Форумға әлемнің 12 елінен келген 50-ден астам қандас кәсіпкер, сонымен қатар Қазақстандағы кәсіпкерлер қатысуда.
Қандас кәсіпкерлерге арналған бизнес-форум өтіп жатыр
647
оқылды

13 қыркүйекте Алматы қаласындағы «Қазақстан» қонақүйінде «Отандастар» қорының ұйымдастыруымен шетелдегі және Қазақстандағы отандас кәсіпкерлер арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталған бизнес-форум өтуде.

Форумға әлемнің 12 елінен келген 50-ден астам қандас кәсіпкер, сонымен қатар Қазақстандағы кәсіпкерлер қатысуда. Жалпы, 200-ге жуық қатысушы жиналып, шетелдегі және Қазақстандағы бизнес қауымдастық өкілдері бірлесе жұмыс істеу және тәжірибе алмасу үшін өзара пікір алмасуда.

Форумның негізгі мақсаты – шетелдегі этникалық қазақтарды Қазақстанның экономикалық дамуына тарту және олармен тығыз қарым-қатынас орнату. Сонымен қатар, шара барысында Қазақстанның экономикалық бағдарламалары мен инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылып, шетелдік кәсіпкерлерге заңнамалық қолдау көрсетілмек.

Форумның негізгі міндеттері:

  • Қазақстанның инвестициялық және экономикалық әлеуетін шетелдік қатысушыларға таныстыру;

  • Шетелдегі кәсіпкерлерге Қазақстанда өз бизнесін дамытуға қолдау көрсету;

  • Қатысушылар арасында тәжірибе алмасу және жаңа ынтымақтастық бағыттарын анықтау.

Форум барысында Форум қатысушыларының ұсынысымен «Шетелдегі және Қазақстандағы отандас кәсіпкерлердің Кеңесі» құрылады деп жоспарлануда. Бұл кеңес шетелдегі этникалық қазақтардың бизнес белсенділігін арттыру және олардың мәдени-гуманитарлық құндылықтарын сақтап қалу мақсатында жұмыс істейтін болады.

Қатысушы елдер: АҚШ, Аустрия, Жапония, Иран, Қырғызстан, Қытай, Малайзия, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ресей, Түркия.