Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады.
Ерлан  Қошанов, Мәжіліс Төрағасы: Бүгінгі Жолдау – реформалардың заңды жалғасы
596
оқылды

Бұл еліміздің болашақ бағдарын қамтыған ауқымы кең, мазмұны терең Жолдау болды. Жалпы, әр Жолдау – алға деген қарқынды ұмтылыс. Президент лауазымына кіріскен күннен бастап Қасым-Жомарт Кемелұлы ауқымды стратегиялық реформаларды қолға алған болатын. Бүгінгі Жолдау – сол реформалардың заңды жалғасы. Осылайша, Мемлекет басшысының экономика, саясат пен идеология саласын қатар реформалауға бағытталған стратегиялық бағдары үздіксіз іске асуда.

Сондай-ақ бұл Жолдау қоғамды толғандырып отырған ең өзекті проблемаларға нақты жауап дер едім. Депутаттар күні кеше өңірлерден оралды. Біз халықтың сұранысын, талап-тілегі мен мұң-мұқтажын, елдегі жағдайды жақсы білеміз. Осы орайда Президенттің ұстанымдары мен бастамалары халықтың сұранысымен толық үндесіп тұр деп айта аламыз.

Мемлекет басшысы онда ел дамуы үшін маңызды 9 стратегиялық бағытты айқындап берді. Олардың қатарында ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту, өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, кадрлық әлеуетті арттыру,  ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алу, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, экологиялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру және қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру мәселелері бар. 

Президент бүгін Парламент депутаттары алдына да аталған стратегиялық бағыттарды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты міндет қойды. Шағын және орта бизнесті жеткілікті деңгейде қолдау, ауыл шаруашылығын қаржыландыру, банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау, салық саясатын қайта қарау мен бюджет тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған маңызды шаралар айтылды. Банктер туралы жаңа заң қабылдау жөнінде тапсырма беріп, елімізде мемлекеттік кәсіпорындарды басқару саясатын жетілдіруді заңмен реттеуді жүктеді. 

Сонымен қатар Президент Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану бойынша да алдымызға зор міндет қойды. Қаражат шетелдік қаржы институттарына емес, ел мүддесіне қызмет етуі керек. Осы қадамдардың барлығы экономиканың өсуіне зор серпін бермек. Президент айтқандай, әлеуметтік теңсіздікті азайтып, орта тапты күшейте түседі. Ал мықты орта тап – мықты мемлекетке айналудың кепілі. 

Мемлекет басшысы халықты толғандырып отырған ең маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше мән беріп отыр. Соның ішінде «Жайлы мектеп» жобасына жеке тоқталды. Президенттің осы серпінді жобасының толыққанды іске асуына депутаттар барынша атсалысатын болады.

Сондай-ақ Жолдауда бұқаралық спортты дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. Мемлекет басшысы осы саланы реттейтін заңнаманы жаңартуды тапсырды. Қазір Мәжілісте денешынықтыру туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бұқаралық спортты дамыту мәселесін осы заң аясында қарастырамыз.

Жалпы, қазір ел экономикасын білікті кадрлармен қамтамасыз ету күрделі болып тұр. Әсіресе, су саласы мамандары, құрылысшылар, энергетиктер, ветеринарлар тапшы. Болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін де кадрлар даярлау керек. Осы орайда Президент елдің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру бойынша үлкен міндеттер қойды. 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп дөп басып жариялады. Бұл – қарапайым жұмысшылар үшін үлкен мотивация. 

Қоғамда АЭС салу мәселесі осы кезге дейін жан-жақты талқыланып келе жатқан болатын. Мемлекет басшысы Жолдауда осы тағдыршешті мәселеге де арнайы тоқталып, 6 қазан күні АЭС салу бойынша жалпыұлттық референдум өткізу туралы мәлімдеді. Ал түпкілікті ше­шімді халықтың өзі қабылдайды. Бұл – Мемлекет басшысының берік ұстанымы. Осы шаралар – «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» тұжырымдамасының нақты нәтижесі. Елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. 

Қазір жаһандық геосаяси ахуал күрделі. Әлемде, Қазақстанда түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Осынау алмағайып кезеңде біздің мемлекетіміз дамудың жаңа бағдарын айқындап, сол жолмен сенімді қадам басып келеді. Ол – Президент айтқандай, Әділетті, Таза және Қауіп­сіз Қазақстан құру жолы. Біз осы алған бағытымыз­дан таймауымыз қажет. Заң мен тәртіп үстемдік құрып, бірлігі бекем біртұтас ұлтқа айналуымыз керек. Бұған Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауында көтерілген бастамалар мен қойылған міндеттердің орындалуы нақты мүмкіндік беретіне сенімдімін. Депутаттар бұл тапсырмаларды орындауға білек сыбана кіріседі.