Қазақстанда 15-18 жастағы қыздар шетелмен салыстырғанда алты есе көп босанады
Қазақстанда 15-18 жастағы қыздар шетелмен салыстырғанда алты есе көп босанады
© azattyq-ruhy
324
оқылды
Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан дөңгелек үстел барысында, акушер-гинеколог, Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас маманы Раушан Бердібекова өз зерттеуін таныстыра отырып, мәлім етті, - деп хабарлады azattyq-ruhy. «Бұл зерттеу Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуіне жатады. Біздің елдегі зерттеу көрсеткендей, Қазақстанда 15-18 жастағы қыздар ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдер арасында - авт.) елдері арасында алты есе жиі босанады, яғни, алты есе жүкті болады. Бұл көбінесе біздің Қазақстанның дәстүріне де байланысты», - дейді Раушан Бердібекова. Оның статистикасына сүйенсек, Қазақстанда 15-18 жас аралығындағы қыздардың жүктілігі көбінесе Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында көп тіркелген.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 19 жастағы қыздарды да ерте жүктілік санатына қосты. Ал Қазақстанның оңтүстігі мен шығысында қыздарды ерте тұрмысқа береді.  Жалпы,  2019 жылы Қазақстанда 15-19 жас аралығындағы 6791 қыз жүкті болған, оның ішінде 5657 қыз босанды, 1134 қыз жүктілігін абортпен аяқтады», - дейді ол.
Жалпы, Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының мамандарын жүктілік емес, жыныстық қатынастың ерте басталуы көп алаңдатады.
«Қыз балалар мен ұлдардың көбі жыныстың қатынастың не екенін білмегендіктен, жыныстық өмірді ерте бастауы мүмкін. Сонымен қатар, бұл жауапкершілігі өте жоғары қадам болғанына қарамастан, Қазақстанда 15-18 жас аралығындағы қыздар мен ұлдардың 10-18 пайызы ғана  ерте жыныстық өмірдің, жүктіліктің, аборттың, жыныстық қатынас арқылы жұғатын инфекциялық аурулардың салдарын және контрацепцияның не екенін біледі. Қалған елу пайыздан астамы осылардың салдарынан бейхабар. Соңғы статистикаларға сүйенсек, қала мен ауыл тұрғындары арасындағы жасөспірімдер зерттеуінде қалаға қарағанда, ауылдық жасөспірімдердің жыныстық өмірді ерте бастайтыны анықталды. Ал керісінше, ауылдың балаларына қарағанда, қаланың балалары жыныстық қатынас туралы көп іздеп, оқыған», - дейді ол.
Раушан Бердібекованың айтуынша, мектептерде жыныстық тәрбие туралы міндетті түрде айтылуы керек. Себебі, дұрыс насихат жоқ болған жерде, балалар ақпараттың бәрін интернет пен теледидардан «оқып, көріп алады».
«Ал интернеттегі ақпараттың бәрі дұрыс емес», - деп түйіндеді сөзін ол.