Бүгінде қоғамда бала тілінің кеш шығуы қалыпты құбылысқа айналғандай. Тіпті, тіл мүкісі бар немесе тұтығып сөйлейтін балалардың саны күн санап артып келеді.
Тіл мүкістігі: логопедтер қызметіне көңіл тола ма?
коллаж: Елдар ҚАБА
766
оқылды

Бұл жағдай ата-аналарды ғана емес, дәрігерлердің өзін қатты алаңдатып отыр. Баласының кекештеніп, дыбысты дұрыс шығара алмауынан перзенттерін мектепке бере алмай отырған ата-аналар да аз емес. Сонда мұндай жағдайда не істемек керек? Тіл мүкістігін қалай жоюға болады?

Жалпы, мамандар бала тілінің кеш шы­ғуын жүктілік кезінде анасының күйзелісте болуы, тұқым қуалаушылық, таңдай не ерінде жырықтың болуы, дыбыс шығару жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі, ауыз қуыс бұлшық еттеріндегі  ақау, баламен әке-шешесінің сөйлес­пеуі, қатты қорқып қалу немесе өзге ау­руларға қолданған дәрі-дәрмектің әсерімен байланыстырып жатады. 

Әлбетте, балаға жақсы да, жаман да құрсақта жатқанда құйылатындығы бел­гілі. Баланың сөйлеу қабілетінде бо­ла­тын ақаулар да сол кезден бастау алуы мүмкін. Логопедтер бала тілінің уақытында шықпауы  көп жағдайда ата-анаға байланысты екенін айтады. Се­бебі ата-ана  бала тілін қызық көріп, олар қате дыбыстаған сөздерді қайталап, бала тілін бұзып жатады екен. Тіпті, мұндайды еркелік деп көретіндер де аз емес. Керісінше, әке-шеше баласының шығарған әр дыбысына мұқият қарап, қате сөздерін нақты дыбыстап балаға жеткізу керек.     

Мамандар бала бес-алты айдан бас­­­­­тап өзге адамдардың қимылдарын қай­талайтын қабілетке ие болатынын ай­тады. Сондықтан баламен әңгімелес­кен­де айтқан сөзге ғана емес, әрбір қи­мыл­ға да мұқият болған абзал. 

Білікті логопед Гүлжәмила Әбді­райы­­мованың айтуынша, бала тілінің өз уақытында шығуы үшін бірнеше тә­сіл бар екен. 

– Сәбиге жарық дүние есігін аш­­қан­нан бесік жырын айту қажет. Бұл ба­­ланың есту қабілетімен қатар, түйсі­гін де дамытады. Бесік жырында жуан-жіңішке, еріндік-езулік, ашық-қысаң, қа­таң-ұяң, үнді сынды дыбыстардың бар­лық түрі қамтылған. Әрбір дыбыс тү­рін есту арқылы бала анық сөй­леуге бейім­деледі. Сондай-ақ  бала­мен көп әң­гіме­лесу арқылы да оны ер­кін сөйлеуге дағдыландыруға болады.

Баланы бір жастан асқанша оны омы­раумен емізуге шектемеу маңызды. Ана сүтін емген бала сору кезінде ауыз қуысындағы бұлшықеттер тез  да­­­­миды. Ал бала емізіп отырып анасы бе­сік жырын айтса, тіпті пайдасы зор. Өйт­кені бұл уақытта бала мейірімге бөленіп, өзін қауіпсіз әрі жайлы сезініп, ақпаратты тез қабылдайды.

Баланы ұрып-соғудан мүлдем аулақ болу керек. Бұл психикалық ауытқулар­ға әкеледі. Ал психикалық ақауы бар ба­лалардың әдетте тұйықталып, сөйлеу дағдысы бұзылатыны белгілі.

Балаларға сүйек немесе құрт мү­жі­ту де өте пайдалы. Бала қалыпты  тамақ жеу дағдысына көшкеннен кейін оның ауыз қуысындағы бұлшық етті одан әрі жаттықтыру қажет. Міне, осы кезде ба­ла сүйек не құрт мүжісе оның бұлшық ет­тері тағы дами түсіп, дыбыстарды дұ­рыс шығаратын болады. Егер ата-ана осы алдын алу шараларын жасамаған бол­са, онда бала тілін шығару үшін ло­го­пед мамандарға жүгінгені абзал. Әйт­песе, баланың кекештенуі немесе тұ­тығып сөйлеуі өмірбақилық дертке ай­налып кетуі мүмкін, – дейді Гүлжәми­ла Әбдірайымова.

Әрине, тәжірибелі логопед маманның сөзі орынсыз дей алмассың. Алайда ма­ман берген кеңесті қазір ата-ана­лар­дың дені ескере бермейтіні белгілі. «Сүт шықпады» деп омыраумен емізбейтіні былай тұрсын, балаға бесік жырының орнына телефонмен шетелдік әндер тыңдатып қоятын әке-шеше аз емес. Ал балаға сүйек мұжыту ұмыт қалғалы қашан. Кезінде көненің көздері қарияларымыз немерелерін қасына алып сүйек тістетіп отыратын болса, қа­­зір еттің орнын түрлі химиялық қос­­падан жасалған тағам алмастырды. Тіп­ті, есейсе де ет жемейтін балалар аз емес. Себебі оларға жастайынан еттің қуа­ты мен қадірін түсіндірген, соған дағ­­­­­дылаған ата-ана болмаған. 

Баласының тұтығып сөйлегеніне алаңдаулы ананың бірі – тараздық тұр­ғын Әсел Айменова. Ол баласын логопедке қанша апарса да, көңіл толарлық нәтиже шықпағанын айтады. 

– Баламның алғашқы сөз дыбыс­тауы дұрыс-ақ болып жүрген. Бір күні ол тұтығып сөйлейтінді шығарды. Де­­реу дәрігерге апарып едік, жүйке жүйе­сіне бір жағдай әсер еткенін айт­ты. Содан баланы неврапатологқа апар­­­дық. Алайда ол дәрігер баланың жүйке жүйе­сінде ешқандай ауытқудың жоқтығын айтты. Сұрай келе, мамандар логопедке апаруға кеңес берді. Қабылдауына жазылып едік, арнайы курстан өту қажетін айт­ты. Ал бір айлық курсы – 75 мың тең­ге тұрады екен. Күніне 1 сағаттық емін алғаннан кейін қосымша тағы жат­ты­ғуы бар. Оған бөлек, 25 мың тө­лей­сің. Сонда бір балаға 100 мың теңге тө­леуің тиіс. Балаңнан неңді аяйсың? Бір ай емес жарты жылдық курсын алдық. Алайда көңіл толарлықтай нәтиже болмады. Логопедінен неге нәтиже болмай жат­қанын сұрап едік, олар ешқандай ке­пілдік бермейтіндіктерін айтты. Жар­ты жыл босқа әуреленіп, одан қал­са шығындалғанымызға ішім ашып бас­қа логопедке апарып едім. Олар да ешқандай кепілдік бермейтіндіктерін алға тартты. Болмаған соң баламды түрлі әдет-ғұрыппен емдеп көрдім. Бірақ одан да нәтиже болмады. 

Тұтығып сөйлегенінен балам ұя­лып, «мазақтайды» деп көрші балала­ры­мен де ойнаудан қалған. Содан биыл баламды мектепке берейін бе, бер­мейін бе деп сан ойландым. Мектеп жа­сы­на келіп отырғандықтан жолдасым екеуі­міз қатарларынан қалдырмайық деп 1 қыркүйек күні мектеп табалдыры­ғын аттаттырдық. Мұғаліміне барлық жағ­дайды ескерттік. «Енді жағдай қалай бо­лар екен» деп баламыздың қадамына үміт­пен қарап отырмыз, – дейді ана. 

Иә, осылайша баласының болаша­ғына алаңдаулы ана логопед мамандарға де­ген өкпесін  жасырмады. Бір қырынан ло­гопедтерді де кінәлауға болмайтын шы­ғар. Олардың емі әр балаға әрқалай әсер етуі мүмкін ғой. Алайда жарты жыл­да бала тілінде түймедей болсын бір өзгеріс болмады деу ойландырмай қой­­­­майды. 

Әсел Айменова айтқан қазақы ырым-жоралғыларды жасайтындар да қа­зір өңірде көп екен. Қала тұрғыны Са­мат Төлеудің айтуынша, олардың жа­нұясы да осы ырымдардың барлығын жа­сап шығыпты. 

–  Баламды логопедтерге сан апар­­­­ға­нымен айтарлықтай нәтише шық­пағандықтан қазақы ырымдарға жү­гі­нуге тура келді. Ең алдымен наға­шы­­лары жаңа сойылған малдың ішегі­мен қылқындырды. Алайда одан бала шо­ши түскендіктен апасы дүкенге апа­­рып қалаған затын алып беріп, дү­кен­нен аяғымен кейін шығарды. Бұл байырғы ырым болғанымен одан да ба­ла тілі шыға қоймады. Содан біреулер қа­ла шетінде баланың басына қорғасын құя­тын қарияның барын айтты. Оған із­деп барсақ, үйінің алдында ұзын-сонар кезек. Әйтеуір кезегімізді күтіп кір­ген едік, баламыздың бас жағына су құйылған ыдысты қойып, соған там­шылатып қорғасынды құйды. Тарсылдап тамған қорғасын дауысы бала жүй­кесіне әсер етуі керек екен. Әлгі қ­ария тағы бірнеше күн келуіміз керегін ескертіп қайтарғанымен, тағы бір жеті жүріп құйдырған қорғасынымыздан да түк шықпады. Енді не істерімізді білмей отырмыз. Балам мектеп жасына келіп отырса да, биыл мектепке бермеймін деп шештім. Себебі ұлымды сыныптас­тары мазақтап, кекетсе тағы жағдайы ауыр­лап кете ме деп алаңдап отырмын. Қа­зір баламды басқа облысқа немесе өз­ге мемлекетке апарып көрсетсем деген жос­парым бар, – дейді Самат.

Шыны керек, бала тілін шығару үшін мал ішегімен қылқындыру ырымын көп естігенімізбен дүкенге апарып артымен шығару, төбесіне ыдыс қойып қорғасын құю деген секілді ырымдар таң­сық дүние екен. Алайда одан да көп нәтиже шыға бермейтінін ата-аналардың өздері айтып отыр. 

Жалпы, бұл балалар медицинасына келгенде әлі де болса ақсап тұрған тұ­­­­сымыз аз емес екенін айғақтауда. Әсі­ресе, баланың жүйке жүйесінде, пси­хологиясы бағытында көп жұмыс іс­теуіміз қажет екенін көрсетіп тұр. Мүм­кін логопед мамандарымызды өзге мем­лекеттердің тәжірибесін танып келу үшін арнайы оқуға жолдау керек шы­ғар. Әйтпесе, әр бұрыштан ашып ал­ған­ логопедтерден оң нәтиже шықпай отырғанын ата-аналардың шырылы дәлелдеуде. Сондай-ақ логопедтердің де жұ­мысын бір зердеден өткізу керек-ау. Сон­да біліктілері қалып, қалғандары нарық медицинасынан өздігінен сырғып қа­лып қояды. Әйтпесе, ел болашағы са­нал­ған балаларымыздың денсаулығына кім көрінген «тисе терекке, тимесе бұ­таққа» деп  ем айта беретін  болса, мұ­ның арты жақсылыққа апармайтыны ай­қын. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы