"Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев Мәжілістің бұрынғы депутаты Асқар Садықовтың мандатынан неге айырылып, партиядан шығарылғанын айтты.
"Бір әйелге ұятсыз ұсыныс жасаған": Садықовтың депутаттық мандатынан неге айырылғаны белгілі болды
Фото: parlam.kz
846
оқылды

"Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев Мәжілістің бұрынғы депутаты Асқар Садықовтың мандатынан неге айырылып, партиядан шығарылғанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"А.Садықовтың партиядан шығарылғаны жөнінде журналистердің толассыз сұрақтарына түсініктеме бере кетейін. Партиямыздың атына А.Садықовқа қатысты бірқатар шағым  түсті, онда айтылған жайттар пленумда қаралып, тиісті шешім шығарылды. Шағымдардың дені оның теріс іс-әрекеттеріне, атап айтқанда, өкілеттігін асыра пайдалану мен этикалық нормаларды бұзуына байланысты болды. Шағымдардың әрқайсысы бойынша жеке-жеке фактілер келтіруге болатын болса да, бір ғана мысалды атап өту жеткілікті деп ойлаймын.

Мәселен, Парламентте (партияда емес) жұмыс істейтін бір әйел адам А.Садықовтың бірнеше рет ұятсыз ұсыныстар жасап, қысым көрсеткені туралы айтып арызданды. Ол өзінің сөзіне дәлел ретінде ватсабына А.Садықовтан келіп түскен хабарламалардың скринін көрсетті (этикалық себептертерге байланысты оның бопсалауына тап болған аталған жәбірленушінің есімі жасырылған)", – деп жазды ол.

Перуашевтің айтуынша, арызданушы 17 сәуірде өзіне жазылған мұндай қорлау ұсыныстарды жауапсыз қалдырып, елемеген екен. Алайда  15 мамырда бұл әрекеттер тағы қайталанған және арызданушының айтуынша, А.Садықов жыныстық бопсалауды жүйелі түрде басқа күндерде де жалғастырған. Бірақ А.Садықовтың депутаттық қолсұғылмаушылыққа ие екеніне байланысты, харрасментке тап болған жәбірленуші құқықтық қорғауға жүгіне алмаған.

Перуашев сонымен бірге пленум барысында осындай әшкере болған заңсыз әрекеттерге жол берілмейтіні туралы ескертуге жауап ретінде А.Садықов «өзінің депутат екенін және кімге не қаласа соны айтуға құқылы екенін» айтқан.

"Сондықтан біз бұл кедергіні алып тастадық, ал А.Садықовты депутаттық мәртебесінен айыру туралы қабылданған шешім жәбірленушіге ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға мүмкіндік береді. Оның лайықсыз мінез-құлқының басқа да фактілері бар, соның негізінде осындай шешім қабылданды. Олардың кейбіреулері құқық қорғау органдарының да назарын аударуы мүмкін, ондай жағдайда қажетті көмек көрсетуге дайынбыз", – дейді ол.

Перуашев өте лас жағдай болғанын, біреудің хабарламаларын оқып, оны жариялауға еш құлқы жоқ болғанын айтады. 

"Алайда біздің үнсіздігімізді біреулер басқаша түсінген сияқты, сұхбаттың бірінде өзін 1937 жылғы репрессиялар құрбандарымен салыстырып, "шындық" үшін жазым болғандай қылып жеткізген А.Садықов та соған себепші. Бұл "шындықтың" да шынайы бет жүзін көрсетуге мәжбүрміз, одан басқа да эпизодтар мен құжаттар жетерлік. Пленум нақты фактілерге сүйене отырып,  А.Садықовты партиядан шығару туралы шешім қабылдады. Соның ішінде  бұл жағдайлардың (бірнешеу) одан да қауіпті салдары болмас үшін. Өзге адамдардың ар-намысы мен жеке өміріне қатысты болғасын бұл жағдайды көпшілік алдына шығару маған өте жиіркенішті болса да, осы мәселе төңірегіндегі дау-дамай мен алып-қашпа әңгімелердің нүктесін қоюға мәжбүрмін," – дейді ол.

Айта кетейік, жақында ҚР Орталық сайлау комиссиясы «Ақ жол» демпартиясының ұсынымы бойынша Мәжіліс депутаты Асқар Садықовты депутаттық мандатынан айырған болатын.

“Бұл шешімге А.Садықовтың депутаттың мәртебесіне сай келмейтін әрекеттерге барғаны негіз болды”,  – деп жазды “Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Telegram  каналында.

Аталмыш фактіні партиялық органдар өз бетінше анықтаған және ҚДП пленумында қаралған соң А.Садықов партиядан шығарылды, соған байланысты ол депутаттық мандатынан айырылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.