Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақ­стан халқына Жолдауын жария ет­ті.
Біздің даму жолымыз – айқын
525
оқылды

«Әділетті Қазақстан: заң мен тәр­тіп, экономикалық өсім, қоғамдық оп­тимизм» деп аталатын биылғы Жол­дауында Президент ел өмірінің өзек­ті тұстарына тоқталды. Соның ішін­де қаржы, инвестиция, өнеркәсіп, инф­рақұрылым, құқық, кадр, медици­на, экология, мемлекеттік басқару са­­­лалары және тағы басқалары бар.

Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды

Өз сөзін Парламенттің өткен мау­сым­дағы жемісті жұмысына жоғары ба­ға беруден бастаған Президент екін­ші сессияда 102 заң қабылданғанын атап өтті. Оның ішінде қоғамдық ба­қылау, адам саудасына қарсы күрес, ғы­лым және технология, жылу энер­ге­тикасы туралы және тағы да басқа заңдар бар. Сондай-ақ әлеуметтік са­лаға, әсіресе балаларды қорғау ісі­не айрықша көңіл бөлінгенін атап өту­ге болады. Мәселен, Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды. Балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатын болды. Кәмелетке толмаған ба­лаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза қатаңдайды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қыл­мыстың алдын алуға арналған заң қабылданды. Бұлар осыған дейін ат­қа­рылған орасан зор шаруаның бір парасы ғана.

«Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соң­ғы 5 жылда ауқымды реформалар жа­салды. Еліміздің саяси жүйесі түбегей­лі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бет­бұрыс болып жатыр. Халықтың құ­қықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық бол­мысымыз, менталитетіміз және мә­дени кодымыз өзгере бастады. Бір сөз­бен айтсақ, Әділетті Қазақстан құ­ры­лып жатыр. Мұның бәрі, ең алды­мен, ха­лықтың қалауымен жасалуда. Сон­дықтан біз алған бетімізден қайт­пай­мыз, бағытымыздан таймаймыз. Бү­гін біз алға қойған жоспарымызды пы­сықтап, мақсаттарымызды айқындай­мыз», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Экономикалық көрсет­кіш­тердің оң динамикасын атап өткен Пре­зидент бұған дейін жасалған қо­лай­лы жағдайды тиімді пайдаланып, жаңа инвестиция­лық кезеңді бастап кетуге шақырды. Үкімет пен әкімдерге экономиканың құрылымын өзгертуге тапсырма берді. Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсетініне назар аудартты. Сон­да ғана біз еліміздің әлеуетін кү­шей­те аламыз. Осы ретте Президент тоғыз бағытты атап көрсетті.

Банктер экономикаға қаржы құюы керек

Соның ең біріншісі – ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою. Қазір нақты секторға несие әлі де болса ойдағыдай берілмейді. Шағын және орта бизнес жеткілікті түрде қаржыландырылмайды. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйек­ті дамуына кедергі келтіріп отыр. Сол себепті Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп оңтайлы шешімдер ойластырып, нақты шаралар қабылдауға тиіс. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет. 

«Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным. Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды. Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек», – деді Президент. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай отырғанын ашық айтты. Бұл – бұрынғы және қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық. Мұндай жағдай жиі қайталанса, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан оған жол бермеу қажет. Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн.

Салық саясаты – даму саясаты болуға тиіс

Президент бұл Жолдауында еліміздің қаржы қауымдастығы арасында үлкен резонанс тудырып отырған салық саясатына арнайы тоқталды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға қалдырды. Үкімет пен Парламентке оның жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырды. Өйткені бұл құжат қазіргі жүйені қайта жаңғыртып, салықтық әкімшілендіру ісінде сенімге негізделген мүлде жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс. Кодекстің жалпыға түсінікті болғаны өте маңызды. Салық режимдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін ескере отырып, оңтайландырған жөн. Мәселен, бөлшек салықтың енгізілуі – салық төлеушілердің құлшынысын оятты. Осы нормаға сенім артқан кәсіпкерлер қызметін ашық жүргізе бастады, кәсіптерін бөлшектеуді азайтты. Алайда бұл режим негізінен халықпен тікелей жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қатысты болуға тиіс. Тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылса, экономиканы дамыту, салық түсімдерін арттыру және халықты жұмыспен қамту шаралары тезірек нәтиже береді.

«Жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай дифференциациялау қажеттігі туындап отыр. Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни, борышкердің банктегі есепшоты толық бұғатталмайды. Берешек сомасы тым көп болған жағдайда кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн. Жоспарға сай тексеру тәсілінен біржола бас тартуға тырысу керек. Ол үшін қатерлердің алдын алу жүйесін жетілдіру қажет. Салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру өзекті мәселеге айналды. Кәсіпкерлер өздері пайдаланатын салық жеңілдіктері бойынша есеп беруге тиіс. Бизнесті дамытуға нақты септігі тиетін жеңілдіктерді ғана қалдырған абзал», – деді Президент.

Оның айтуынша, фискалды реформа табысты болсын десек, салықтық әкімшілендіру ісін жаппай цифрландыру керек. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сын-қатерлерді барынша азайтып, салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз ету үшін оны тезірек электронды форматқа көшірген абзал. Бүкіл салық саясатын жиі өзгеріп жатқан фис­калды ахуалға бейімдеу керек, соның ішінде салық мөлшерлемесін де қайта қараған жөн.

Мемлекет басшысы атап өткен екінші мәселе – инвестициялық ахуалды қолайлы ете түсу. Дүниежүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша жүзеге асуға тиіс. Сол үшін де Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілген. Десе де, Президент кейбір әкімдер мен министрлерді инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғаны үшін сынға алды. Үкіметке бұл шаруаны ретке келтіруге, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын сапалы әзірлеуге халықаралық қаржы ұйымдары қатысатын  ауқымды жобалардың тізімін жасауға тапсырма берді. 

«Мемлекеттің экономикадағы тікелей үлесі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Мұндай ахуал нарықтағы теңдік шарттарын бұзады, жеке бастамаларға тосқауыл болады. Елімізде мемлекеттік кәсіпорындарды басқару саясаты әлі де тиімсіз екенін мойындаған жөн. Олардың мақсат-міндетін, қызмет аясын, қаржыландыру тәсілдерін және жұмысының басқа да тұстарын тиісті заңдармен реттеу қажет. Сонымен бірге холдингтер мен Үкіметтің арасындағы қаржы мәселелеріне қатысты ұстаным тұрақты әрі жүйелі болуға тиіс. Мен 2022 жылғы Жолдауымда бәрін басынан бастап реттеуді тапсырған едім. Реформаның бірінші кезеңінің өзінде орынсыз әрі қажетсіз 10 мыңнан астам талаптың күші жойылды. Оның бәрі кезінде кәсіпкерлерге кедергі келтірген еді.

Бас прокуратура ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсете бастады. Инвесторларға «жасыл дәліз» қағидасы бойынша жеңілдіктер берілді. Экономикалық қылмыстардың біразы қылмыс деп танылмайтын болды. Алайда кәсіпкерлерден мемлекеттік органдардың шектен тыс қадағалап, бақылайтыны туралы шағымдар әлі де түсіп жатыр. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, ин­вес­тиция­лық ахуалға әсерін тигізетін жағымсыз үрдістерді жоюы керек.

Былтыр бизнес өкілдерімен өткен кездесуде бұл мәселе бойынша мен нақты ұстанымды айттым. Біз кәсіп иелерімен өзара келісімге келдік, яғни «капиталды заңдастыру» үшін міндетті түрде Қазақстан экономикасына қаржы салу қажет болады. Ең бастысы, салынған қаржы ел игілігіне жарауы керек. Бұл талапты нормативтік тұрғыдан бекітіп алу қажет. Тиісті реестрге енгізілген кәсіпкерлермен келісім жасаған кезде мемлекетке қайтарылатын активтерді «заңсыз» деп танымау туралы норманы бекітуге болады. Бұл – шын мәнінде, ірі кәсіп иелерінің мүддесіне сай келетін маңызды қадам. Кәсіпкерлер де қаржыны республикалық бюджетке аудару мәселесіне келгенде Үкіметпен және Бас прокуратурамен тығыз байланыста жұмыс істеуге тиіс. Бұл – әр теңге үшін саудаласпай, қажетті шараның бәрін өз еркімен жасау керек деген сөз. Олар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады», – деді Мемлекет басшысы.

Сөз барысында Президент назар аударта кеткен бір жайт: агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу туралы болды. Десе де, бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуына қатысты кемшіліктерді сынға алған ол мұндағы қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қойып, кінәлілерді жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берді. Мәселен, шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Сондықтан да субсидиядан несиелеу тәсіліне көшкен жөн.

«Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды. Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Осындай жоба «AMANAT» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылды. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек. Жалпы, отандық бизнеске және шетел инвесторларына жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органның міндеті. Ал олардың, яғни бизнестің және инвесторлардың заңды қызметіне кедергі жасау аса ауыр құқықбұзушылық деп саналуға тиіс. Демек, ондай әрекетке жол бергендер тиісті жазасын алады. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Ал кәсіпкерлер мен инвесторлар өз жұмысын адал жүргізіп, заңды сақтап, салық төлеуден жалтармауы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты көзі десек, мұнда да Мемлекет басшысының сынына ұшыраған жайттар аз емес. Соның бір мысалы: көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ. Үкімет пен Бас прокуратура оларға қатысты мәселені мықтап қолға алуға тиіс. Азаматтар, әсіресе, ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы керек. Оларды осыған ынталандыру – мемлекеттің басты міндетінің бірі.

Өнеркәсіп – экономиканың қозғаушы күші

Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауының үшінші тармағында өнеркәсіп жағдайына тоқталды. Бұл бағытта Үкімет 17 ірі жобаның тізімін жасаған екен. Онда терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген, яғни өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды. Осы ретте жуыр­да Қарағанды облысындағы Qarmet металлургия комбинатына барған Мемлекет басшысы отандық инвестор келгелі алып өнеркәсіп нысанындағы ахуалдың едәуір тұрақталғанына оң баға беріп отыр. Сол сияқты Саран қаласының экономикасын әртараптандыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар бұл елді мекенді моноқалалар санатынан шығаруға мүмкіндік берді. Естеріңізде болса, онда автокөлік доңғалағын және тұрмыстық техника шығаратын өндірістер іске қосылған болатын. Басқа моноқалаларға да дем беру үшін осы тәжірибені қолдану қажет. Сондай-ақ биыл Президенттің арнайы Жарлығымен Алатау қаласы құрылғанын білесіздер. Бұл қала қарқынды дамитын, инновация кеңінен қолданылатын әрі білікті мамандар жұмыс істейтін орынға айналуы қажет. Үкімет онда жайлы өмір сүріп, табысты еңбек етуге, инвестиция салуға қолайлы жағдай жасауға тиіс. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы өнеркәсіп саласының қозғаушы күші – мұнай-химия саласына да назар аудартты.

«Мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту – маңызды міндет. Біз полипропилен және полиэтилен шығаратын ірі өндірістік жобаларды жүзеге асыра бастадық. Бутадиен, карбамид, терефтал қышқылын өндіруге арналған басқа да болашағы зор жобалар қолға алынып жатыр. «Орталық Азия – Орталық» магистралды газ құбырының елімізге тиесілі 800 шақырымнан астам бөлігін жаңғырту жұмысы өте қысқа мерзімде аяқталды. Газ тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру қажет. Тұрғындарды және экономиканы газбен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Былтыр бірқатар газ кеніші игеріле бастады. Сондай-ақ жылына жалпы көлемі бір миллиард текше метр газ өндіретін жаңа кен орындарын игеру жоспарланып отыр. Әзірге бұл жобалар толық іске қосылған жоқ. Сондықтан газды ішкі нарыққа тиімді бөлу қажет. Жылу электр орталықтарын және қарапайым тұтынушыларды көмір орнына газ жағуға көшіру жұмысын байыппен жүзеге асырған жөн. Үкіметке Жаңаөзендегі, Қашағандағы және Қарашығанақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын тездетуді тапсырамын. Бұл – басты міндет. Осы саланы табысты дамыту үшін инвестицияның қайтарымын қамтамасыз ететін пәрменді ынталандыру шараларын қысқа мерзімде қабылдау, соның ішінде ақылға сыйымды тарифтер мен көтерме бағаларды белгілеу керек. Газ кеніштеріне геологиялық барлау жасау үшін жаңа инвестиция тарту тұрғысынан алғанда бұл шаралар өте маңызды. Әйтпесе, экономиканы қажетті көлемде газбен қамтамасыз ету мүмкін емес», – деді Мемлекет басшысы.

