Ұлы даланы дүбірге бөлейтін Көшпенділер ойындарында отандық спортшыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.
Бұл дүбірлі доданың қазақ үшін жөні бөлек – Мәулен Әшімбаев
Фото: Ақорда
432
оқылды

Парламент Сенатының Төрағасы, Қазақстан Бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңызына тоқталды.

Сенат Төрағасы бұл дүбірлі доданың қазақ үшін жөні бөлек екенін айтты. Сонымен қатар ұлы даланы дүбірге бөлейтін Көшпенділер ойындарында отандық спортшыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.

«Елордамызда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары салтанатты түрде ашылды. Бұл – төрткүл дүниеге Ұлы дала өркениетін паш ететін және егемен еліміздің абыройын асқақтататын айрықша маңызды іс-шара. Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаев атап өткендей, көшпенділер өркениеті әлемнің қалыптасу жолында өшпес із қалдырды. Соның ішінде жылқыны қолға үйретіп, жаһанның даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелген көптеген бұйымды ойлап тапқан біздің ата-бабаларымыздың рөлі зор. Сондықтан бұл дүбірлі доданың қазақ үшін жөні бөлек. Шын мәнінде, көшпенді халық барлық құрлықта бар. Бесінші рет өткізіліп отырған байрақты бәсекеге әлемнің 89 елінен 2,5 мыңға жуық спортшының келуі - соның жарқын көрінісі. Осы ретте бұған дейінгі сайыстарға қатысқан елдер саны мұндай межеде болмағанын атап өткен жөн. Жарысқа қатысушылар бұл жолы көшпенділердің төл құндылықтарын дәріптейтін ұлттық спорттың 21 түрінен бақ сынайды. Мемлекет басшысы көшпенділер олимпиадасы деп атаған бірегей бастаманың алдағы уақытта аясы кеңейіп, мәртебесі арта түседі деп сенеміз. Жоғары деңгейде өткен бүгінгі ашылу салтанаты сол жолда жасалған маңызды қадам екені анық. Алдағы бес күнде Ұлы даланы дүбірге бөлейтін Көшпенділер ойындарында отандық спортшыларға сәттілік пен жеңіс тілейміз!», - деп жазды Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.