Бірде-бір кірпіші бұзылмай, бәз-баяғы қалпында сақталған нысан Самарқан облысында орналасқан. Жергілікті зерттеушілердің айтуынша, онда XVI-XVII ғасырларда өмір сүрген қазақ қолбасшысы жерленген. Есімі – Тоқманбай.
Қазақ қолбасшысының кесенесі табылды
фото: 24.kz
13,846
оқылды

Ол сол заманда хан бұйрығымен Самарқан жеріне әскери көмекті бастап барып мезгілсіз өмірден озған. Бұл деректі көрші елдің мамандары айтып отыр.

Самарқан маңындағы бұл бейіт – жергілікті жұрт үшін қастерлі орындардың бірі. Мұнда ғасырлар бойы іргесі сөгілмей келе жатқан көне кесене бар. Оның сырына өзбекстандық зерттеушілер терең үңіле бастады. «Самарқанд қабірлері» кітабындағы мәлімет бойынша бұл жерде қазақтың рубасы Тоқманбай мәңгілік мекен тапқан. Ол XVI ғасырда хан бұйрығымен Шайбани мемлекетіне арнайы көмекпен келіп, атты әскер жасақтаған.

Кесене екі қабаттан тұрады. Астыңғы бөлігі шөгіп қалған. Құлпытасы да көрінбейді. Ал екінші қабаты байырғы қалпында. Күмбездегі кірпіштер еш үгітілмеген. Зерттеушілер зиратты өткен ғасырға дейін баба ұрпақтары күтіп-баптап келгенін айтады. Кейін біраз уақыт қараусыз қалып, маңайы жалпыға бірдей бейітке айналған. Ал осы күні жергілікті белсенділер нысанды жаңғыртуды ұсынып отыр. Әзірге мазар ішінде тұрғындардың көмегімен тазалық жұмыстары жүргізіліп тұрады.

«Таяуда біз Өзбекстан тарихы жайлы зерттеу жүргізгенімізде Убайдулла ханның Тоқманбайды арнайы шақыру себебін білдік. Ғалымдардың пайымы бойынша, Тоқманбай өз дәуірінің ауқатты адамы болған. Әрі үйір-үйір жылқысы бар, жарықтық жануарды жазбай танитын қабілетке ие екен. Сол себепті Шайбани мемлекетінің басшысы қазақ қолбасшысына атты әскер құру жөнінде өтініш білдіреді. Сөйтіп, Тоқманбай осы өлкеге келеді, – деді тарихшы Ділдора Хасанова.