Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
Болашаққа нық қадам: Шынайы әрі ашық жүйе қалыптастыру маңызды
677
оқылды

Әділетті Қазақстан құру жолында заң мен тәртіпті қамтамасыз ете отырып, экономикалық өсімге қадам басу арқылы халықтың болашаққа деген нық сенімін қалыптастырудың маңызы зор. Сондай-ақ Президенттің халыққа Жолдауының мәні мен мазмұнын талдап, саралап зерттей келе, жүзеге асыру, шындыққа айналдыру тетіктерін қарастырудың жөні бөлек. Осы орайда біз назарларыңызға қоғам қайраткерлері мен саясаттанушылардың, депутаттардың Жолдаудан түйген ойлары мен көзқарастарын ұсынып отырмыз.

Нұртөре ЖҮСІП,

Сенат депутаты:

Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткендер құрметке лайық

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, онда еліміздің қаржы-экономикалық, салық салаларына айтарлықтай оң өзгерістер болатынын айтты. Парламентке Салық кодексін келесі жылға пысықтауды, банк жүйесі туралы заңды реттеуді тапсырды. Жалпы, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысты біраз тапсырма жүктеді.

Жолдауда білім беру мәселелеріне кеңінен тоқталған Мемлекет басшысы кәсіптік-техникалық білім берудің аясын кеңейту өзектілігі туралы да нақты сөз етті. Елімізде орта тапты дамыту және еліміздің әлеуметтік ахуалын арттыру мақсатын жүзеге асыру үшін мұның бәрі  аса маңызды.

«Ұстаздар – ұлттық зияткерлік қуаты» деді. Кәсіптік-техникалық және жоғары оқу орындарында сала бойынша маман даярлау ісінің сапасы артатын болады. Мемлекет басшысы қажетті деңгейге қол жеткізгенше білім беру саласына реформалар жүргізіле беретінін айтты. 

Жолдауда еліміздің саяси және әлеу­меттік-экономикалық даму перспективаларына да тоқталды. Әсіресе, Үкіметке тұрғындарды және экономиканы қажетті көлемде газбен қамтамасыз етуді тапсырып, мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамытуды міндеттеді.

Сондай-ақ ол кәсіптік білім беру саласына реформа керегін айта келіп: «Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті һәм сыйлы болуы керек.

Қазақстан халқына арнаған осы Жолдауында Мемлекет басшысы биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып жатқанын және теміржол саласында реформа жасау үшін тариф жүйесі қайта қаралатынын айта келіп: «Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз. Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек. Сондай-ақ тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салуымыз қажет. Бұл ретте бірқатар кешенді мәселені шешкен жөн», – деді. 

Осындай өзекті мәселелердің бәрін кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажет!

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ,

Мәжіліс депутаты, 

«AMANAT» партиясы 

фракциясының жетекшісі :

Қазақстанға соңғы буынды технология негізіндегі АЭС керек

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда: «Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын» деді. 

Әлемде 30 мемлекетте 200-ден астам атом электр стансасы бар. Оларда 450-ден астам реактор бар. Ешбір мемлекет атом электр стансасынан бас тартқан жоқ. Көршіміз Қытай алдағы 10 жылда тағы 50 реактор саламыз деп отыр. Олар толығымен көмір энергетикасынан бас тартпақшы. Бұл заманның талабы, бір кішкентай таблетка немесе шағын құты арқылы жылдарға жететін энергия өндіру маңызды. Бұл – үлкен инвестиция, жаңа технология. Бұл біріншіден, елімізге үлкен инвестицияның келуін қамтамасыз етеді, екіншіден, тұрақты мемлекет қалыптастыру үшін кез келген мемлекет әлемдік танымал инвесторларды көп тартуды мақсат етеді. Ондай мемлекеттің тұрақтылығы мен болашағы сенімді саналады. Соғыс қаупі төмендейді. 

