Бүгінде Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан халық игілігі үшін бірқатар нысанды мемлекет меншігіне қайтаруға байланысты кешенді жұмыстар жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар нысандар әкімдік тарапынан бақылауға алынған. Олардың қатарында «Мұз сарайы» мен «Кең баба», «Қиял әлемі» демалыс орындары бүгінде мемлекет меншігіне қайтарылды.
Шымкентте  бірқатар нысан мемлекет меншігіне қайтарылмақ
449
оқылды

Енді Шымкент қаласындағы бұрын жекешелендірілген стратегиялық сумен жабдықтау және су бұру объектілерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Шымкент  қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында атап  өтті. Жиынға  қала әкімінің орынбасарынан бөлек Шымкент қаласы Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов та қатысып, БАҚ өкілдері қойған сауалдарға жауап берді. 

«Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Экономиканы монополиядан арылту жөніндегі комиссияның шешімін орындау мақсатында Шымкент қаласының әкімдігімен заңсыз берілген жер телімдері мен нысандарды мемлекет меншігіне қайтарып алу жұмыстары­на белсене кіріскен. 1996-1998 жылдары Шымкент қаласының сол кездегі әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын монополиядан арылту аясын­да сумен жабдықтау және су бұру жүйе­лерін жекеменшікке беру туралы шешім қабылдаған. Осыған байланысты қазір заңсыз жекешелендірілген нысандарды қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатыр», – деп атап өтті Айдын Мейрамбекұлы.

Айта кетейік, жекешелендірілген ұйымдардың құрылтайшылары 1998 жылы біртұтас «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-на бірігу туралы шешім қабылдаған. Оның бас директоры бол­ып бұған дейін Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарған Анарбек Орман тағайындалды. Жекешелендірілген соң мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын балансында  су құбырлары ғана қалған-ды. Қала әкімінің орынбасары тасымал­дау барысында қаладағы жалғыз мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның екі су қабылдағышы «Тассай-1» және «Тассай-2», «Уникансервис» тазарту қондырғысы және «ТрансВиК» авто­көлік шеберханасы еншілес ұйымдарға бөлінгенін жеткізді. Одан әрі құрылған төрт еншілес кәсіпорын мен қосымша «Бадам-Сайрам» және «Ақбай-Қарасу» су қабылдағыштары да жекешелендіруге берілген.

«2003 жылы бекітілген Су кодексіне сәйкес, қалаларды сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін су тарту құрылыс­тары, сорғы стансалары, су құбырын та­зартқыш құрылыстар мемлекет меншігі саналады және иеліктен шығаруға жатпайды. Сонымен қатар Астана және Алматы қалаларымен салыстырғанда Шымкентте су тарифтері тұрғындар үшін де, бюджеттік ұйым мен заңды тұлғалар үшін де бірнеше есе жоғары. Мысалы, Шымкентте тариф шамамен 97 теңге болса, Астанада бұл көрсеткіш 1,5 есе төмен, яғни 65 теңге. Алматымен салыстырғанда 2 есеге жуық төмен, 55 теңгені құрайды. Ал электр энергиясының құны Шымкентте Астана мен Алматыға қарағанда айтарлықтай төмен», – деп атап өтті  брифинг барысында Айдын Мейрамбекұлы.   

Сонымен қатар Шымкентте кәріз тарифтері де қос республикалық маңызы бар қаламен салыстырғанда жоғары екенін еске салған жөн. Атап айтқанда, Шымкентте тұрғындар үшін кәріз тарифі 51 теңгеге жуықтаса, Алматыда 2 есе төмен, Астанада шамалас. Ал бюджеттік ұйымдар үшін тариф Шымкентте 415 теңге, Астанада 1,5 есе төмен, яғни 281 теңге. Алматыда 5 есе төмен, 81 тең­гені құрайды. Мұндай айырмашылық заңды тұлғаларға арналған тарифте де байқалады. Сонымен қатар Шымкентте кәріз тарифтері жоғары болғанына қарамастан тазартудан кейінгі су өзенге ағызуға жарамсыз. Сондай-ақ Шымкент қаласы тұрғындарының сарқынды судың иісіне қатысты арыз-шағымдары бар. Бұл «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ның сарқынды суды тазарту және шығару жұмыстарының өз деңгейінде емес екенін көрсетеді.

Сумен жабдықтау және су бұру жүйесінің азаматтар үшін маңызды екенін ескере отырып, Шымкент қаласының әкімдігі бұрын жекешелендірілген стратегиялық сумен жабдықтау және су бұру нысандарын мемлекет меншігіне қайтаруды көздеп отыр екен. Брифингте объек­тілерді мемлекет меншігіне қайтару сумен жабдықтау және су бұру бойынша тарифтік шығындарды ұстау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік беретіні жөнінде де сөз болды. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы