Адамдар әрқашан болашақты болжағысы келеді. Танымал футуролог Рэймонд Курцвейлдің жасанды интеллект болашағы туралы гипотезалары 2050 жылға қарай біздің өміріміз қалай өзгеретіні туралы.
2045 жылы адамдар қартаймайтын болады, бірақ адамзат өркениеті жойылады
Жалпы мақсаттағы жасанды интеллект – бұл адам сияқты бәрін жасай алатын машина. Фото medium.com сайтынан алынды
7,622
оқылды

Aikyn.kz жақында BBC-дің Science Focus журналында жарияланған ЖИ-дің ширек ғасыр өткен соң адам өмірін қалай өзгертетіні туралы мақалаға сүйеніп, өзінің талдауын ұсынады.

2045 жылы сингулярлық нүктеге жетеміз. Одан кейін не болатынын адамдар болжай алмайды, бәрін ЖИ басқарады. Фото karlobag.eu сайтынан алынды. Авторлығы: Domagoj Skledar / Vlastita

Рэймонд Курцвейл жасанды интеллект саласындағы өзінің дәл болжамдарымен танылған, үлкен беделге ие ғалым. Әсіресе жасанды интеллект жүйесіне байланысты оның жинаған тәжірибесі мол. Жасанды интеллект дамуындағы 61 жыл ішінде ол бірінші болып коммерциялық қолжетімді үлкен сөздік қоры бар сөздерді түсіну, тану бағдарламалық құралын ойлап тапты. 1999 жылы президент Билл Клинтонның қолынан Ұлттық технология және инновация медалін алды, 2002 жылы америкалық өнертапқыштардың ұлттық даңқ залына енгізілді. 

Курцвейл өзінің көптеген жеке жетістіктерімен қатар, болашақ технологияларды болжауда да танымал ғалым деп саналады. 2005 жылы шыққан «Сингулярлық жақын» (The Singularity is Near) атты кітабында ол ЖИ болашағын, адамдардың технология мен ЖИ-ға қалай тәуелді болатынын дәл айтып берді.

Бірақ алдағы 25 жылда бізді не күтіп тұр? Курцвейл енді өзінің келесі «Сингулярлық одан да жақын» (The Singularity is Nearer) кітабында дәл осы сұраққа жауап береді.

ЖИ біздің өмірімізге жақын болашақта қалай әсер етеді? Енді Курцвейлдің болжамдарын қарастырайық.

ЖЖИ (AGI) когнитивті тапсырмалардың кең ауқымын адам сияқты орындай алатын немесе адамнан да асып түсетін жүйе. Фото linkedin.com сайтынан алынды. Авторлығы: Pixabay / Mollyroselee

2029 жылға қарай адамнан да асып түсетін ЖИ жасалады

Курцвейлдің негізгі болжамдарының бірі жалпы жасанды интеллект (AGI) айналасында. Қазіргі уақытта көптеген ЖИ белгілі бір тапсырма үшін жасалғанымен, ЖЖИ (AGI) когнитивті тапсырмалардың кең ауқымын адам сияқты орындай алатын немесе адамнан да асып түсетін жүйе.

Қазіргі ЖИ модельдері тек бір салада ғана жұмыс істей алады. ChatGPT – мәтіндік үлгілер жасайды, Dall-E немесе Midjourney ғажап бейнелер, суреттер жасауға арналған, ал Wix сияқты компаниялар ЖИ-ді веб-дизайн үшін пайдаланады.

Жалпы мақсаттағы жасанды интеллект – бұл адам сияқты бәрін жасай алатын гипотетикалық бағдарламалық жасақтама. Ол жаңа дағдылар мен жағдайларға бейімделіп, адамның қатысуынсыз өз бетінше үйрене алады және адам санасын түсіне алады. 2013 жылы шыққан «Ол» (Her ) фильмінде Скарлетт Йоханссонның виртуалды көмекшісі осындай ЖЖИ түрінде көрсетілген. Курцвейлдің айтуынша, осындай ЖЖИ 2029 жылға қарай қолжетімді болады.

«Мен бұл датаны 1999 жылы алғаш рет айтқан кезде, адамдар оған қатты алаңдады. Стэнфорд мұның қаншалықты шынайы екенін талқылау үшін 1000 адамнан тұратын конференция ұйымдастырды және олар бұл болжамның шындыққа жақын екенін көз жеткізді. Бірақ ол кезде ЖЖИ 30 жыл ішінде емес, 100 жылдан кейін ғана пайда болады деген болжамдар басым болды», – дейді ғалым.

2029 жыл кейбіреулер үшін шындықтан алыс болып көрінгенімен, бұл жасанды интеллектің қазіргі даму жылдамдығына сәйкес келеді. Қазіргі компьютерлер секундына жарты триллион есептеу жүргізе алады. 10 жыл бұрын бұл мүмкін емес деп саналды.