Атом электр стансасы тұрақты энергетиканы қамтамасыз етеді. Кез келген инвестор тұрақты электр энергиясына назар аударатыны түсінікті. Өйткені зауыттар тоқтаусыз жұмыс істеу керек. Яғни, белгіленген экспорттық шарттарды орындауға осы энергия тұрақтылығы тікелей байланысты. Біз әлемдік деңгейдегі зауаттарды тартатын болсақ, оларға тұрақты эгергияны ұсына алуымыз қажет. Партияда АЭС құрылысына қатысты тиісті талдау жасадық. Қазақстанға соңғы буынды технология негізіндегі станса керек. Оны Оңтүстік Корея, Ресей, Қытай және Франциядағы компаниялар жүзеге асыра алады. Біз АЭС салатын мемлекеттерді іріктеген кезде, стансаның жабдықтарының басым бөлігі сол елде өндірілуіне назар аударуымыз қажет. Бұдан бөлек, мемлекет алдағы уақытта бөлшектерді қамтамасыз етуде проблема болмауға тиіс. Сол себепті осындай маңызды жағдайға мән берген абзал. Сондай-ақ біз өзіміздің талабымызды қоя білуіміз керек.

Айдос САРЫМ,

Мәжіліс депутаты:

Әр Жолдаудан революциялық керемет шешім күтпеген дұрыс

– Жолдауда барлық салаға қатысты нақты қадамдар ескерілген. Мәселен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, зейнетақы сияқты қорларда үлкен қаражат айналымы жинақталғаны туралы Президент жақсы айтты. Әсіресе, медицина саласында бюджеттің триллиондаған және халықтың қалтасын қағып жинақталған миллиондаған қаржысы саладағы проблеманы шешпейді, халыққа қызмет жасамайды, оның қалай жұмыс істеп жатқаны да түсініксіз. Қазір медициналық сақтандыру – майшелпек. МӘСҚ-да қосымша арқылы қанша түскенін, оның қалай азайып, көбейгенін көре алмаймыз. Ай сайын ақша аударып жатырмыз. Бірақ сапалы медициналық қызметке уақытында жүгіне алмаймыз, ауру асқынғанда амалсыз ақылыға жүгіреміз. Мысалы, біздің медицина қорына жіберіп жатқан ақшамыздың саны жоқ. Ал зейнетақы қорынан үнемі қағаз келіп отырады. Ондағы ақшаның қалай қолданылып, жұмсалып жатқанын бақылай аламыз. Медицина қызметі қазір 42 құжаттық базадан 21 құжаттық базаға дейін азайды, бірте-бірте осының бәрін бір нүктеге алып келу керек. Оның артында лобби де бар. Қоғамдық бақылау арқылы мұның бәрін қалыпқа келтіру керек. Цифрландыру бойынша Орталық Азияда біршама алға оздық. Сондықтан саланы цифрландыру арқылы ұтымды жұмыс істеу жүйесіне тездетіп көшірген абзал. Парламентте бұл мәселені үнемі көтердік те, алдағы уақытта да көтеретін боламыз. Бұл мәселе қоғамдық және Парламенттік бақылауда болуы керек. Депутаттардың назарында болуы керек.

Парламент портфелінде бірқатар заң жобалары бар. Салық кодексін, құрылыс саласын, су мәселесін, өнеркәсіп салаларын, кәсіпорындарды басқару саясатын, қаржыландыру тәсілдерін тиісті заңдармен реттеу қажет.

Ал Жолдау аясында жаңа Салық кодексін қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы ұтымды шешім деп ойлаймын. Бұл –  еліміздің ең басты қаржылық-экономикалық құжаты және бәріміз де салық төлеуші болғандықтан, бұл әрбірімізге қатысты құжат. Сондықтан кодекс жобасы әлі де жан-жақты талқылануы, зерттелуі керек. Үкімет аталған құжат жобасын Парламентке жақында ғана енгізген болатын. Бұл құжатта маңызды баптар қамтылған. Әр саладағы тариф және басқа да төлемдерге қатысты бағыттар ескерілген. Егер асығыстық жасап қабылдап жіберсек, таяу арада тағы өзгеріс енгізуге мәжбүр боламыз. Сондықтан Президент Парламентте де, Үкіметте де тиісті пікір алмасу жасап, сарапшылармен және кәсіподақтармен кеңінен талқылау керек екенін тапсыр­ды. Осы сатылардан өтіп, қабылдау керек. Бұл құжат сапалы дайындалса, бюджеттің толығуы, табыстың келуі оңтайлы болады.

Қазір әлем елдерінің барлығы дерлік инвестицияға жүгініп, елге қаржы тарту мәселесіне таласа ұмтылып жатқаны шындық. Біздің елімізде инвестициялық жобаларға қатысты Үкімет және әкімдік деңгейінде бірқатар сұрақ бар. Мәселен, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ыңғайлы инфрақұрылымның болмауы секілді түрлі кедергіден кейін инвесторлар біздің елден бас тартатын жағдайлар жиі кездеседі. Мықты-мықты инвесторлар Қырғызстанға, Өзбекстанға кетіп қалады. Президент айтқандай, кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғаны жасырын емес. Сондықтан әсіресе жергілікті мекемелер, әкімдіктер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеуі, инвесторларды іздеуі және Халықаралық қаржы институттары қатысатын жобаларға баса назар аударуы керек. 

АЭС құрылысына қатысты айтар болсам, өзім екі сауалнаманың дерегін көрдім. Сауалнамаға қатысқан 55-56 пайыз азаматтар АЭС-ті қолдап отыр­ған сияқты. Бірақатар ерекшелік байқадық мысалы, кезінде жарығы өшіп қалған, жылуы тоқтап қалған қалаларда қолдаушылардың саны әлдеқайда көп, керісінше, Семей облысы секілді әскери полигон болған аймақтарда және қазақы аймақтарда наразылық әлі де бар. Мысалы, былтырғы Екібастұздың жағдайынан кейін солтүстік аймақтарда қолдаушылардың саны көп. Бұл, әрине заңды. Себебі атом сынағының зардабын көрдік, қазақ жерінде 500-ден астам сынақ жүргізілді. Соған байланысты үрей-қорқыныш болуы заңды. Бірақ онымен де күресе білу керек. Президент «Біз үнемі артқа қарайлай бермеуіміз керек, болашағымызды да ойлауымыз керек» деді. Сондықтан мәселені ушықтырмай, жылу электр стансаларының жабылуына жеткізбей, мәселені байыппен қоғам талқысынан өткізіп барып шешкен дұрыс. Референдумда қоғам қалай шешеді, солай болады деп ойлаймын. 

Жалпы, әр Жолдаудан революция­лық керемет шешім күтпеген дұрыс деп ойлаймын. 

Қоғамдық тыныштық, қоғамдық бірлік деген жіті бақылауда тұру керек. Ол адамның денсаулығы секілді, деніміз сау кезде ештеңе байқамаймыз, тыныштықтың бар кезде қадірі жоқ. Егер мәселе ушығып кететін болса, шектен шығып кететін болса, 364 күн сақтықпен қарап, 365 күні бақылаусыз қалса, ертең ұлтаралық қақтығыс та болуы мүмкін. Әлеуметтік дағдарыс та болуы мүмкін. Сондықтан Президент жыл сайын заң мен тәртіп деген әңгімені қайталауы да тегін емес. 

Унзила ШАПАҚ,

Мәжіліс депутаты:

Заң тәртібін сақтау маңызды

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында денсаулық сақтау саласына 2024 жылы бюджеттен бөлінген 3,3 триллион теңге қаржының нақты мақсаттарға жұмсалу керектігі туралы айтқан ойлары орынды деп ойлаймын. Мәселен, ел ішіне барғанда халық тарапынан МӘМС-ке қатысты және көп жағдайда науқастар мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуға немесе бірнеше ай бойы кезек күтуге мәжбүр болатыны туралы шағымдар жиі айтылады. Президент саладағы мұндай олқылықтарды реттеу үшін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын және бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керегін айтты. Меніңше, қазіргідей цифрландыру кезеңінде медицина саласында шынайы әрі ашық жүйе қалыптастырудың маңызы зор.

Ал денсаулық сақтау мен білім саласын дамыту үшін алдымен Үкімет денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты жаңа нормативтер мен ережелер әзірлеуі керек деді. Сонымен қатар медициналық жоғары оқу орындарының білім беру деңгейіне байланысты гранттарды жіктеп бөлу мәселесін көтерді. Бұл білікті кадр дайындауға қатысты бірқатар проблеманы шешеді деп ойлаймын. Өйткені сапалы білім бере алатын медициналық оқу орындарында студенттерді қамту гранттарын арттыру арқылы сапалы білімге ұмтылған жастар шоғырын қалыптастыруға мүмкіндік туады деп ойлаймын.

