Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Парламенттің жаңа сессиясындағы палата бюросының алғашқы отырысын өткізді. Онда депутаттар Мемлекет басшысы Жолдауда белгілеп берген міндеттерден туындайтын Сенаттың жұмыс жоспарын талқылады және 5 қыркүйекте өтетін палата отырысының күн тәртібін бекітті.
Президент жүктеген тапсырмаларды іске асыру – басты міндет
413
оқылды

Мәулен Әшімбаев ел Прези­ден­ті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына қатысты тап­сырмаларына назар аударып, па­латаның алдағы жұмысының же­келеген бағыттарына тоқталып өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің үшінші сессиясының ашылуында Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, алдағы мақ­сат-міндеттерді белгілеп бер­ді. Сондай-ақ Жолдауда еліміздің сая­си және әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына қатысты мәселелер айқындалды. Сенат Мемлекет басшысы жүктеген барлық міндетті іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетеді. Бұл ретте қажетті заңдардың уақ­тылы әзірленуі мен қабылдануын қамтамасыз ету – басты мін­дет. Осыған орай Жолдауда көтерілген мәселелер мен тап­сыр­маларды ескере отырып, Се­нат­тың алдағы негізгі іс-шаралар жос­парын пысықтау қажет», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар палата Спикері стратегиялық бағыттар бойын­­ша қолға алынатын шара­лар топтамасына назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет бас­шысы атап өткен еліміздегі ин­вестициялық және бизнес-ахуалды жақсарту, агроөнеркә­сіптік ке­шенге инвестиция тарту, ақша-несие және фискалдық саясатты жаңғырту сияқты міндеттер туралы сөз болды.

Айта кетейік, алдағы бейсенбіде болатын палата отырысын­да сенаторлар «Қазақстан Рес­публи­касының Үкіметі мен Қыр­ғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы «Қарасу» және «Ақ-Тілек» ав­­­тожол өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешенді құру және оның қызметін реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды.