Несие несібе болмайды
Несие несібе болмайды
447
оқылды
Қазақстандықтар орта есеппен 307 мың теңгеден несие рәсімдейді. Қарыздың жартысынан көбі Алматы, Нұр-Сұлтан және үш облыстың тұрғындарына тиесілі. Бұл деректі Бірінші кредиттік бюро жариялады. Сондай-ақ несиені алғаш рет алып тұрғандардың саны да жыл сайын жаңарып тұрады. Мәселен, 2019 жылы 580 мыңдай адам бірінші рет несие рәсімдеп, банктерден 176 млрд теңгеден артық қаражат алған. Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, тұтыну несиесі орта есеппен 207 мың теңгеден бас­талса, ипотекалық қарыз кө­ле­­мі 9 млн теңгеден, автонесие  3,67 млн теңгеден басталады. Бұл тұрғыда барлық несиенің жарты­сынан көбі (52%) Алматы мен Нұр-Сұлтанның және Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындарына рәсімделген. Осылайша был­тыр­ғы жылдың қорытындысы бо­йын­ша, Қазақстанның жалпы несиелік портфелі 25 трлн теңгені құраған. 2018 жылғы көрсеткіштен 7%-ға немесе 1,8 трлн теңгеге артық.
Ал Ұлттық банктің таяудағы мәліметінде, 2020 жылдың 1 қаң­тардағы жағдайы бойынша қар­жы институттары ел азаматтарына тұ­­­ты­нушылық мақсат үшін 4,3 трлн теңге бергені айтылды. Оның ішінде 408,2 млрд теңгесі мерзімі өтіп кеткен (90 күннен астам), яғни кешіктірілген қа­рызға жатады.
Иә, 4,3 трлн теңге өте мол ақ­ша және ол тұтынушылық мақ­сатқа берілген. Яғни, бизнеске са­луға, баспана алуға, автокөлік мі­нуге емес – тұтынуға. Яғни, күн­­делікті тұрмыстық қажеттілік үшін алынған. Сарапшылардың есебінше, Қа­зақстанда азық-түлік сатып алуға деген шығын көлемі үш жыл қатарынан өсіп келеді. Мәселен, 2006-2007 жылдары азық-түлікке жұмсалған шығын 41,7% мөлше­рінде болса, 2017 жылы – 50,3%, 2018 жылы 52,2%-ға артқан. Егер осы сандарды ЕАЭО-тағы елдермен салыстырар бол­сақ, соңғы бес жылда ішіп-жемге жұмсайтын қаржы Арменияда (46,2%-тен 39,5%-ке), Беларусьте (37,7%-тен 36,3%-ке), Қырғыз Республикасында (54,6%-тен 48,2%-ке) қысқарып отырған. Рас, тапқан-таянғаныңды та­маққа жұмсау жақсылықтың нышаны емес. Айлықтың үлкен бөлігіне азық сатып алу қалтаңның мүмкіндігін емес, елдегі қымбат­шылық деңгейінің көрсеткішін білдіретіні белгілі. Мәселен, да­мыған елдерде халықтың ай са­йынғы кірісінің 15-20% азық-түлік сатып алуға кетеді екен. Ал Қазақстан тұрғындарының 11,3% ғана кірісінің 25% азық-түлікке жұмсаса, жартысынан көбі табы­сының 50-60%-ын кетіреді. Демек, елдегі инфляция мен айлық табыстың арасы тым алшақ екені осыдан-ақ көрініп отыр. О баста, қарыз алуды адамзатқа кім үйреткенін кім білсін?! Деген­мен біздің елге кредит алу, несие рәсімдеу түсінігі нарықпен кіргені анық. Алдымен мемлекет эконо­миканы көтеру үшін шетелдік несиені тартты. Кейіннен екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйым­дары сырттан әкелген қар­жыны азаматтарға несие ретінде үлестіре бастады.
Алайда несиеге байланып өмір сүрудің соңы тығырыққа тірей­тінін талай байқадық. Былтыр тұрғындардың қарызы басынан асып, төлем қабілеті төмендеген соң мемлекет қазынаның қар­жы­сынан қайтарып берген. 2019 жы­лы 507 мың адамның 105 млрд теңге берешегі бюджет есебінен төленді. Сондай-ақ бірқатар заңға өзгерістер мен толықтырулар ен­гізілді. Ол бойынша енді банктер мен микроқаржы ұйымдары аза­маттардың кредит бойынша қа­рызы 90 күннен асып кетсе комис­сия есептемейді. Бұрын уақы­тын­да төленбесе әр күн сайын өсімпұл 0,5%-ға өсіп отыратын. Онсыз да несиесін төлей алмай отырған жанға бұл «жығылғанға жұды­рық­тай» тиетін еді. Енді оған тоқтам жасалды.
Десе де, мемлекет жыл сайын халықтың несие қарызын жауып беріп отырмасы анық. Оның үс­тіне несие несібені көбейтпесіне де көз жеткендей. Ел тұр­ғындарын жаппай несие алудан құтқарудың келесі жолы – жала­қыны көтеру. Мемлекет басшы­сының тапсыр­масына орай, Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ең төменгі жалақы мөлшерін көте­рудің түрлі жолын іздестіріп жа­тыр. Ол үшін ең төменгі күнкөріс шегі қайта қаралмақ.   Бауыржан БАЗАР