Палата төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Мәжіліс делегациясы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы көкпар ойынының финалына барды.
Ерлан Қошанов: Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көшпенділер мұрасының өр рухын көрсетті
491
оқылды

Палата төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Мәжіліс делегациясы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы көкпар ойынының финалына барды. Тартысты бәсекеде Қазақстан құрамасы Қырғызстан командасынан басым түсті.

Үздіктер арасынан суырылып шыққан қос команданың кездесуі әсерлі сәттерге толы болды. Қазақстан мен Қырғызстан негізгі ойынды 4:4 есебімен тең аяқтады. Ал қосымша уақытта Қазақстан құрамасы алға шықты.

 Ойын соңында Ерлан Қошанов чемпиондар мен барша қазақстандықты көкпар ойынындағы жігерлі жеңісімен құттықтады. Ол ақтық сында лайықты қарсыластар, екі бауырлас халықтың мықты ойыншылары кездескенін атап өтті.

Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көрермендерге жарқын эмоциялар сыйлаған нағыз спорт мерекесіне айналғанын ерекше атап өтті. Ойындар ұлттық спорт түрлерінің тартымдылығы мен бірегейлігін, көптеген бауырлас халықты біріктіретін көшпенділердің тарихының рухын сезінуге мүмкіндік берді. Бұл он мыңдаған шетелдік қонақтың қазақтың ұлттық мәдениетімен, әдет-ғұрпымен тереңірек танысуына да жол ашты.

Ақтық кездесуде көкпаршыларды қолдауға Мәжіліс делегациясымен бірге Президенттің көмекшісі Руслан Желдібай мен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек келді.

Жарыс басталар алдында Ерлан Қошанов додаға спорттың 21 түрінен қатысып жатқан қазақстандық спортшылармен әңгімелесіп, оларға сәттілік пен жеңіс тіледі.

 V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Ұлттық спорт түрлерінен жарысқа 89 елден командалар қатысып жатыр.