Бүгінде жаңа заман талабына сай, технология­лық машықтарға ие, әлемдік білім беру көшіне ілесе алатын педагогтер әзірлеу – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе.
Кәсіби құзыретін жетілдіреді
684
оқылды

Ақпараттық-технологиялық өзгерістер, әсіресе мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мамандарының қызметіне деген жаңа көзқарасты талап етеді. Осы ретте Алматы қаласы Білім басқармасы аталған сала қызметкерлерінің дами түсуіне жүйелі түрде сүбелі үлес қосуда. Мәселен, Алматы қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен биыл балабақшалардың 440 педагогі біліктілікті арттыру курстарына қатысып жатыр. Ал 2 қыркүйек күні біліктілікті арттыру курсының екінші кезеңі басталды.

Бұған дейін үш апта бойы балабақша әдіскерлері мен тәрбиешілері біліктілігін арттырса, алдағы уақытта балабақша басшылары, психолог-педагогтер жетекші отандық және халықаралық тренерлерден білім алмақ. Екінші кезеңге арналған біліктілікті арттыру курстарының білім беру бағдарламасы ұйым басшыларының кәсіби-тұлғалық қасиеттерін дамытуға, менеджменттің заманауи әдістері мен тәсілдерін игеру арқылы инновацияларды табысты енгізуге, сонымен бірге мектепке дейінгі білім берудегі психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетудің заманауи құралдары мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу әдістемелері, озық тенденцияларымен танысады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат –  мектепке дейінгі ұйымдар басшылары мен педагог-психологтерінің кәсіби құзыреттіліктерін жетілдіру, сонымен қатар балабақша басшыларының стратегиялық басқару дағдысын дамыту, кәсіби және тәлімгерлік қызметті сапалы арттыруға   басымдық беру. Жоба аясында бес күндік халықаралық семинар ұйымдастырылып, онда Гонконг, Италия, Греция, Малайзия елдерінің сарапшылары өз тәжірибесімен бөліседі. Айта кететіні, курстар шеңберінде 20 әдіскер мен 20 балабақша басшысы іріктеліп, шетелде тағылымдамадан өтеді.

Еске салсақ, аталған жоба «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларын» жүзеге асырудың Жол картасы аясында қолға алынған. Бағдарламада білім беру жүйесінің тиімділігін арттыру шеңберінде біліктілігін арттыру жолымен мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің сапалық құрамын жақсарту көзделген болатын. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін былтырдан бері екі мыңнан астам балабақша мамандары білім алды. Ал 5 тамыз күні басталған бұл курстар арқылы тағы 440 педагогтің біліктілігі артып, балабақша жұмысының сапасы арта түспек.