«Бір ауыл – бір өнім» әлеуметтік жобасы Қарағанды облысында да жүзеге асуда. Кәсіпкерлікке жол ашқан бағдарламалар саны артып келе жатыр. Бәрі де халық игілігіне жұмыс істеуде. Дегенмен «әттеген-ай» дейтін тұстар да жоқ емес. Бұл жоба кейбір жүзеге аспай қалған бұрынғы жобалардың кебін кимесе дейміз.
Игілікті жобаларға жол ашық
599
оқылды

Елде отырып, қаладағыны ет-сүтімен, жылы-жұмсағымен қамтып отырған ауыл­дықтар үшін отандық өнімге сұраныс артқан­дықтан, бұл – кәсіп ашуға ниет еткен жандарға таптырмас жоба. 

Бұл жоба қазір әлемнің 30-дан астам елін­де жүзеге асырылуда. Жобаны 2022 жыл­­дан бері Ұлттық экономика министрлігінің қол­дауымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып келеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы алғаш Жапонияда ойлап табылған. Өңірлерді дамыту мақсатында әзірленген жоба халықтың әл-ауқатын арт­тыру­ға елеулі үлес қосты. Жоба аясында белгілі бір аймақтың ерекшелігін көрсететін бірегей, сапалы өнім өндіруге болатын саланы табу, зерттеу көзделген. Сонымен қатар жер­гілікті ресурстардан сапалы өнім өндіруді, бизнесті басқару, маркетинг пен өнімді өткізу мүм­кіндіктерін кеңейту, жергілікті және халық­аралық нарықтарда өнімді тарату, жергілікті брендтер шығару және өнімнің құндылығын арттыру тұрғысынан өндіру­шілердің дағдыларын дамытуға бағытталған.

Жобаға келсек, ауылдағы өнерлі жұрт кәдесый, ұлттық тағам жасап, басқа да керекті бұйымдармен сөрелерді толтыра алады.

Осы жобаның арқасында Абай ауданы Дубовка елді мекеніндегі ешкі сүт өнімдерін шығаратын шаруашылық өз өнімін нарыққа шығарды.

Ал Қарағанды қаласының грантын ұтып алған Меруерт Абзалбек болса қант қосылмаған жент жасап, ұлттық брендке айналдырмақ ниеті бар. 

– Ұлттық тағамды елдің қалауына қарай икемдеу бір қарағанда оп-оңай шаруа емес. Оған ұзақ дайындық пен іркіліссіз ізденіс керек-ақ. Әуел баста бұл ой маған екі жыл бұрын келген-тін. Тағамның оңтайлы форму­ласын құрауға әжептәуір уақытымды сарп еттім. Жалма-жан нутрициолог пен аллерголог ма­манмен кеңес алдым. Көп көмегі тиді. Еп­теп жүріп женттің глютенсіз тары әрі қант­сыз бидай деп ныспылаған екі түрін ел­ге ұсынуға білек сыбана кірістім. Жобам қала әкімінің грантын иеленіп, мерейім өсті. Алақаныма түскен ақшаға жабдық сатып аламын. Әзірге бір адамды жұмысқа орналас­тырдым, – дейді жас кәсіпкер Меруерт Сапарқызы.

Бүгінде Қарағанды облысында бизнес саласы өркендеуде. Өз ісін дөңгелетіп әкеткен 100 мыңға жуық кәсіпкер нәсібін табуда. Олар қос қолдап тірлік етумен қатар 240 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыған. 

– Шағын және орта кәсіптің өрістеуіне бертінгі уақыттан бері жолға қойылған қолайлы инфрақұрылым да септігін мол тигізіп жатқан көрінеді. Рас. Бұл салада іліп аларлық ілкімді істер аз емес. Алдымен про­куратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­мет сынды құзырлы органдар өкілдерімен бір­лескен кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы «Бизнеске жол», «Бизнестің Жол картасы» секілді тыңғылықты бастамалар жемісін бе­ру­де. Атын атап, түсін түстеп өтерлік жо­ра­лы жобамыздың бірі – «Бір ауыл – бір өнім» жобасы. Алғаш жапон халқы ойлап тап­қан бұл ерек іс кейінірек қоңсылас Қырғыз елінде өркен жайған. Біз айырқалпақ жұрттың айылдарын аралап, ой елегінен өткізген соң осы жылы облыс аумағында бөгенайы бөлек бастаманы енгізуді құп көрдік, – дейді обл­ыс­тық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов. 

Жақында Қарағанды облысында көрме-жәрмеңкеде жергілікті шикізаттан жасалған топ-10 тауар анықталды. «Бір ауыл – бір өнім» жобасының 30 қатысушысы өз өнімдерін ұсынды. Комиссия ең жақсыларын іріктеп алды. Жаңа бастаған кәсіпкерлерге өнімді брендтеуге және оны нарыққа шығаруға көмек берілмек.

– Мұндай көрме бірінші рет өткізіліп отырған жоқ. Мақсаты – отандық кәсіпкер­лерді қолдау және жаңа қазақстандық бренд­тер құру. Ешқандай салаға шектеулер жоқ. Негізгі шарт – жергілікті шикізатты пайдалану. 30 қатысушының ішінен 10-ы келесі кезеңге өтеді. Нәтижесінде, бренд комит­еті үш жең­ім­пазды анықтайды. Финал­и­с­тер өндірістік технологиялар, маркетинг бойынша тегін курс оқиды, – деді Қарағанды облысы Кәсіп­керлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бастығы Меруерт Қасымова.

Жұмыс тобының мүшелері барлық тауарды мұқият зерттеп, қатысушылармен сөйлесті. Ұпайлар бағалау парағына қойылды. Басты критерий – шикізаттың жергілікті болуы. Өнім­нің сыртқы нарыққа шығу әлеуеті де маң­ыз­ды. Ассортимент алуан түрлі болды: сүт және ет өнімдері, кәдесыйлар, зергерлік бұйым­дар, керамикадан жасалған бұйымдар, сабын, этностильдегі киім. Металл мүсіндер көпшіліктің назарын аударды. Теміртаудан келген кәсіпкер Ақылжан Елеуғазин хоббиін кәсіп­ке айналдырған. Ол бизнеске бірден кел­ген жоқ. Машина жасау мамандығын ал­ған­нан кейін CNC станогының токары бо­лып жұмыс істеген. Дәнекерлеу ісін әке­сінен үйренген. Қазір олардың шағын от­басылық цехы бар. Негізінен, терезелердегі қорғаныс торларын өндіріп ақша табады. Ақылжан жергілікті металдан мүсіндер құрас­тыруға қызыққан. Басынан аяғына дейін бәрін өзі жасайды, соның ішінде 3D модель­деуге дейін сызады. Биыл 400 АЕК мөл­шерінде мемлекеттік грант алды және жо­баны дамытуды жоспарлап отыр.

Көрмеге қатысушы Жанар Батырханова да өз оқиғасымен бөлісті. Мамандығы бо­йын­ша қаржыгер ретінде органикалық пайдалы тағам өндірісін игерген. Дәрігерлер оған дұрыс тамақтануға кеңес бергеннен кейін өзі үшін сүйек сорпаларын, кето пас­тасын және гхи майын дайындап үйренген.

– Мұндай тамақтану менің денсаулығыма көп көмектесті. Сатылымда көптеген импорт­талған органикалық тағам бар. Мұның бәрін жергілікті шикізаттан өзіңіз жасасаңыз да болады. Бұл арзанырақ. Мен дұрыс тамақтану барлығына қолжетімді болғанын қалаймын. Қазір өз өнімдерімді Instagram арқылы жар­на­малаймын. Арманым – үлкен шеберхана ашу. Әзірге тек өз қалтамнан төлеп отырмын, мемлекеттік қолдау өндірісті кеңейтуге кө­мек­тесер еді, – дейді Жанар Батырханова.

Көрмеде өнген бидайдан жасалған пайдалы нан өнімдері де болды. «Эконан» брендін кәсіпкер Әсел Бекбаева құрды. Осакаров ауданындағы шаруа қожалықтары­ның бірінен астық сатып алады. Пісіру цехы Майқұдықта орналасқан, онда бірнеше адам, соның ішінде мүгедектігі бар жандар да жұ­мыс істейді.

Сөзіміздің басында «әттеген-айды» айтып қалдық. Өйткені бұған дейін де бірнеше жоба қолға алынып, кәсіп ашамын деген ау­ыл­дық жастарға грант берілген болатын. Бір ауылдағы бір ғана көшеде төрт дүкен ашылып, сол көмек ақшасы біткенде үшеуі жабылып, біреуі ғана қалғанын да естіп қана қоймай, көзімізбен де көрген едік.

«Бір ауыл – бір өнім жобасының» жемісін көріп, көрмеден озық шыққан үш кәсіпкер 5 млн теңгелік облыс әкімінің грантына үміт­кер болады. Бұл отандық өнімнің сапалы болуына алғышарт болса керек.

Яғни, бұл жоба кәсіпкерді қолдай отырып, болашақта үлкен нарыққа жол ашуына септігін тигізбек. Сонымен қатар ауыл тұр­ғын­­дары үшін жаңа жұмыс орындарын құр­мақ.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы