Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етті.
Максим Споткай, Парламент Сенаты аппаратының басшысы: Әділетті Қазақстанды сындарлы диалог арқылы құрамыз
466
оқылды

Айтылған бастамалардың бәрі еліміз Президентінің экономикалық және саяси реформаларды жүйелі жалғастырудың элементтері болып табылады. Мемлекет басшысы алдағы кезеңдегі Қазақстанның одан әрі дамуының стратегиялық 9 бағытын атап өтті.

Президент ақша-несие және фис­калдық саясат арасындағы алшақтықты жою негізгі басымдықтың бірі екенін жеткізді. Оның ішінде, тұрақты салық саясатының қажеттігі, әкімшілендіруді толық цифрландыру арқылы Салық кодексін жеңілдету және салық режимдерін оңтайландырудың маңыздылығы айтылды. Президент экономикаға көбірек қаржы салуға банк секторын ынталандыру қажет екенін атап өтті. «Банктер туралы» жаңа заң әзірлеу және қабылдау жоспарланып отыр. Енді азаматтар экономиканы дамыту мен адамдардың әл-ауқатын арттыруға атсалысу үшін банктерден нақты қайтарым күтеді. 

Мемлекет басшысы одан әрі реформалардың маңызды бағыттарының бірі ретінде инвестициялық ахуалды және бизнесті жүргізу үшін жағдайды жақсарту қажеттігін атап өтті. Үкіметке инфляцияны бәсеңдету және елдің халықаралық резервтерін нығайту тапсырылды. Инвесторларға өндірісті дамыту мақсатын көздейтін преференциялар әзірленетін болады. Шикізат сату және оны Қазақстаннан әкететін уақыт өтті. Ұлттық қор қаржысын тек стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін ғана пайдалану керек.

Алдымызға өрелі міндет қойылды – 2029 жылға қарай экономикадағы орта бизнестің үлесін кемінде 15%-ға дейін ұлғайту керек. Бұл мақсатқа жаппай кәсіпкерлік рухын дамыту, монополияларды шектеу және әртүрлі салада бәсекелестік үшін нақты мүмкіндіктер жасау шартымен қол жеткізуге болады.

Сапалы және тұрақты экономикалық өсудің негізі бірінші кезекте, инфрақұрылымдық проблемаларды шешу болып табылады. 2024 жылдың соңына дейін энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны бекіту тапсырылды. Теміржол саласын реформалау және 12 мың шақырымға жуық автомобиль жолдарын жөндеу және салу қажет. Осының бәрі біздің транзиттік әлеуетімізді ашып қана қоймай, түрлі қызмет көрсету бойынша ілеспе кәсіпорындар мен сервистік компанияларды дамытуға мүмкіндік береді. Атом электр стансасының құрылысы жөніндегі 6 қазанда өтетін референдумға жеке тоқталу керек. Бұл Президент Тоқаевтың азаматтарды шешім қабылдау үдерістеріне тарту мен ашықтық бағытын айқын көрсететін маңызды бастамасының бірі. 

Мемлекет басшысы еліміздің кадрлық әлеуетін дәйекті түрде арттыруға ерекше назар аударып отыр. Президент елімізге аса маңызды болып отырған: су саласының мамандарын, құрылысшылар мен энергетиктер және басқа да көптеген қызметкерді даярлауға мемлекеттік тапсырысты ұлғайту қажеттігін атап өтті. Шетелдік университеттерді Қазақстанға тарту, бір жағынан, осы нарықтағы бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді. Екінші жағынан, ол оқу процесінің сапасын жақсарту үшін жұмыс істейді.

2024 жылғы Жолдауда белгіленген стратегиялық міндеттердің бірі – ұлт денсаулығын нығайту үшін кешенді шараларды іске асыру және азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін қайта жаңғырту екені айтылды. Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құрылады. Сондай-ақ зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға арнайы төлем жалғасын табатын болады.

Президент елімізде экологиялық жағдайды жақсарту және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды дамыту мәселесі шешілуі тиіс екенін атап өтті. Мемлекет басшысы табиғатты қорғау мәселесінде бизнестің жауапкершілігін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Ормандар мен далаларды өрттен қорғау және Қазақстанның бірегей флорасы мен фаунасын сақтауға баса назар аудару аса маңызды міндет екені даусыз. 

Осы міндеттердің бәрін орындау үшін, әрине бүкіл мемлекеттік аппарат, депутаттық корпус, бизнес өкілдері, қоғамдық ұйымдар және еліміздің барлық азаматтары тізе қосып, бірігуі қажет. Біз тек сындарлы диалог арқылы ғана нағыз Әділетті Қазақстанды бірге құра аламыз.