Мәртебелі меймандарға және спортшыларға алғыс айтты.
Президент: «Ұлы дала дүбірі» – еліміз үшін тарихи оқиға
Фото: Ақорда
596
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында бұл әлемдік ауқымда өтіп жатқан айрықша маңызды іс-шара екенін айтты.

Сонымен қатар мәртебелі меймандарға және спортшыларға алғыс айтты.

«Қадірлі қауым!

Құрметті спортшылар!

Бүгін көптен күткен байрақты бәсеке – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады. Баршаңыз қазақ жеріне қош келдіңіздер!

Бұл – әлемдік ауқымда өтіп жатқан айрықша маңызды іс-шара. Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшыларына зор ризашылығымды білдіремін. Мәртебелі меймандарға және спортшыларға шынайы алғыс айтамын.       

Көшпенділер өркениеті – дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет. Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі.

Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи секілді ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты.    

Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті.     

Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды.

Көшпенділер өркениеті – нағыз көнекөз өркениет. Шын мәнінде, көшпенді халықтар барлық құрлықта бар. Олардың ізін Еуропа мен Азиядан, Африка мен Америкадан көруге болады.  

Көшпенділердің мәдениеті, рухани қазынасы, құндылықтары – ортақ. Көшпенді халық – ең алдымен, рухы азат жұрт. Көшпенділер үшін өмір – мәңгілік қозғалыс. Олардың әр қадамы – жаңа әлемге жасалған жасампаз қадам.

Біз – ежелден қонақжай халықпыз. Жаңалыққа – жаны құмар, түрлі мәдениетке – ашық жұртпыз. Біздің өмір салтымыз табиғатпен ерекше үйлесім тапқан. Көшпенділер – тумысынан қайсар халық. Көшпенділердің ұлы көші ешқашан тоқтамайды.

Мыңдаған жылға жалғасқан осы көш қазір басқаша сипатқа ие болды.

Көшпенді өмір салты қайта жаңғырды. Жаһандану дәуірінде ешқандай шекара жоқ. Бір сөзбен айтсақ, қазір заманауи көшпенділер пайда болды. Біз білім алу, жұмыс істеу үшін қоныс аударамыз, басқа елдерге саяхат жасаймыз. Бұл дәуірде біз еркіндік рухын сақтай білуіміз керек. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіру қажет. Біз – даңқты көшпенділердің мұрагеріміз, батыр бабалардың ұрпағымыз. Олар ел мен жерді қорғап, ұлан-ғайыр даланы бізге аманат етті. Осы қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау – бәрімізге ортақ парыз.

Көшпенділер ойындары – осындай игі мақсаттан туған бірегей жоба. Он жыл бұрын осы жарысты алғаш ұйымдастырған қырғыз бауырларға алғыс айтамын. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода. Оны Көшпенділер олимпиадасы деуге болады. Бұл ойындар дала өркениетін жер жаһанға паш етеді. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы.      

Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Елімізде түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біз алыс-жақын шетелдің бәрімен тығыз байланыс орнаттық. Басқа мемлекеттер де өзара достық қатынаста болғанын қалаймыз. Сондықтан Көшпенділер ойындары ынтымағымызды бекемдей түспек.

Құрметті достар!

«Ұлы дала дүбірі» – еліміз үшін тарихи оқиға. Сарыарқаның сайын даласы 5 күн бойы дүбірге толады. Күллі әлем жұрты нағыз көшпенділердің болмысына куә болады. Бұл – бірлік пен татулықтың тойы. Достығымыз мәңгі болсын!» – деп жазылған Президент құттықтауында.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.