Смартфон, планшет пен сағаттар, құлаққаптардың жаңа үлгілерін ұсынатын күз мезгілі де келді. Apple дүйсенбіде (9 қыркүйек) басқа бәсекелестерінен бұрын жаңа өнімдерін ұсынды.
iPhone 16 таңғалдырады
Компания өзінің iPhone 16, Apple Watch және AirPods пен жаңа Apple Intelligence өнімдерімен таныстырды. Фото apple.com сайтынан алынды
2,127
оқылды

Quartz сайтына сілтеме жасаған Aikyn.kz америкалық алпауыттың жаңа өнімдерінің техникалық сипаттарымен, жаңашылдықтарымен таныстырады.Бір жыл бойы күткен Apple-дің жаңа өнімдерінің таныстырылымы дүйсенбіде (9 қыркүйек) Калифорниядағы бас кеңсесіндегі Стив Джобс театрында өтті. Компания өзінің iPhone 16, Apple Watch және AirPods пен жаңа Apple Intelligence өнімдерімен таныстырды. 

Технологиялық алпауыт жаңартылған өнімдермен қатар болашақ құрылғыларда жаңа ЖИ мүмкіндіктері іс жүзінде қандай болатынын және олар қашан дайын болатынын жариялады. Алдымен Apple Intelligence жүйесімен танысайық. Apple Intelligence компанияның жаңа ЖИ құралдары деп ұсынылды. Жасанды интеллект мүмкіндіктерін өзінің өнімдеріне енгізу туралы Apple алғаш рет маусым айында биылғы Дүниежүзілік әзірлеушілер конференциясында мәлімдеген еді.

Компанияның бас директоры Тим Кук: «Ол (Apple Intelligence) қуатты генеративті модельдерді iPhone-ның айрықша сипатын көрсетеді», – деп бағалады.

Жаңа өнімдер Apple-дің нарықтық капитализациясын 4 триллион доллардан асырады. Фото macworld.com сайтынан алынды. Авторлығы: Apple

Apple Intelligence қойылатын өнімдер тізімінде Safari, Notes, Calculator және ең бастысы iOS 18, iPadOS 18 және macOS Sequoia жүйесіне арналған Siri бар. Жаңа технология кескіндер мен тілді түсінеді және жасайды, мәтінді өңдейді, реңін өзгертеді және реттейді, енгізілген сипаттаманы пайдаланып жаңа эмодзилер жасайды.

Енді Siri ассистенті тілдерді тереңірек түсінетін болады, оның жауаптары анағұрлым табиғи, өзекті және қолданушының жеке ерекшеліктеріне бейімделе алады. Бұдан былай iPhone пайдаланушылары ChatGPT-ке өз құрылғыларынан тікелей қол жеткізе алады. Дегенмен бұл жаңашылдықтар телефондарға бірте-бірте қосыла бастайды.

Сарапшылар бүгінгі ЖИ нарығындағы дүрбелеңге қосылған Apple өзінің жасанды интеллект технологиясының көмегімен нарықтық капитализациясын 4 триллион доллардан асыра алады дейді.

iPhone 16 желісі жаңа A18 және A18 Pro чиптерімен, негізгі процессорлармен жабдықталған және Apple Intelligence-пен басқарылады. Фото ctvnews.ca сайтынан алынды. Авторлығы: AP Photo / Juliana Yamada

iPhone 16 құны

Apple-дің жаңа смартфонға белгілеген бағалары мынандай:  iPhone 16 – $799; iPhone 16 Plus – $899; iPhone 16 Pro –  999 доллар; iPhone 16 Pro Max – $1199. iPhone 16 модельдері 20 қыркүйекте сатылымға шығады.

Жаңа Pro үлгілері мен iPhone 15 арасындағы ең басты айырмашылық олардың экран өлшемдері болды. iPhone 16 Pro алдыңғы үлгідегі 6,1 дюймнен 6,3 дюймдік экранға ие болды, ал жаңа Pro Max 6,7 дюймнен 6,9 дюймдік экранға ие болады. iPhone 16 үш жаңа түсте келеді: ультрамарин, көгілдір және қызғылт. Apple компаниясының айтуынша, телефон 15-ші модельдермен салыстырғанда 50% төзім керамикалық экран қойылған. iPhone 16 Pro тағы бір жаңа түске ие болды: Desert Titanium. Оның «басқа Apple өнімдерімен салыстырғанда жиектері жіңішке болады» және бұл түстегі телефондарда «бұған дейінге дисплейлермен салыстырғанда ең сапалы iPhone дисплейі» қойылған.

Бірақ анағұрлым маңызды өзгерістер ішкі жағында болады. iPhone 16 желісі Apple компаниясының жаңа A18 және A18 Pro чиптерімен, негізгі процессорлармен жабдықталған және Apple Intelligence-пен басқарылады.

Компания iPhone 16 үлгісі Apple Intelligence үшін жасалған алғашқы нұсқа екенін және ол қолданушыны таң қалдыратынын айтады. Яғни, жаңа телефондар айтарлықтай жылдамырақ, батареяның қызмет ету мерзімі ұзағырақ және камерасы жоғары сапада болады. ЖИ-мен жұмыс істейтін жаңартулардың арқасында Apple келесі қаржы жылында әлем бойынша 240 миллионнан астам iPhone сатады деп болжануда.

 

Сағаттың батареясының қызмет ету мерзімі 18 сағат және салмағын 20%-ға азайтатын жаңа титан корпусқа орнатылған. Фото wsj.com сайтынан алынды. Авторлығы: Apple

Apple Watch сағаты және AirPods

Apple сонымен қатар Apple Watch сағаттары мен Airpods құлаққаптарының жаңартылған желісін жариялады. Apple Watch Series 10 «ең үлкен дисплейге және ең жұқа дизайнға» ие болады. Алдыңғы нұсқаға қарағанда экран көлемі 30%-ға үлкейтілген.  Сондай-ақ сағаттың батареясының қызмет ету мерзімі 18 сағат және салмағын 20%-ға азайтатын жаңа титан корпусы бар. 

Жаңа Apple Watch 20 қыркүйекте сатылымға шығады және ұялы байланыс мүмкіндігі бар модельдер 399 немесе 499 доллардан басталады. Ал Apple компаниясының «ең берік және қабілетті» Ultra 2 сағаты 799 доллардан басталады.

AirPods 4-тің бағасы 129 доллар, ал шуды белсенді түрде басатын моделі 179 доллар. Фото ctvnews.ca сайтынан алынды. Авторлығы: AP Photo / Juliana Yamada

Apple-дің төртінші буындағы AirPods жаңа H2 чипке ие болды, бұл оларды ең жақсы дыбысты AirPods-қа айналдырды. Бұл сымсыз құлаққаптар USB-C зарядтау корпусы бар Apple компаниясының алғашқы сымсыз құлаққаптары және батареяның жалпы қызмет ету мерзімі 30 сағат деп жарияланды.

AirPods 4-тің бағасы 129 доллар, шуды белсенді түрде басатын моделі 179 доллар. AirPods Max-ке келетін болсақ, Apple үш жаңа түсті ұсынды: күлгін, қызғылт сары және жұлдызды. Олар 549 доллар тұрады.

Сонымен қатар, AirPods Pro 2 жаңа денсаулық функцияларын ұсынады, оның ішінде есту қабілетін қорғау (қатты үзік-үзік шуды белсенді түрде басатын), бес минуттық есту сынағы және есту қабілеті нашар қолданушыларға көмектесетін есту аппаратының да рөлін атқара алады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.