Президент құқық қорғау саласындағы мәселелерге байланысты біршама мәселені көтерді. Бұл менің мамандығыма жақын сала болғандықтан, ең негізгі қоғамда заң мен тәртіпті орнықтыру туралы жиі айтып келеміз. Бірақ толыққанды мақсатқа жеткен жоқпыз. Яғни, адамдардың құқығын қорғау саласында әділетті жүйе нақты жұмыс істеуі керек. Қауіпсіз қоғам құру туралы өте жақсы айтылды. Қауіпсіздік мәселесі дегеніміз –  ол көшеде немесе қоғамдық ортада ғана емес, жол жүру ережесін сақтау, апаттардың алдын алу, оларды бақылау және қадағалауға мүмкіндік беретін электронды жүйелерді енгізу керек. Мұның барлығы цифрландыру төңірегінде толыққанды заңда, заңнамада бекітілуге тиіс.

Сонымен қатар құқық қорғау қызметкерлеріне қойылып жатқан негізгі талап Жолдауда өте әдемі айтылды деп ойлаймын. Бұл – құқық қорғау қызметкерлерінің табандылығы және әскери адамдардың заң тәртібін сақтауға баса назар аудару мәселесі. Ел аралаған кезде әскери ұйымдарға бардық. Әскери қызметкерлердің және әскердің тұратын жерлерінің кей жағдайда қолайсыз болуы, санитарлық, қауіпсіздік нормативтердің сақталуы күн тәртібіндегі шешімін күткен мәселелер екені жасырын емес. Мемлекет басшысы тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес деп атап өтті. Жыл бойы бұл төңіректе де біршама жұмыс атқаратын боламыз.

Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕН,

Ұлттық академиялық 

кітапхананың директоры:

Кадр мәселесі өте өзекті 

– Биылғы Жолдау халық үніне құлақ асатын жаңа Қазақстанның жүйелі жұмысын айқындағандай, бұл жолы да жаңа бағдар, жаңа жауапкершіліктер жүктеді. 

Жолдаудағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды жолын көрсетті. Ол «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деді өз сөзінде. Әрбір істің нәтижелі тетігі білікті маманның қолында. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жетіп жүрген әрбір адамға қашанда қолдау, құрмет қажет. Осы орайда ел Президентінің Жолдауда айтқан келелі мәселелерін қолдай отырып, жұмысшы жастарға  кітапхана тарапынан ақпараттық-библиографиялық, жан-жақты көмек беруге дайын екенімізді жеткізгім келеді. 

Кадр мәселесі шынында да өте өзекті болып отыр. Оқу орындарында ғана емес түрлі мекемеде білікті кадр, техникалық маман тапшылығы қатты сезіліп жатыр. Біздің сала бойынша жас мамандарды өңірлерде, облыстар мен қалалық, аудандық кітапханаларда жинап біліктілікті көтеру мақсатында оқытатын курстарымыз бар. Қызметкерлеріміз ТМД аумағында  және шетел кітапханаларында да онлайн оқып, тәжірибе жинақтайды. Ол жағынан жақсы тәжірибелер жолға қойылған. Дегенмен кітапхана мамандарын дайындауға және осы мамандыққа жастардың қызығушылығын арттыруға қатысты бірқатар жұмысты қолға алуымыз керек деп ойлаймын.   

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

Ұлттық ғылым 

академиясының президенті:

Президент Жолдауын іске асырудағы ғылым академиясының рөлі

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, экономика салаларының инновациялық әлеуетін күшейту бойынша ауқымы зор және аса жауапты міндеттер қойды. 

Бұл тапсырмаларды жүзеге асыруда отандық ғылымға да ерекше маңызды рөл жүктелді. Ғылымның күш-қуаты ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға, зерттеу қызметіне бөлінген қаражатты ұтымды пайдалануға және олардың нәтижелерін өндіріске енгізуден тиісті табыс алуға бағытталуға тиіс.

Бұл ретте жаңадан қайта құрылған, еліміздің жоғары ғылыми ұйымы болып табылатын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы жетекші рөл атқаруға тиіс. Осыған орай академия қабылдауды жоспарлап отырған бірінші кезектегі қадамдарды атап көрсетейік.

Ғылыми зерттеулер деңгейін арттыру, қазақстандық ғылымды басқару моделін жетілдіру және оны таланттарды тарту орталығына, инновациялық идеялардың қайнар көзіне, экономиканы әртараптандыру мен қоғамды дамытудың жаңа бағытына айналдыру үшін, ең алдымен, «тұғырын» қайта құру – басымдықтар жүйесін дұрыс ұйымдастыру қажет.

Өкінішке қарай, мұндай нақты жүйенің болмауы соңғы жылдары ғылымды айтарлықтай қаржыландыру 3 есе өссе де, оны зерттеу бағыттары арасында маңыздылығын ескермей бөлуге әкеліп соқтырды. Нәтижесінде, Қазақстанның объективті артықшылықтары мен өзіндік ғылыми мектептері бар және мемлекеттің әл-ауқаты тәуелді мұнай, тау-кен металлургия, агроөнеркәсіптік кешендер, тұщы сумен қамтамасыз ету және адами капиталды дамыту бағыттарындағы ғылыми зерттеулер енетін стратегиялық басымдықтар жеткілікті қаржылық қолдау ала алмайды. Мемлекет үшін елеулі пайда әкелу ықтималдығы аз және оларды пайдалану тиімділігі шектеулі, көптеген шашыраңқы әрі маңызы төмен міндеттер арасында қаржылық ресурстар шашырайды. Салыстыру үшін, көптеген озық елде ғылыми тақырыптарды қаржыландыру – олардың басымдылық дәрежесіне, қазіргі заманның ағымдағы және болашақ сын-тегеуріндерін ескере отырып, экономиканың даму стратегиясына, сәйкестігіне қарай сараланған түрде жүзеге асырылатынын айтуға болады.

Академия экономиканың нақты секторының қажеттіліктеріне толық сәйкес келетін зерттеу қызметінің басым бағыттарының нақты иерархиясын құру арқылы ғылымды қаржыландыруды бөлудің қолданыстағы жүйесін қайта жүктеуді  өзінің бірінші кезектегі басты міндеті деп санайды. Бұл – ғылымға бағытталған қаражаттың тиімділігін арттыруға және одан елімізде күтілетін нәтижелерге қол жеткізуге апаратын жалғыз жол. 

Екінші жағынан, ғылымның қайтарымы көбінесе оның нәтижелерін өндіріске енгізу деңгейіне байланысты. Бұл отандық ғылымның осы күнге дейін өз шешімін таппаған тағы бір маңызды олқылығы екенін мойындауымыз керек. Мұның себебі зерттелетін тақырыптардың өзектілігі мен зерттеу қызметінің аймақтық басымдықтарын анықтау тетіктерінің болмауында және сәйкесінше, нақты сектор тарапынан олардың нәтижелеріне сұраныстың жоқтығында жатыр.  

Қазақстанда зерттеушілердің тек 35%-ы өңірлерде жұмыс істейді, ал негізгі ғылыми күштер Алматы мен Астанада шоғырланған. Ғылыми-зерттеу және техникалық конструкция жұмыстарын қаржыландырудың ең көп көлемі – барлық ішкі шығындардың 66%-ы, бағдарламалық-нысаналы және базалық қаржыландырудың 79%-ы, гранттық қаржыландырудың 75%-ы болып келеді. Мұндай теңгерімсіздік негізінен аймақтарда орналасқан ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтықтың күшеюіне әкелді. 

Осы мәселені шешу үшін академия өз қызметінде үздік әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, Мемлекет басшысының, облыс әкімдерінің ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңес­терінің тапсырмасына сәйкес жергілікті жерлерде құрылатын жұмыстардың тиімді жұмыс істеуіне сүйене отырып, ғылым мен инновацияларды жергілікті деңгейде дамытуға өзінің назарын аударатын болады. Олар жергілікті атқарушы органдардың, өңірлік ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындарының және бизнес-қоғамдастықтың ғылым мен инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіру орталықтарына айналуы тиіс. 

Ұлттық ғылым академиясының күш-жігері ірі пәнаралық ғылыми-техникалық бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру есебінен жаһандық сын-қатерлердің әсерінен туындайтын бар және болашақтағы проблемаларды жүйелі түрде шешуге бағытталатын болады. Ең алдымен, бұл су ресурстарын басқару, климаттың өзгеруі жағдайында ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы және тағы басқа мәселелерді шешуге қатысты. Олардың кейбіреулері бойынша жұмыс басталды.

Тек осындай нақты жүйелі шаралар ғана отандық ғылымға Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында ғылыми қоғамдастықтың алдына қойған міндеттерін толық көлемде орындауға мүмкіндік береді.

