Қазақ музыка тарихында еңбегі зор болса да ұмыт қалған өнерпаздар аз емес. Оның себебі әртүрлі. Бірінің артында жоқтаушысы болмаса, енді бірінің қалған мұрасы түгенделмей қалған. Қалың көпшілік есімін білсе де өнерпаздың еңбегі жайлы мүлдем бейхабар. Осылардың қатарында Шәкір Әбенұлы да бар.
Шәкір Әбенұлының үш ішекті домбырамен күй шертіп, ән айтқанын білесіз бе?
3,413
оқылды

Әуелі Шәкірдің ғұмырнамасына қысқаша шолу жасап шығайық. Шәкір (Шәкер) Әбенұлы 1901 жылдың 1 наурызында дүниеге келген. Азан қойып шақырылған есімі – Мұхаммедшәкһүр. Қазіргі Абай облысы Абай ауданы Құндызды ауылында туған.  

Әкесі Әбен Бітімбайұлы болыс, өз заманының беделді тұлғасы болған. Шәкір  әкесінің тәрбиесінде өскен. Жеті жасында әкесінің қалауымен ауыл молдасынан біліп алады. Кейін Семейдегі Приходская мектебіне оқуға түседі. Үш жыл орысша сауатын ашқан соң, 1915 жылы әкесі Семейдің ер балалар гимназиясына оқуға береді. 1916 жылғы көтеріліске байланысты оқуын ары қарай жалғастыра алмай, ауылға қайтыпты. Осы уақыт ішінде «Айқап» журналына Шәкірдің мақалалары шығып тұрған екен.

 

Елге оралған соң өнер қуып, ел аралап, ән айтып, күй тартып, ақындар айтысына қатысып жүреді. Алыс-жақын сапарларының бірінде атақты әнші Әсет Найманбайұлымен де кездесіпті деседі.

1921 жылы Кеңес үкіметі орныққан тұста болыс басқармасының көмекшісі етіп тағайындалады. Шәкір жайлы еңбектерді оқып отырып, бұл қызметінен бір жылдан кейін өз еркімен кеткенін білдік. Себебі – басшылардың қолшоқпары болудан бас тартуы. 1925 жылы басшылыққа Голощекин тағайындалып, қазақ еліне нәубет бірінен соң бірі келген уақытта, әкесі бай-болыс болған Шәкір Әбенұлын қудалау басталады. Осы уақытта Мақаншыға бас сауғалап, атақты Таймас ақынның үйін паналайды. Бірнеше жыл аудандық тері-терсек мекемесінде қызмет атқарады Бұл жайлы ғалым Айбар Қадыровтың Шәкірге арналған «Ақындық әлемі» атты зерттеуінде жазылған. 

1931 жылы  қазақ даласында аштық басталғанда, сол өңірге Алматыдан Сәкен Сейфуллин келеді. Жергілікті билік Шәкірді оның атқосшысы етіп тағайындап, сол өңірді аралатып елдің жай-күйін таныстыру үшін ақынмен бірге қосып жібереді. Кейін Сәкеннің арнайы шақыртуымен 1933 жылы Алматыға жолы түседі. Бірқанша уақыт ел орталығында болған соң Шәкір ауылына қайтады. Бірақ оны елге келгенде «халық жауы» деген жала күтіп тұрады. Көп ұзамай сотталып, 1935 жылға дейін Ақтөбедегі лагерьде қамауда отырады.

Түрмеден бостандыққа шыққан соң әуелі туған жері Абай аудандық жер бөлімінде статист қызметінде, кейіннен шәкіртанушы Айбар Қадыровтың жазуынша, қазіргі Алматы облысы Матай станциясында тұрған туған әпкесі Сағила Бағажановаға (Әбенова) барады екен. 1937 жылы Алматыда «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасын кітап етіп жарыққа шығарып, көп ұзамай Қазақ ССР ғылым академиясының филиалында халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинайтын корреспонденті болып қызмет атқарады. Бұл уақытта ескі жырларды қағазға түсіріп, көптеген ақынның өлеңдерін қорға тапсырады.

Осы ретте оқырмандарға қызық бір ақпаратты жазып кетейік. Алматыда жүрген кезінде Шәкір Ілияс Жансүгіров бастаған зиялылармен жиі араласқан екен. Сол бір жиында Шәкір «Мен Қозы-Баян жырының сіздер білмейтін нұсқасын тыңдағанмын» дейді. Құр сөзге кім илансын? Сонда Шәкір Мақаншыға барып, Қозы Көрпеш – Баян сұлу жырының белгісіз нұсқасын білетін ақсақалды тауып, жаттап алған екен. Біршама уақыттан кейін Алматыға оралып, білгенін айтып берсе керек. 

1940 жылдары Шәкірді тағдыр тәлкегіне салады. Ж. Жабаевтың әдеби хатшылық қызметін атқара жүріп, қуғынға ұшырайды. Содан соң Семейдегі Абай мұражайында қызмет істеп жүрген кезінде тағы да сотталып кетеді. ІІ Дүниежүзілік соғыс басталғанда өтініш жазып, өз еркімен қан майданға аттаныпты. Майданда Сталинград түбінде жаралы болып, 1944 жылы Алматы облысы Матай станциясына келеді. Осы уақытта өмірлік серігі Серікбүбімен бас қосады. Сол жылы Борис Ерзаковичті іздеп барып, өзі білетін ән мен күйлердің ноталық үлгісін қағаз бетіне жаздырады екен.

Кейін туған аулына көшіп келіп, жұмыс талғамай еңбек етеді. Ел аралай жүріп, әртүрлі деңгейдегі кештерде ән айтып, айтысқа да қатысып жүреді. 1949 жылы қайта қуғын көріп, тұтқындалып, Сібірге Александров абақтысына жөнелтіліп, 1955 жылы түрмеден босап шығады. Осылайша, Шәкір Әбенұлы түрлі себеппен әр жылдарда үш рет түрме азабын тартып, өмір қиындықты бастан өткізді. Өмірінің кейінгі жылдары туған ауылы Құндыздыда өтеді.

1991 жылы желтоқсан айында Шәкір Әбенұлы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлықтау сәтінде ақжол тілеп, бата береді.  Көненің көзі 1994 жылы дүниеден озады.

Шәкір Әбенұлы десек алдымен оның суырыпсалма ақындығын айтады. Онысы рас. Өз жанынан шығарған өлеңдері мен әндерін де жұрт біледі. Ал күйшілігі жайлы көп ешкім білмейді. Білсе де айтылмайды. Осы олқылықтың орнын толтырып көрейік. 

Шәкір үш ішекті домбыраны әкесі Әбеннен үйренеді. Сана Шәкірқызының айтуынша, Әбен Бітімбайұлы домбыра тартуды екі баласы Мұхаммедшәкһүрге (Шәкір) және Мұхаммедшәріпке (Шәкірдің ағасы, жастайынан қайтыс болған) үйреткен. Төрт жастағы Шәкір ағасы Мұхаммедшәріпке қарағанда зерек болып, үш ішекті домбыраны тез меңгеріп кеткен екен. Әбен өз кезегінде домбыраны Мұқа атты өнерпаздан тартуды меңгеріпті. Руы Уақ Мұқа домбырадан бөлек скрипканы да меңгерген өнерпаз. Абай Құнанбайұлының жанында жүрген шәкірттерінің бірі. 

Әбен Бітімбайұлы әр кездері үйіне дүлділ өнерпаздарды алдырып, өнер жарыстырып, балаларына ұстаз етіп қалдырып отырған. Солардың бірі – ауылдастары арасында Ағашаяқ атанып кеткен Берікбол Көпенұлы.

Осы ретте этнограф-ғалым Б. Ерзаковичтің мақаласынан үзінді келтірейік: «Шәкір өзін Ағашаяқтың шәкіртімін, оны балалық шағымнан білемін деп отыратын. Оның айтуынша, Ағашаяқтың тағдыры қиындау болған көрінеді. Өзі жарлы, үйсіз-күйсіз болыпты, ауыл-ауылды аралап, ән салып, көп уақыт Шәкірдің үйінде тұрып, олардың шаруасына қолғабыс тигізген, өзі Шәкірдің әкесі Әбенмен жамағайын, әрі өте тату тұрған» (дерек А. Қадыров. «Ақындық әлем» еңбегінен алынды).

Әрине, ауыл аралап, өнерін ұштап жүрген кезінде де, қуғын-сүргінге ұшырап Сібірде немесе Алтайда жүрген кезінде де өнері өрге жүзген өнерпаздармен кездесіп, өнер жарыстырып, өзіне ұстаз тұтқан әнші-күйшілерді кездестіргені анық. Алайда өкінішке қарай бұл жайлы мәліметтерді кездестіре алмадық.

Енді Шәкір Әбенұлының күйшілігі жайлы қарапайым сөзбен түсіндіріп көрейік. Алдыменен көзге түсетіні күй тарту әдісінің ерекшелігі. Шәкірдің көзін көрген адамдармен сұхбаттасқанымызда және аудио таспаларына жазылып қалған өз орындауындағы күйлерді тыңдағанымызда «іліп шерту» әдісін көп қолданатынын байқадық. Яғни, орындаушылық шеберлігінде тек ерсілі-қарсылы төкпе қағыс және шертпе стиліндегі «қара қағыс» емес, үш ішекті домбыраға лайықталған шертіп күй тарту әдісін әбден меңгеріп алған деген қорытындыға келуге болады. 

Біз тыңдаған аудиожазбаларда өнерпаздың күй тартқандағы шеберлігі (техникасы) де жоғары деңгейде болғаның сеніммен айта аламыз. Оң қолының қағысы мығым, ішектерді іліп тарту барысында ешқандай артық дыбысты байқамадық. Бұл жазбалар Шәкір Әбенұлының 90 жасында таспаланғанын  ескерсек, өнерпаздың жас шағындағы шеберлігін жорамалдай аламыз. Бүгінде Шәкір тартты деген 20 жуық күй белгілі. Ішінде өзінің авторлық күйлері және өзге де өнерпаздардың туындылары да бар. Барлығы нотаға түсіріліп, «Шәкір Әбеновтің күйшілік мұрасы» атты күйлер жинақ ретінде жарыққа шықты.

Үш ішекті домбыра насихаттаған кім бар десек, әуелі еске түсетіні – Жарқын Шәкәрім. Ол дұрыс. Десе де оған дейін де үш ішекті домбыраны өзіне серік қылғандар аз емес. Мысалға Ақылбай Абайұлы, Әлмағамбет Қапсәләмұлы, Әубәкір Ақылбайұлы, Исрайыл Ақылбайұлы, Шабдан Әлмағамбетов, Нұрғали Қадырбекұлы, Байтөлеу Нұрғалиұлы, Тайтөлеу Қадырбекұлы, Ысқақ Ермекбаев сынды өнерпаздар үш ішекті домбырада күй тартып, ән салған дейді. Ал артынан аудиожазбасы қалған екі өнерпаз бар. Бірі – Мұсахан Әзілханов (1897-1978 жж.), екіншісі – Шәкір Әбенұлы. 

Біз бұл мақала барысында Шәкір жайлы өмірінің тұстары мен күйшілігі жайлы ғана тоқталып өттік. Ал оның ақындығы мен ұсталығы, аңшылығы мен әңгімешілдігі өз алдына бір бөлек төбе. Әрқайсысын жеке жазу керек. 

Рүстем НҮРКЕНОВ