Автомобиль индустриясы толық өзін-өзі басқаратын, автономды көліктер шығаруға басымдық берді. Бұл өндірісте АҚШ пен Қытай компаниялары арасында үлкен бәсеке бар.
Tesla-ның пилотсыз көліктері жолға шығады
Tesla өзінің барлық көліктерінде толығымен өздігінен жүргізетін технология болатынына уәде берген. Фото bcs-express.ru сайтынан алынды
1,573
оқылды

Aikyn.kz америкалық  CNBC телеарнасының материалына сүйеніп, пилотсыз көліктердің Еуропа мен Қытай жолдарына шығу перспективаларын талдайды.

FSD қызметін қолданғанда жүргізушілер әлі де рульге отырып, жолдан көз алмай, қажет кезде бақылауды өз қолдарына алуы керек. Фото CNBC сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / David Paul Morris

Tesla өзінің толық өзін-өзі басқару қызметін (FSD – Full Self Driving), жүргізушіге көмек көрсетудің ақылы қосымша мүмкіндігін Еуропа мен Қытайда 2025 жылдың бірінші тоқсанында іске қосатынын жариялады. Бұл үшін компания осы елдердегі «нормативтік органдардың мақұлдауын» күтіп отыр. Әзірше Tesla-ға Еуропа мен Қытайда FSD өнімін шығаруға реттеуші рұқсат берген жоқ.

Шілде айында Tesla-ның бас директоры Илон Маск 2024 жылдың соңына дейін аталған екі аймақта технологияны қолдану үшін «реттеуші рұқсатын аламыз» деген жоспарларымен бөліскен еді.

Бүгінге дейін Tesla модельдерінде жүргізушіге көмекші қызметтері орнатылған. Бірақ бұл жүйе көлікті толық пилотсыз басқаруға арналмаған. Tesla инженерлері автономды жүргізу режимі қосылса да жүргізушілер рульді қолымен ұстап, жол қозғалысына мұқият болу қажеттігін ескертеді.  Ал Alphabet-тің еншілес кәсіпорны Waymo пилотсыз роботаксилері Калифорния штатының Сан-Франциско мен Финиксте, Лос-Анджелес қалаларында, және Техас штатының Остин қаласында қызмет көрсетеді.

 

Бейсенбіде (5 қыркүйек) X әлеуметтік медиа платформасындағы жазбада Tesla компаниясы тұтынушыларға FSD қызметі 2025 жылдың бірінші тоқсанында екі аймақта іске қосылады деп жоспарлайтынын жазды. Жазбада бұл қызмет ақылы болады деп айтылған. 

Толық автономды жүргізу (FSD) деп аталатын қызмет Масктың Tesla-ны жасанды интеллектке бағытталған компанияға айналдыру және өзін-өзі басқару технологиясын дамыту стратегиясының негізгі элементіне айналды. Дегенмен FSD қызметі де көліктерді толығымен автономды ете алмайды. Жүргізушілер әлі де рульге отырып, жолдан көз алмай, қажет кезде бақылауды өз қолдарына алулары керек.

FSD – бұл Tesla автопилотының драйвер көмекшісінің жаңартылған нұсқасы, оның ескі нұсқалары Еуропа мен Қытайда бұрыннан бар. Қазіргі уақытта Tesla Қытайда Enhanced Autopilot деп аталатын премиум опциясын ұсынады.

2016 жылдан бастап Маск инвесторларға Tesla бүгінге дейін шығарылған көліктерді толығымен өздігінен жүргізетін технологиямен қамтамасыз ететініне уәде берген болатын. Компания бұл міндеттемені әлі орындаған жоқ, ал бәсекелестер, соның ішінде АҚШ-тағы Waymo және Қытайдағы Pony.ai коммерциялық робототакси бизнесін іске қосып, жетілдіріп отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.