Еділ ЖАҢБЫРШИН,

Мәжіліс депутаты:

Ауыл шаруашылығына бағытталған Агробанк құру – заман талабы 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осы жыл аясында жұмысшы мамандықтардың статусын көтеру қажет деп есептеймін. Қажет жағдайда тиісті заңдарға өзгерістер енгізуге болады. Мысалы, «Мемлекеттік наградалар туралы» заңға өзгерістер енгізілсе деймін. Себебі инженер, ғалым, өнертапқыштарға «Құрмет» атағын беру мемлекеттік наградаға теңестірілуі керек. Қарапайым жұмысшының статусын көтермейінше өндіріс те, ауыл шаруашылығы да инновация да дамымайды. Президент осы мәселені өз уақытында көтеріп отыр деп есептеймін. 

Біз жер қойнауын пайдаланушыларға байланысты өзгерістер енгізіп, заң қабылдадық. Бұл революциялық форма дер едім. Мысалы, Конституцияның 6-бабындағы норманы біз заң жүзінде іске асыруымыз керек. Енді Қазақстанда ірі газ, мұнай кен орны табылатын болса, ең бірінші кезекте ешқандай аукционсыз 50 пайыздан жоғары үлесі Ұлттық компанияға беріледі. Бұрынғыдай келіп, шетелдік компаниялар иелік етіп кете алмайды. Оны әрі қарай өзі де игере алады. Екі жылдан кейін өзінің үлесін төмендете алады, бірақ басқару процесі тек сол ұлттық компания меншігінде қалады. Бұл елміздің барлық қазба байлығына қатысты.

Мемлекет басшысы қоғамдық бақылау мәселесіне де тоқталып өтті. Азаматтар бірігіп арнайы топ құрып, мемлекеттік органдардың құжаттарымен, шешімдерімен танысып, бақылай алады. Тек экономика саласын емес, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс минис­трлігі, Төтенше жағдай министрлігі, Ішкі істер министрлігінің құрамындағы әскери бөлімдерге кіріп, ата-аналар өз балаларының жағдайын да бақылай алады. 

Президент өз Жолдауында субсидиядан гөрі жеңілдетілген несие беру тетігіне көшуіміз керек, бұл оларға қолдау болады деді. Мен өз басым мұны дұрыс деп есептеймін. Шынында да, біз кәсіпкерлерді субсидиялай бермеуіміз керек, өйткені бұл жерде жемқорлық тәуекелі бар, кейде ол өз нәтижесін бермей жатады. Сондықтан банктерге ауыл шаруашылығы бағытына қатысты жеңілдетілген несиелерді беру мәселесін қарастыру керек деп айтты. Бұл – дұрыс. Мысалы, арнайы ауыл шаруашылығына бағытталған банк, яғни  Агробанк құру керек деп айтып жүр. Мен осы идеяны қолдаймын және Үкіметке жазылған хатқа қол қойғанмын. Сондықтан осындай тетіктерді пайдаланып, біртіндеп субсидияны азайтуымыз керек. Дегенмен субсидия қалуы керек. Бүкіл әлем ауыл шаруашылығын субсидиямен қаржыландырып отыр. Бірақ онда да біз мұны жіліктеп қарап, мамандармен зерттей отырып, дұрыс жүйе қалыптас­тыруымыз керек. 

Екатерина СМЫШЛЯЕВА,

Мәжіліс депутаты:

Цифрландыру мәселесінде кешенді шешімдер қажет

– Мемлекет басшысы цифрландыру қажеттілігіне, яғни цифрландыру процестерінің аяқталуына, бірқатар сәттерді әкімшілендіруге назар аударды. Біз денсаулық сақтау және білім беру жүйесінде жан басына шаққандағы қаржыландыруды арттыру жүйесін сәтті енгізіп жатқанын көріп отырмыз. Бірақ тиімді басқару құралдарынсыз, цифрлық шешімдерсіз бөлінетін қаражаттың қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқанын бағалау қиын.

Дәл осындай қағида салық салу саласында да қолданылады. Салық саласындағы қаржы жүйесі әлі де толыққанды цифрландырылмаған салалардың бірі. Мен бұл жерде кешенді шешімдер қабылдау қажет деп есептеймін. Тек ақпараттық жүйелерді ғана дамыту керек деген сөз емес. Сонымен қатар салық саласындағы ауқымды деректерді өңдеп, жинақтай алатын Мәліметтерді өңдеу орталықтарын да дамыту қажет. Яғни, салық мекемелеріндегі инфрақұрылымды жақсарту қажет. Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, қазір қолда бар ақпараттық технологиялардың өзі заманынан қалған, өйткені бүгінгі салықтық процестердің жүзеге асырылуы да өзгеше. 

