Кезінде қалай болса солай салынған қосалқы құрылыстар және тағы басқа да нысандар бұзылып, босатылған алаңдарға дәл қазіргі кезде тұрғындарға аса қажет орындар тұрғызылады. Қаланың Бас жоспарына сәйкес, бүгінде осыған байланысты қалалықтар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кейбір күрделі мәселелердің күрмеуі рет-ретімен тарқатылуда.
Соның бірі – шағын қаланың әр жерінде орналасып, дәл бүгінгі күні облыс орталығы үшін аса қажетті болып отырған нысандардың құрылысына арналған жер телімдеріне қатысты мұқтаждықты шешуге кедергі болып отырған көбедей-көп гараж кооперативтеріне қатысты. Қазір осындай 7 кооперативтің орнын босату жұмыстары жүргізілуде. Осы нысандарда тұрған автотұрақтар түгел бұзылып, орындары тазартылып, қалаға қажетті ғимараттар салынады.
Бұзылатын нысандар қатарындағы «Оранжерея» гараж кооперативінің орнына тұрғын үйлер, «Толқын» кооперативінің орнына әкімшілік және халыққа қызмет көрсету нысандары, «Спутник» кооперативінің орнына тұрғын үй кешендері, «Связист» кооперативінің орнына көпқабатты нысандар, «Бытовик» кооперативінің орнына автотұрақтар тұрғызылса, «Стройтель», «Робот» гараж кооперативтерінің орындары жасыл аймаққа айналдырылады.
Дегенмен қала тұрғындары жылдар бойы тұрақты пайдаланып, әбден үйреніп қалған автотұрақтарын сақтап қалғысы келетіні айтпаса да түсінікті. Соған сай, олар әкімдікке өтінішпен шығып, гараждарды жекеменшікке өткізіп беруді сұраған. Сәулет және қала құрылысы бөлімінің мәлімдеуінше, дәл қазір гараж кооперативтеріндегі автотұрақтарды жекеменшікке шығару мүмкін емес. Өйткені бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының деректеріне сәйкес, аталған кооперативтер орналасқан жер телімдері қысқа мерзімге уақытша пайдалануға ғана берілген. Азаматтық кодекстің 209-бабындағы 4-тармаққа сәйкес, ортақ меншiк екi немесе бiрнеше адамның меншiгiне мүлiк түскен кезде пайда болады, оны өзiнiң мақсаты өзгертiлмейiнше бөлуге болмайды (бөлiнбейтiн заттар), өйткенi ол заңға сәйкес бөлiнуге жатпайды. Бөлiнетiн мүлiкке ортақ меншiк заң құжаттарында немесе шартта көзделген реттерде пайда болады.
Алайда тұрғындар өтінішіне құлақ түрген әкімдік қазір қаланың Бас жоспарына өзгерістер енгізіліп жатқанына байланысты оларға үлестік меншікке құжат әзірлеуге мүмкіндік беріп отыр. Ол үшін арнайы комиссия құрылады және жер телімдеріне түгендеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ аталған нысандар мемлекет мұқтаждығына алынған жағдайда немесе инвесторларға берілгенде кооперативтердегі үлескерлерге шығындары үшін өтемақы төленеді.
«Халық Бас жоспардың не үшін қабылданғанын түсінуі қажет. Қаланы көркейту, тұрғындарға барынша қолайлы етуді мақсат ететін Бас жоспардың орындалу мерзімі 2050 жылға дейін жоспарланған. Оның ішінде экономиканы дамыту, халықты жұмыспен қамту, автожолдар салу мен бұрынғыларын кеңейту, инженерлік желілерді тарту, абаттандыру, әлеуметтік, мәдени, әкімшілік нысандарды салу, тұрғын үйлерді тұрғызу секілді маңызды салалар қамтылған. Ерте ме, кеш пе, гараждар күреліп, орнына бас құжатқа сәйкес ғимараттар орналастырылады. Сондықтан тұрғындарды заң аясында жұмыс істеуге шақырамыз», – деді сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Руслан Ботамбаев.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы