел үйлестіру қажеттігі туындайды. Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы, Көлік министрліктері, Азық-түлік корпора­циясы, ҚТЖ және әкімдіктер апта са­йын, ал жаппай егін жинау кезеңінде – күн сайын селекторлық кеңестер өткізіп, нәтижелерін үнемі ашық түрде баяндап отыруы қажет, – деді С.Жұманғарин же­дел штаб жиынында.

Ал орталық коммуникациялар қыз­метінді болған брифингте Ауыл шаруа­­­­шылығы министрлігі ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін өңдеумен айна­лысатын кәсіпорындарға жеңілдікпен несие беру­­­­дің жаңа бағдарламасын іске қосуға дайындалу үстінде екендігі айтылды. Бұл мақсатта қазынадан қосымша 30 млрд теңге бөлу жоспарланып отырған көрі­неді. 

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің мәлімдеуінше, Үкімет 2028 жылға дейін ауыл шаруа­шылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамы­ту­дың кешенді жоспарын қабылдағанын еске салды. «Жақын арада отандық ши­кі­­­затты сатып алу үшін ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіп­орындарына жылдық 5% жеңілдікпен несиелендірудің жаңа бағдарламасы іске қосылады. Бүгінде осы мақсаттарға ал­ғаш­қы 30 млрд теңге бөлу мәселесі пы­сықталуда», – деді Ербол Тасжүреков. Демек, бұл мемлекеттің астық пен дәнді дақылдарды сақтау мен экспорттау ісіне едәуір қолайлылық туғызары сөзсіз. 

Өнген бидай өнім болмас

Башқұртстанда шаруалар шілде айының соңынан бастап егістікке шыға алмай қалды. Салдарынан диқандар күздік бидайды да толық жинап үлгер­меген. Енді, міне жаздық астықты жинау уақыты келгенімен жаңбыр тағы да кедергі келтіріп отыр. Қазір астық сапа­сы төмендеп, шаруалар шаш етектен шығынға бата бастаған. 

Бидай орылмай тұрып-ақ жауын-шашын кесірінен әбден суланған. Мұның салдарынан астық сабақ басында қайта өніп кетуі әбден мүмкін. Баш­­құртстандық диқандар осындай келең­­сіздікке душар болуда. Қазақстандық фермерлер де биыл бұл жағдайды бастан кешуіміз әбден мүмкін деп дабыл қаға бастады. Егер бидай мұндай келеңсіз жағдайға ұшыраса, жем-шөп қана болады. Кейде бұған да жарамай қалуы ықтимал. Фермер егінді 5% ылғал­ды­лыққа дейін кептіріп, өну мен көгеру про­цестерін тоқтатса астық сапасыз бол­са да әупірімдеп жүріп іске жаратуға болар еді. Әдетте, ылғалды бойына көп тартқан астық дәніне ми­котоксиндер жиналып, қарайып кү­йіп кетеді. Бұл жағдайда дақыл, тіпті жемге де жарамай қалады. Әрине, осын­дай келеңсіздікті болдырмас үшін терең өңдеу ісі өз септігін тигізері анық. Жоға­рыда өңдеуге деп қосымша 30 млрд теңге бөлу жоспарланып отырғанын айттық. Одан бөлек, Астанада, Қостанайда және солтүстікте жаңа технолоргиямен жаб­дықталған астықты терең өңдеуге ар­налған кешендер салынуда. Бірақ бұл кешендердің дені келесі жылы болмаса осы жылы астықты қоймаға кіргізе алмасы анық. Үкімет осыны ескеріп қо­сымша қаражат қарастыруда. 

Сонымен қатар биыл сапасыз астық көрші елден де лап қоюы әбден мүмкін деген жорамал да жоқ емес. Егер жылда­ғыдай көршілерден арзан астық тасыған делдалдарға тиым болмаса, өзіміздің фермерлер тұралап, банкрот болуы да мүмкін. Мемлекет меңзеп, Үкімет ескер­ген бұл жағдайға байланысты биыл шек­теу түрі қатаңдатылып отыр. Смайылов Үкіметінің ресейлік өндірушілердің экс­портына еркіндік беріп қоюы кесі­рінен, 2023 жылы РФ-тан жеткен бидай им­порты 2,6 миллион тоннаға жетіпті. Оны сатып алу үшін Қазақстан 355 миллион доллар төлеген. Сөйтіп, көршіден арба­ланған астықтың көлемі 2022 жылғы деңгейге қарағанда бірден 44%-ға артып шыға келді. «Енді мұндай алыпса­­тар­лыққа жол берілмейтінін кесіп айтты» Үкімет. 

Бұл тыйым 2024 жылғы 31 жел­тоқ­санға дейінгі мерзімге енгізілген екен. Құжат 15 тамызда қабылданғаны туралы айтқан Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, бұған дейін министрдің 11 сәуірдегі №125 бұйрығына сәйкес 2024 жылғы 11 сәуір­ден бастап Қазақстан аумағына автомобиль, су және теміржол көлігімен бидай әкелуге 6 ай мерзімге тыйым салынғанын еске сал­ды. «Статистика деректері бойынша 2024 жылғы тек 5 айда ғана Ресейден 1,1 миллион тонна бидай импортталған. Шектеуге қарамастан, 2023 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 10%-ға артты. Ресейлік бидайды сатып алуға жұм­­са­латын қаржы да күрт өсті. Былтырғы 5 айда 1 миллион тоннасын сатып алуға 169,6 миллион доллар аударылса, биыл 1,1 миллион тоннаны 190,5 миллион долларға сатып алды. Шетелден әке­­лін­ген астықтың бүкіл импорты, яғни 1,1 мил­лион тоннасы тек РФ-дан жүзеге асы­рылады», – деді вице-министр.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов бекітілген берік қағида әрбір әкім мен әрбір министр үшін ұсынымдық емес, қатаң түрде міндетті сипатта болатынын ерекше ескертіп отыр. Осылайша, ел Үкіметі табанының бүрі барын танытып, ел мүддесін қорғауда берік тұруға бе­кі­нуде. Тосыннан райынан қайтып, мә­селенің басқа ұшығы шыға келмесіне кім кепіл? Мұны енді уақыт көрсетеді. 

Бұған дейін ұн тартушы кәсіп­орын­дарға және құс фабрикаларына өңдеу және өзі тұтыну үшін ресейлік арзан би­дайды тасуға рұқсат етіп келген Үкімет жақсылықтың бір жамандығы боларын сезбей қалса керек. Сөйтіп, әлгі сенімге өткен екі сала солтүстік көршінің асты­ғын әрі қарай Орталық Азияға жасырын реэкспорттағаны, ішкі нарыққа да қар­қынды өткізіп жатқаны әшкере болып қалды. Демек, Үкімет енді олқы­лыққа жол бермесі анық. Бұл шектеуге отандық аграршылар қуанып отырған көрінеді. Себебі өз тауарлары қандай жағдайда болмасын кәдеге жарайтынына сенімді. Тек сонда ғана ішкі нарыққа сырттан жасалып жатқан қысым жойылады. Қазақстан түгіл, алпауыт Америка мен ұжымдық Еуропаның сұрапыл санкция­ларын анадайдан айналып өтуге машық­танып алған ресейлік пысықтар биылғы сәуірдегі шектеуден кейін өз бидайын қазақстандық нарыққа әкелудің айласын тауып алған екен. Сөйтіп, олар жүк кө­ліктерімен әкелген астықты бидай кү­йін­де өткізбей дәнді жарып, бөлшек­теп әкеліп отырған. «Мұны «дробленка» деп атайды. Бұл енді бидай ретінде са­налмайды, басқа өнім номенкла­тура­сына жатады. Осы «жарма» елімізде тағы тартылып, ұнтақ ұнға айнал­дырылған», – дейді Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының ауыл шаруашылығы мәсе­лелері жөніндегі салалық кеңесінің тө­рағасы Александр Бородин.

Көктемде енгізілген шектеу ресей­ліктерді біраз сансыратқанымен олар сапасыз өнімді өткізудің жолын тауып алған. Ал ендігі енгізілген шектеу мұндай олқылықтарға қатаң қарап отыр. Егер биыл күзде көрші Ресей астық өткізудің астыртын жолын тағы тапса, онда ол жақтан келетін арпа-бидайдың сапасы біздегіден де төмен болуы мүмкін. Себебі астықты терең өңдеп отыруға уақыты жоқ көршілер сол күйі жіберуді көздейді. Ал мұның соңы бітпес дау мен орыны толмас шығын болары анық.

Бердібек ҚАБАЙ