Қазір салық қызметін өте тиімді жүргізуге болатын технологиялық шешімдер жеткілікті. Қазір Қаржы министрлігі осы мәселе төңірегінде жұмыс істеуде. Ал депутаттар корпусының міндеті осындай цифрлық шешімдердің жылдам іске қосылуы үшін қажетті құқықтық дәліз орнату. Цифрландыру үшін бизнес процестерді толығымен қайта қарау қажет болады. Дәл қазіргі күйінде цифрландыру бұл хаосқа алып келеді. Ал салық қызметін бейберекет цифрландыруға мүлдем болмайды. Сондықтан қандай да бір процесті цифрландыру үшін, ең алдымен, оны іс жүзінде қайта қарау қажет, яғни кейбір сұраныстарды өшіру немесе деректерді жинақтауды автоматтандыру секілді. Ал салық процестері өзге салалармен тікелей байланысты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы киберқауіпсіздікке назар аударды. Бұл да өте маңызды. Өйткені сандық технологиялар неғұрлым көп енгізілсе, деректер қауіпсіздігіне байланысты тәуекелдер соғұрлым көбейеді. Сонымен қатар криптовалюталар мен тау-кен өндірісін реттеу мәселесі қозғалды. Қазақстанда осы саланы реттейтін заң бар, бірақ майнингпен айналысатын барлық компанияның салықты дұрыс төлейтініне көз жеткізу маңызды. 

Мақсат ХАЛЫҚ,

экономист:

Банктер қарыз беру арқылы ақшаны пайда көзіне айналдырып отыр

– Президент соңғы екі жылдықтағы Жолдауында негізінен экономикаға басымдық беріп жатыр деп айтуға негіз бар. Өткен жылдарда экономикада қандай бағыттарды дамыту керегі туралы айтса, осы жылғы Жолдауын ақша-несие саясаты мен бюджет салық саясатына қатысты пікірден бастады. Ақша-несие саясатының негізгі драйвері мен қозғаушы күші ол банктер екені түсінікті, сондықтан банктерге қатысты заң қабылдануы керегі айтылды және ол заңның неліктен ұзақ уақыт бойы қабылданбағаны да сөз болды. Себебі банктік лобби өте үлкен еді. Өткен жылдарда «Банкроттық туралы» заңның өзін әзер дегенде қабылдағанын білесіз. Оның өзіне ондаған жылдар кетті. Менің ойымша, жалпы қоғам үшін де банктердің пайызының жоғары болуы негізгі мәселе.

Азаматтардың қаржылай қиын жағдайға тап болып жатқандығы соның салдарынан. Ақша несие саясатын жүргізетін Ұлттық банк. Ұлттық банк бізде ойын ережесін бекітетін негізгі институт болып табылады. Мысалға инфляция біршама төмендеді, демек енді осыған сәйкес ақша-несие саясатында да пайыздарды түсіруге болады деген сөз. Ал өткен жұма күні жаңа базалық пайыздық мөлшерлеме бекітілді және ол он төрт пайыздың үстінде өзгеріссіз қалдырды. Сондықтан да бұған қатысты мәселе өте өзекті. Негізінде дені сау экономикада ғана дені сау банк жұмыс істейді. Экономиканың «денсаулығы» нашар болса, онда банктер қанша жерден заңдық тұрғыда реттелгенмен бәрібір проблемаларды түбегейлі шеше алмаймыз. Елде инфляция деңгейі тұрақталмайынша, жаңа өндіріс ошақтары ашылмайынша, банктердің өзі керемет жұмыс істеп кетеді деп айту қиын. Айналып келгенде, Үкіметтің мойнына артылатын жүк жатыр. Президент те Үкіметке де қарата айтты. Банктер көбінесе тұтынушылық несие береді, экономиканың нақты секторына көңіл бөлінбейді деді. Ал мұның себеп салдары базалық пайыздық мөлшерлемеде жатыр. Базалық пайыздық мөлшерлеменің жоғары болғанына байланысты банктер бір-біріне қысқа мерзімді қарыз беру арқылы өзара пайда таба алатын операциялары үшін көп ақшаны ұстап отыр. Ал ол ақшаны экономикаға салып, экономиканың дамуына үлес қосуға болар еді. Яғни, ақшаны өндіріске салмай отыр деген сөз. 

Дайындаған 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ,

Кәмила ЕРКІН