АЭС референдумы 6 қазанда өтеді

Президенттің биылғы Жолдауында ең көп назар аударған мәселенің бірі – төртінші тармақтағы инфрақұрылым жайы болды. Мұндағы жұмыстар, ең алдымен, энергетика және коммуналдық шаруашылық саласында жүргізілуге тиіс екенін баса тапсырған ол Үкіметке қаржы институттары арқылы ұзақ мерзімге арналған қолжетімді несие беру жолдарын ойластыру міндетін жүктеді. Мемлекеттің ұзақ уақытқа арналған нақты тариф саясаты, яғни тиісті жоспары болуы керек. Бұл – осы салаға «ұзақ мерзімге инвестиция тартудың» негізгі шарты. Алайда тұтынушыларға арналған тарифтің орынсыз өсуіне жол беруге болмайды. Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту керек. Ол жобаның ішінде АЭС салу мәселесі де қарастырылатын болады.

«Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айт­сақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын. Атом электр стансасын салу мәселесіне қатыс­ты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтің тағы бір айқын көрінісі болмақ», – деді Президент.

Инфрақұрылым мәселесін кеңінен тарқатып айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев мұндағы қай саланы да назардан тыс қалдырған жоқ. Өз сөзінде ол көлік-логистика секторын, «Электронды үкімет» платформасын, әуе хабтарын, ирригация жүйелері дамыту жайына тоқталды. Соның ішінде Қазақстанның цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсу үшін «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу қажет. Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технология­ларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Ол Парламент депутаттарын да осы жұмысқа атсалысуға шақырды. Осы мақсатта келесі жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосу керек. Бұл орталық оқушылар, студенттер, ғалымдар және кәсіпкерлер үшін әрдайым ашық болады. Сол сияқты цифрлық активтер мен майнингті заңмен реттеп, криптобиржаларды одан әрі дамыту ісін жалғастырған жөн. 2025 жылы Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы аяқталмақ. Еліміз үшін бұл жобаның маңызы зор. Сол арқылы мәліметтердің халықаралық арнасымен және трансшекаралық ағынымен байланысты цифрлық инфрақұрылым құра аламыз. Жалпы, телекоммуникация желілері мен дата-орталықтарын барынша жетілдіруге, кибер-қауіпсіздіктің әлемдік стандарттарын енгізуге және мамандарымыздың біліктілігін арттыруға қатысты жұмысты жалғастыру керек.

Адами капитал: сападан саулыққа дейін

«Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады», – деді Президент.

Ол биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінгенін, бірақ оның нәтижесі әлі көрінбей жатқанына назар аудартты. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырып отыр. Сол себепті бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Сондай-ақ Президент еліміздегі экологиялық ахуалға да тоқталды.

«Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашыр­лық деуге болады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет. «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті. Аймақ басшысы тек шаруашылықпен  айналыспайды. Әкім қоғамдық, рухани мәселелерді әрдайым назарда ұстауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ

Мемлекет басшысының баса назар аударған соңғы тоғызыншы бағыты – заң мен тәртіп туралы болды. Әсіресе, алаяқ­тық, вандализм, есірткі бизнесі, заңсыз көші-қон, әскердегі әлімжеттік, жол-көлік апаттары сияқты теріс құбылыстар қоғамды қатты алаңдатып тұр. Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында осы жайттарға арнайы тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстарды ерекше атап өтіп, тиісті органдарға тапсырмалар берді.

«Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте, «AMANAT» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал биыл одан да көп адам қатысады. Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді», – деді ол.

Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті деген Президент «Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс» деп мәлімдеді.

Сөз соңында Президент Қазақстан БҰҰ Жарғысын қатаң ұстана отырып, көпжақты ынтымақтастық орнатуға қашанда дайын екенін паш етіп келе жатқан мемлекет екенін атап өтті. Астанада Қазақстанның төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының саммиттері сияқты бірқатар маңызды халықаралық іс-шара өткен болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлы бізге қолдау көрсеткені үшін осы одақтастарымыз бен серіктестерімізге Қазақстан халқының атынан шынайы ризашылық білдірді. Сол сияқты талай сынақтан сүрінбей өткен халқымыздың берекелі ауызбірлігін атап өтіп, әділетті және дамыған Қазақстанды бірге құруға шақырды, ортақ мақсатқа жұмылған еліміздің табандылығының арқасында еліміздің гүлдене түсеріне сенім білдірді.

Дайындаған 

Нұрлан ҚОСАЙ