ІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезі – қазақ халқы үшін әдебиеттегі жаңашылдыққа бет алған кезең. Өйткені Абайдың аударма дәстүрі қазақ әдебиетінде өзіндік принциптері мен шеберлік үлгісін алып қана келген жоқ, ол тағылымдық, тәрбиелік және шеберлік үлгісіндегі жаңа сипаттардың тууына негіз болды.
Сирек кітаптардың айтары көп
590
оқылды

Орыс тілін білмеген шәкірттердің ұстазы да Абай болды. Ақындық шеберлігі мен автордың түпнұсқа айтар ойын барынша дәл тауып, дөп басып, қиялға ерік бере отырып, көркемдік деңгейде көркейтіп жазуды дағдыландырған хакім шәкірттерінің алдыңғы шебінде Шәкәрім мен Тұрағұлдар тұр. Шығармалары – классикалық шығармалардың үлгісі. Ал Тұрағұлдың қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі көп. Ақындығынан гөрі шығарма­ларының дені – аудармалар. Заманында Шәкәрім бастаған проза үлгісіндегі аударма жанрын дамытып, ХХ ғасырдың бірінші жартысында орыс және батыс жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне алғаш аударған прозаиктердің бірі болған. 

Қара сөзбен жазылған нағыз көркем шығарманың негізін салған. Адамның жан-дүниесін, болмысын кең ауқымда суреттей келіп, күнделікті өмір құбылыс­тарының көріністерін, сыр-сипаттары мен қым-қуыт тіршіліктерін суреттеп, өнегелі ойды өрнектеп жеткізген.

Қазақ жазушылары әуелде орыс әдебиетінен Максим Горький шығарма­ларына бет бұрып, оларды аударып, халық арасында насихаттаған. Бұл жазушының ықпалын ерекше дара шы­ғар­машылық стильдегі жазушы М.Әуезов болған. Өйт­кені 1927 жылы жаз­ыл­ған алғашқы әң­гіме­лердің бірі «Қараш-Қараш» М.Горьк­ийдің «Челкашының» тікелей әсерімен қағазға түскенін және төңкеріске дейінгі қазақ даласындағы жалғызбасты көтерілісшінің ауыр өмірін суреттей отырып, жазушы М.Горький таптық күрес­тің ерекше жағдайындағы еңбек адамының жан-дүниесін, тал­пы­ныстарын түсінуге ұмтылғанын аңғаруға болады. Сонымен қатар феодалдық-рулық қоғамды сынап, «Челкаш» повесіндегі бейнелі сюжеттік оқиғаларды М.Әуезов те «Қараш-Қараш» повесіндегі Бақтығұлдың бейнесі арқылы қоғамда болған қорлық пен қиянат, зұлымдық пен қылмыс, сатқындық пен жауыздықтың сипаттарын ашып көрсету арқылы оқырманын баурап алып, сол жүйе мен кезеңге апарып-әкелгендей күйді кешіреді. Осы тұста Тұрағұл да М.Горькийдің әңгімелерін аудара отырып, көркем аудар­маның дамуына ықпал еткен.

1922 жылы Семейде Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатұлы тұтқынға алын­ғанда, Тұрағұл да түрмеге жабылып, төрт айдай отырып шыққан соң, елмен ара­лас­пай, Ақшоқыда жатып, жазумен шұғыл­данады. Аударма жұмысымен ай­на­лысады. Тұрағұл да «Челкаш»  әңгімесін аударып, 1925 жылы «Таң» жур­налында жариялайды. 

А.Невровтің «Ортақшыл Мария» мен «Я хочу жить» деген шығармасын «Мен өмірге жерікпін» деп аударып, бастырған. Сондай-ақ Б.Прустың «Әнтек қыран» деген шығармасын да аударған екен. Тіпті, көркем аудармамен қатар сол кездегі тапсырыстар бойынша медицинаға, мал шаруашылығына т.с.с. қатысты ғылыми әдебиетті де тәржімалаған. 

Әкесі Абай туралы деректерді кейінге жеткізген санаулы адамның бірі болған. М.Әуезовтің Абай туралы жазбаларында Тұрағұлға сілтеме жасап отыратындығы да сондықтан. 

1916 жылы майданның қара жұмысына аттанған жігіттер жарақат алған не науқас­танған кезде орыс тілін білмеуіне байла­ныс­ты қазақтың оқыған, тіл білетін аза­мат­тары тілмаш ретінде еңбек еткен, сол «Қазақ» газетінің №221 санында Әлихан Бөкейхан жариялаған тілмаш жігіттердің тізімінде Тұрағұл Абайұлы да көрсетілген. 

Көркем аудармадан бөлек А.Белцерден «Қолдағы малдардың, құстардың құрт ауруы болмағы жайы» (1926), С.Пиридо­линнен «Мал шаруасының накси­хаттары» (1926), Г.Сперанскийден «Балалы әйел не білуі керек» (1927) т.с.с. кітаптарды да аударып қалдырған. 

Тұрағұлдың бұл жұмыстары қысқар­тылған немесе кіріспе аударма емес, қазақ әдебиетінің сол кездегі талап деңгейіне сай келетін аударма еңбектер болған. Кейіпкерінің мінез-құлығын, күрделі қарым-қатынастарын драмаға толы етіп жеткізуде ерекше шеберлік танытқан­дықтан, бұл еңбектері – реалистік тұрғыда жазылған аудармалар қатарында. Тұрағұл өз шығармаларында романтикаға толы, өткір шиеленістерді жеңетін, батылдық, табан­дылық, тапқырлық танытатын жас­тардың өмірін жазып қалдырған сон­дықтан болса керек, америкалық классик жазушы Джек Лондонның шығар­маларына жүгінген. 

«Баланың ерлігі» деген атаумен 1927 жылы Мәскеудегі КСРО халықтарының «Кіндік» баспасынан жарық көрген Джек Лондонның туындысын аударған.  Бұл әңгіменің екінші атауын жақшаға алып «Эскимос елінің тұрмысынан алынып жаз­ыл­ған әңгіме» деп, «Оның мазмұны –  Ескіймос Кійіш деген бала. Кійіштің дол­данғаны, Кійіштің аңшылығы» деп, аударып ұсынады. 

Аудармада баланың ерлігі, оның ішінде Киштің долданғаны, оның аңшылығы және абыройы, жеткен жетістігі сөз болады. «Баяғы заманда Поляр теңізінің түкпірінде өмір сүрген Киш сиқырмен емес, ептілігімен аңшылық етіп, жұпыны кедей үйінен шығып биікке көтеріледі, тайпа көсемі болады. Ол тірі тұрғанда оның халқы аманшылықта өмір сүріп, бірде-бір жесір, бірде-бір қорғансыз қария түнде еттері болмағандықтан жылаған емес деп бәрі Киштің бағасын білді, артында қалған даңқы Темірқазықтың астындағы, теңіздің жағасындағы елден Киштің өткеніне де көп заман болды» деп аяқталады. Жердің әртүрлі полюсі мен экваторындағы климат, адамдардың тұрмыс-тіршілігі, әртүрлі елдер уақыт пен кеңістік туралы құнды мәліметтер берген. Аудармашы ретінде түпнұсқадағы «ертегіні» сақтап, кейіпкер өміріндегі оқиғаларды, түрлі құбылысты романти­калық, ертегілік сарында Д.Лондонның әңгімесінің мазмұнына сай, оқырманға түсінікті тілде жеткізген.

Ақын, аудармашы Тұрағұлдың әдебиет тарихы мен ғылымында және аударма ісінде орны ерек. Аталған еңбектерімен толықтай және түпнұсқада танысып, оқимын және зерттеймін десеңіз, олар Ұлттық академиялық кітапхананың «Сирек қорында» сақтаулы. Кітап 1928 жылы 5000 данамен шығып, оқырманға жол тартқан. Мәтіні араб қарпі, қазақ тілінде жазылған.

Ескіні еске алмай, жаңаның жарқын бей­не­сін тану қиындығын ескерсек, сирек кітаптардың айтары көп. 

Мөлдір ТӨЛЕПБАЙ,

Ұлттық академиялық 

кітапхана қызметкері