Курцвейл қартаюды бәсеңдетіп қана қоймай, оны толығымен кері қайтара алатын деңгейге жақындап қалдық деп санайды. Фото oblteh.ru сайтынан алынды

Адамдар қартаймайтын болады

Қазіргі уақытта технологиядағы ең маңызды мәселелердің бірі – қартаюды болдырмау. Курцвейл біз қартаюды бәсеңдетіп қана қоймай, оны толығымен кері қайтара алатын деңгейге жақындап қалдық деп санайды.

«Біз қартаю мәселесін алдағы 5-10 жылда шешеміз. Дәл қазір адам қартайған сайын оның келесі жылы өлу ықтималдығы өсіп отырады. Сіз 90 жасқа толғанда, жыл сайын өлу ықтималдығы да жоғарылай береді. Біз мұны еңсереміз. Бұл қазірдің өзінде медицинада орын алуда. Біз ЖИ медицинаның дамуын және жаңа дәрілердің ашылуын қалай жылдамдатып жатқанын көріп отырмыз. Мен 2029-2035 жылдарға қарай біз ұзақ өмір сүруге өте жақындайтынымызға сенімдімін», – дейді Рэй Курцвейл.

Бұндай болжам жаратылыс заңына қайшы болып көрінуі мүмкін. Адам өмірін ұзартуда көптеген кедергілер бар. Қартаю – ағзаның ішіндегі және сыртындағы көптеген факторлардан тұратын өте күрделі жүйе. Дегенмен адамдар өткен ғасырлармен салыстырғанда бүгінде ұзағырақ өмір сүреді. Денсаулық сақтау мен технологияның қарқынды дамуының арқасында бүгінгі өмір сүру ұзақтығы едәуір өсуі де мүмкін.

Компаниялар жасанды өкпелер мен бүйректер шығара бастады, емдеу әдістері жақсаруда және аурулардың пайда болуы туралы түсінігіміз жақсарды. Бұның бәрі Курцвейлдің болжамының ғылыми негізі мықты екенін көрсетеді.

Технологиялық даму сатысында бақыланбайтын және қайтымсыз болатын адамзат өркениетіне қауіпті болашақ жақын ба? Фото forbes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Gil Press and Bing Image Creator

2045 жылы адамзат өркениеті жойылады

Курцвейл өзінің екі кітабында да «сингулярлық» (ерекшелік) деп аталатын ұғымға көп мән береді. Физикадан алынған бұл термин, технологиялық даму кезінде бақыланбайтын және қайтымсыз болатын адамзат өркениетіне қауіпті болашақты меңзейді. Сингулярлық (ерекшелік) уақыттың белгілі бір гипотетикалық нүктесінде адамзаттың эволюциялық дамуы технологиялық жетілудің салдарынан адамның бақылауынан шығып, қайтымсыз қауіпті процеске айналуын білдіреді. Оның көптеген болжамдары сияқты, Курцвейл бұл гипотетикалық нүктені 2045 жыл деп атайды.

«Бұл сингулярлық нүкте болады – біз бұдан былай ЖИ-ді басқара алмайтын дәрежеге жетеміз. Физикада сингулярлық термині соншалықты күшті нәрсені білдіреді, бұл біздің түсінігімізден тыс болғандықтан, біз одан кейін не болатынын елестете де алмаймыз», – дейді ол.

Рэймонд Курцвейл нанотехнология адам миын компьютерлермен байланыстыруда, олардың арасында үздіксіз интерфейс құруда маңызды рөл атқаратынына сенеді. Фото marieclaire.ru сайтынан алынды

Рэй Курцвейл туралы қысқаша анықтама

Рэй Курцвейл – америкалық өнертапқыш, бірнеше кітаптың авторы және футуролог. Ол 61 жыл бойы ЖИ саласында жұмыс істейді. 2005 жылы  «Сингулярлық жақын» кітабын шығарды. Кітапта ол ЖИ болашағын зерттейді және бүгінгі күні ЖИ туралы әртүрлі болжамдар жасайды. 2024 жылы ол осы еңбегін «Сингулярлық одан да жақын» (The Singularity is Nearer) кітабымен жалғастырды.

Әрине Рэй Курцвейлдің болжамдары технологияның үздіксіз қарқынды дамуына негізделеді және ЖИ-ді, адамдардың технологиямен бірігу қабілетін терең зерттеуді қажет етеді.

Бұл жерде бір нәрсе анық: Курцвейл болашаққа оптимизммен қарайды. Қартаюға қарсы тұруға және 2050 жылға қарай ЖИ-мен бірігуге дайын. Нанотехнология адам миын компьютерлермен байланыстыруда, олардың арасында үздіксіз интерфейс құруда маңызды рөл атқаратынына сенеді.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.