БҚО-да қосымша құтқарушылар жасағы құрылып жатыр. Бұл жасақ Ақтөбе облысындағы 20982 әскери бөліміне қарайды.
Қосымша жасақтың көмегі көп
468
оқылды

Құтқарушылар жасағын Төтенше жағдайлар министрлігі тікелей өздері қадағалайды, өздері қаржыландырады. Бұлардың мақсаты – БҚО ТЖД-мен бірлесе отырып төтенше жағдайлардың алдын алу мен салдарын жою жұмыстарына араласу.

Батальонның негізгі міндеті – төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою. Батальонның заңнамаға сәйкес басқа да міндеттері бекітілген. Төтенше жағдай болған жағдайда батальондағы әскери қызметшілер апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды эвакуациялайды. Қазір батальонның жеке құрамы жинақталуда.

20982 әскери бөліміне қарасты құтқарушылар жасағының өкілдері БҚО-ға ақпан айында келген. Олардың мақсаты елде құтқарушылар жасағының қосымша резервін ашу болған. Бірақ бұл топ наурыз айында басталған топан судың әлегіне топ ете қалған. Құтқарушылар жасағын құрамыз деп келген команда басшылығының өзі Батыстағы ағайынды қызыл судан құтқару жұмыстарына кірісіп кеткен. Міне, осы кезде енді жасақтала бастаған екінші құтқару батальонының сарбаздары елмен бірдей су тасқынына қарсы күрескен. 

Бұдан бөлек, көктемде су тасқыны кезінде Ақтөбе, Атырау облыстарының бірнеше ауданына барып, суды сору, бө­геттер тұрғызу, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарына атсалысқан. Осылайша, әскери бөлім өңірлердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және төтенше жағдайлардың салдарын азайтуға зор үлес қосқан.

– Біз енді жасақтала бастағанда Батыста су тасқыны басталып кетті. Бұл, әрине, біз үшін күтпеген жайт болды. Дегенмен әр істің қайыры бар. Жаңадан құрылып жатқан команда болғандықтан, әлі біздің дайындығымыз әлсіз ғой. Ал осы топан сумен күресте біраз сарбазымыз шыңдалып, бекіп қалды. Ең бастысы, құтқарушы деген кім, оның мақсаты қандай дегенді біз практика жүзінде көрсеттік. Оқытып, дайындап жүретін де уақыт болмады. Бәрі жап-жас жігіттер. Келді де, қызыл суға қойып кет­ті. Құтқарушы деген сондай халық қой, елге, жерге қауіп төнгенде ойланып тұруға болмайды, –  дейді ТЖМ 20 982 әскери бөлімінің №2 құтқару батальоны командирінің орынбасары Шыңғыс Нұрсұлтанов. 

Кез келген адамды қосымша құтқару жасағы неге қажет болды деген сұрақ мазалары сөзсіз. Кешегі тасқын кезінде ауызбіршілік пен қатерге қарсы тұратын ұйымшылдықтың маңызына көзіміз жетті. Өміріне қауіп төнген жандарды құтқаруға, табан астында тәуекел етіп, шұғыл шешім қабылдайтын кәсіби мамандардың да көп болуы қажет екенін түсіндік.

Бұл құтқару жасағы негізінен дала өрттері мен орман өртінің алдын алу мақсатында жұмыс істейді. Қазір мекеме әлі жасақталып жатыр. Уақыттың көп бөлігі жас құтқарушыларды оқытуға, үйретуге жұмсалуда. 

Құтқару жасағы толығымен жасақталып болған соң өз міндеттерін орындауға кіріседі. Қазір мекеме жұмыс істегісі келетін әскери мамандарды қабылдау жүргізіп жатыр. 

– Біздің мақсатымыз – дала және орман өрттерінің алдын алу, бола қалған жағдайда шұғыл көмек беру, одан бөлек, жазда су жағалауларындағы қауіпсіздікті күшейту. БҚО – стратегиялық жағынан өте маңызды аймақ. Сондықтан да бұл аймақта құтқарушылардың қосымша резерві болуы керек. Біз күні кеше ғана Ақтөбе облысында да қосымша құтқарушылар резервін құрдық. БҚО айналасы толған орман, шүбі шүйгін. Бұл жақта орман, дала өрттері көп бо­­­ла­ды. Сондықтан біз осы маңайдағы өрт сөндіру мәселесіне көмектесеміз. Біз қаладағы үйлер мен ғимараттардағы өрттерді сөндіруге араласпаймыз. Ол үшін ТЖД өзінің қарауындағы өрт сөндіру бөлімдері бар. Біз тек далалық жерді өрттен қорғаймыз, – деп атап өтті  №2 құтқару батальоны командирінің орынбасары Шыңғыс Нұрсұлтанов. 

Биыл БҚО бойынша жалпы 434 өрт оқиғасы тіркелген. Мұның ішінде 12 дала өрті мен 3 орман өрті тіркеліп отыр.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы