Сотталушы бизнес субъектісіне одан әрі жеңілдіктер мен преференциялар беру сылтауымен кәсіпкердің 50 млн теңге сомасындағы ақшалай қаражатын иемденгені үшін кінәлі деп танылды.
Ермек Көшербаевтың орынбасарымын деп кәсіпкерден 50 миллион теңге алған алаяқ сотталды
Фото: facebook.com/ErmekKosherbaev
2,415
оқылды

Өскемен қаласының соты алаяқтық жасағаны үшін бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан А. Әбдірахмановқа қатысты үкім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Антикордың хабарлауынша, ол ұялы телефонға қол жеткізе отырып, облыс әкімінің орынбасары ретінде өзін таныстырып, су тасқынының салдарын жоюға көмек көрсету мақсатында өңірдің ірі кәсіпкерлерінің атына қоңырау шалған.

Сотталушы бизнес субъектісіне одан әрі жеңілдіктер мен преференциялар беру сылтауымен кәсіпкердің 50 млн теңге сомасындағы ақшалай қаражатын иемденгені үшін кінәлі деп танылды.

"Сот үкімімен бұрын шығарылған жазаны қосу арқылы оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", – делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сонымен қатар, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Түрлі апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсетуге байланысты алаяқтық жағдайларының жиілеуіне байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтарды қырағылыққа және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.