Қазақстандық ғалымдар мен инженерлер металлургиялық зауыттарға арналған инновациялық трансформаторларды таныстырды.
Қазақстандық өндірушілер металлургиялық зауыттарға арналған инновациялық трансформаторлар жасап шығарды
Фото: liter.kz
1,167
оқылды

Жабдық кәсіпорындардағы апаттардың алдын алады. Қазақстандық ғалымдар мен инженерлер металлургиялық зауыттарға арналған инновациялық трансформаторларды таныстырды, – деп хабарлайды Liter.kz .

Астанада «Ғылым қоры» АҚ қолдауымен қазақстандық «Азия Трафо» трансформатор зауыты, «ЭНЕРГИЯ» ҚАЗОЭЖҒЗЖІИ АҚ,  Trenco R&D  ЖШС ұйымдастырған электротехника саласындағы инновациялық жобаларды коммерцияландыру бойынша конференция өтті.

Шарада ғалымдар мен өндірушілер апаттардың алдын алуға және энергетикалық нысандардың қауіпсіздігін арттыруға көмектесетін заманауи ғылыми әзірлемелермен таныстырды. Олар, сондай-ақ энергетикалық жүйелердің тиімділігі мен сенімділігін айтарлықтай арттыра алатын жаңа технологияларды көрсетті. Оның ішінде еліміздің металлургиялық зауыттарына арналған инновациялық электр пештерінің конвертерлерін жасауды ерекше атап өткен жөн.

Мұндай трансформаторлар ТМД-дағы ең ірі Шымкенттегі «Азия Траффо» зауытында шығарылады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 120 трансформаторды құрайды. Зауыт тек ел ішінде ғана емес, Ресей, Грузия, Украина, Өзбекстан, Әзербайжан, Армения елдеріне де жабдық жеткізеді.

«Азия Трафо» ЖШС басқарма төрағасы Дәуірбек Әтеевтің айтуынша, электр пештерінің түрлендіргіштері төтенше жағдайларда, соның ішінде электр жүктемесінің кенеттен көтерілуі мен қысқа тұйықталу кезінде жұмыс істеуге арналған. Оны іске асыру металлургиялық зауыттардың жұмыс тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ металлургиялық пештерге қажетті энергияны бақылау мен түрлендіруді жақсартуға көмектеседі.

«Қазақстанда ескі техника тозып барады, жоспарлы жаңғырту қажет. Нормативтік құжаттама стандартына сәйкес, трансформаторлардың орташа қызмет ету мерзімі 25 жылды құрайды. Содан кейін трансформатор жұмыс істейді, бірақ оның кенеттен істен шығуы тек уақыт мәселесі. Сондай-ақ жабдық істен шыққан жағдайда жүйенің аймақты жартылай өшіру қаупі бар және мәселені жедел шешу ұзаққа созылады.

Трансформаторларды құрастыру сапасыз болғандықтан, зауыттар шетелден сатып алады, ал ол жөндеуге жарамсыз болып келеді. Осы жерде мынадай сұрақ туындайды: Неліктен қос шығын жасау керек? Сондықтан Қазақстанда нарықты трансформаторлармен толық қамтамасыз ете алатын дайын отандық өндіруші қажет», – деді басқарма төрағасы.

Бұл қондырғылардың басты артықшылығы – оның жұмыс істеу қабілеті жоғары, бұзылу қаупі және жабдықтың тоқтап қалу ықтималдығы төмен. Бұл Қазақстан үшін өте маңызды, өйткені елімізде мұндай құрылғылардың жеке өндірісі жоқ, ал зауыттар оны шетелден сатып алуға немесе ескі үлгілерді жөндеуге мәжбүр.  

 «ЭНЕРГИЯ» ҚАЗОЭЖҒЗЖІИ АҚ ғылыми-зерттеу бөлімінің жоба жетекшісі Нұрбол Арынов жел турбиналарына арналған жаңа электр генераторының әзірленуімен таныстырды, ол тіпті баяу желде де іске қосылады және механикалық бөлшектер магнитті беріліс жүйесінің арқасында айналу жылдамдығын арттыра алады.

Сондай-ақ желдің бағытын, температураны және бұзылулардың алдын алу үшін басқа параметрлерді бақылайтын басқару жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар  ол қолайсыз ауа райы жағдайында да тұрақты түрде электр энергиясын өндіреді, мұны елдің жел энергетикасы секторындағы тамаша шешім деуге болады.

Осындай генераторлардың бірі шағын үйлерді немесе кәсіпорындарды жылына 16 МВт/сағ таза энергиямен қамтамасыз ете алады деп күтілуде, бұл оны жаңартылатын энергияның перспективалы шешіміне айналдырады.

Келесі кезекте «Азия Трафо» ЖШС ғылыми жобасының жетекшісі Әділбек Тәжібаев қосалқы стансалардағы жабдықтардың жұмысын автоматты түрде басқаратын жаңа жүйенің әзірленуімен таныстырды.

Компания инженерлері мен қазақстандық ғалымдардың бірлескен жаңа әзірлемесі негізгі жабдықтардың жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді, бұл апатты болдырмауға және жөндеуді уақытылы жүргізуге көмектеседі. Температура, діріл және басқа параметрлер туралы мәліметтерді жинайтын жабдыққа арнайы сенсорлар орнатылған. Бұл деректер серверге тасымалданады, онда ол заманауи технологияларды, соның ішінде машиналық оқытуды қолдану арқылы талданады. Жүйе бірдеңе дұрыс болмаса, инженерлерге хабарлайды және ақаулықтарды жою бойынша ұсыныстар береді.

Болашақта жүйені қосалқы стансалардағы барлық процестерді басқаруды жеңілдететін басқару бағдарламаларына қосу жоспарлануда. Кез келген зауыт жүйеге оңай қосылып, оның мүмкіндіктерін пайдалана алатындай бұлтты платформа да әзірленуде.

Айта кету керек, ұсынылған жобалардың барлығына «Ғылым қоры» АҚ және Alageum Electric компаниялар тобының жеке қаражаты арқылы қолдау көрсетіледі.

2019-2023 жылдар аралығында Alageum Electric ғылыми-зерттеу жұмыстарына 2,4 миллиард теңгеден астам инвестиция салды. Ғалымдар 100-ден астам конструкторлық әзірлемелерді әзірледі, олар қазірдің өзінде қазақстандық зауыттарда өндірісте қолданылуда.

Аударған Мұратхан Шынтаев