Былтыр елімізде жергілікті бюджет кірістері 109,2%-ға артық жиналды. Жоспар жарты триллионнан көп теңгеге асыра орындалған.
Салықтың ханталапайы қазынаны байыта ма?
коллаж: Елдар ҚАБА
611
оқылды

Ал республикалық бюджет кірістері небәрі 99,4%-ға орындалды және салық түсімдері 1,4 триллион теңгеге аз түсті. Осыған орай бір топ депутат ұсағымен шектелмей, енді ірі салықтарды да өңірлерге беру бастамасын көтерді. Бұған Үкімет басшысы қарсы, неге?

Биылғы Жолдауында Президент Қ.Тоқаев салық мәселесіне ерекше мән берді. Журналистер Мемлекет басшысының «салық» деген сөзді тура 25 рет айтқанын есептеді. Орталық жинайтын салықтардың кемуі ке­сірі­нен бюджет тапшылығы бұрын-соңды болмаған рекорд орнатты. Сон­дық­тан Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке бюджет тапшылығының ор­нын толтыратын қаржы көзін табу үшін тиімді компенсациялық тәсіл­дер ойластыруды тапсырды. 

– Бюджетаралық қарым-қа­ты­насты ретке келтіру қажет. Ша­ғын және орта бизнестен түсетін са­лықты аймақтардың өзінде қал­­дыру дұрыс әрі уақ­тылы қа­был­­данған шешім болды. Бұл қа­дам кәсіпкерліктің дамуына едә­уір серпін берді. Сонымен қатар әкім­дер­дің дербестігін арттырды, – де­ді Президент. 

Бұл ретте орталықтағы мем­ле­кеттік органдар ұятты бо­лып тұр. Ауыл-аймақтағы әкім­дер өздеріне тапсырылған салық­ты уақытылы әрі артығымен жи­най­ды. Былтырғы көрсеткішті жо­ғарыда айттық. Бұл тренд биыл да жалғасыпты. 

Мемлекеттік бюджет рес­пуб­ли­­­калық және жергілікті бюджет бо­лып екіге бөлінетіні мәлім. Аты ай­тып тұрғандай, біріншісіне – Үкі­мет пен министрліктер, екін­ші­­­­­сіне – жергілікті әкімдер жауап­­­ты. Аймақ басшылары биыл да са­лық жинауда кезекті рекорд ор­нататын түрі бар. Ал орталық ме­­­моргандардың тірлігіне жан бі­тіру, қимылына серпін беру үшін тағы қандай ауыр сын айтылуы қа­жет? Сөз өтер емес: ресми мә­лі­м­ет бойынша 2024 жылдың бірін­ші жартысында алым-салық­тар­ды, сондай-ақ активтерді, негізгі ка­питалды сатудан түсетін кі­ріс­тер­ді қоса алғанда, республикалық бюджетке 5 трлн 628,1 млрд теңге ғана кіріс түскен. Салдарынан, кі­ріс жоспары небәрі 81,2% орын­дал­ды (биылғы жартыжылдықта 6 трлн 935,1 млрд теңге жинауы тиіс бо­латын). 

Соның ішінде 2024 жылғы 1 ші­л­деде 5 трлн 187,7 млрд теңге ға­на салық жиналды. Яғни, салық тү­сімдері бойынша көрсеткіш қат­ты құлдырап, жоспар бар-жоғы 75,9%-ға орындалған (жарты­жыл­дықта 6 трлн 836,5 млрд теңге са­лық жинауы тиіс еді). Қаржы ми­­­­нистрлігінің түсіндіруінше, рес­­публикалық бюджеттің салық­тар жоспарының 1 триллион 648,8 млрд теңгеге орындалмауына қо­сыл­ған құн салығының (ҚҚС) – 874,1 миллиард теңгеге, корпо­ра­тив­ті табыс салығының (КТС) – 613,9 миллиард теңгеге, шикі мұ­найға экспорттық кеден бажы­ның (ЭКБ) – 86 миллиард теңгеге аз түсуі себеп болды. 

Орталықтағылар өз жоспа­рын орындау үшін көз­бояу­­шылыққа да барған көрінеді: ірі салық төлеушілерді келесі жыл­дың салығын осы жылы аванс­пен төлеуге мәжбүрлейді. Сал­дарынан ол жылдың салықтық базасы ке­ми­ді. Шенеуніктер: «Биылды өт­кіз­сем болды, кейін топан су қап­таса да мейлі» дейтін сияқты. Шен­ділердің бұл тірлігін жоғарғы па­латаның отырысында Сенат Тө­рағасы Мәулен Әшімбаев та сы­наған болатын.

– Бюджеттің шығыс және кі­ріс бөліктері теңгерімге кел­тіріл­ме­ген. Онда шығыстарымыз орасан зор, кірістер бойынша – проблема. Бюд­жет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қорды шығындап жатыр­мыз, бұл жақсылық әпермейді. Бюджет көрсеткіштерінің ненің есебінен көркем етілетіні белгілі. Са­лықтар бойынша аванстық тө­лем­дер есебінен жақсартылады. Осы арқылы алдағы салық тү­сім­дерінен 300 миллиард теңге аванс алып қойған. Мұның сыртында был­тыр отандық экспорттаушы­лар­ға 500 миллиард теңге ҚҚС-ын қайтармай қойған. Тереңдей бер­сек, бюджеттің қандай тетік­тер­мен тәп-тәуір етілетінін білуге бо­­­­лады, – деді Сенат басшысы.

Мұндай тірлікпен мемле­кет алысқа ұзамас. Сол се­­­­бепті орталықтағы шенділердің құр­ғақ уәдесі мен зая тірлігінен қа­жыған сенаторлар олардың жи­най алмай отырған салықтарын аймақ әкімдеріне беру идеясын іл­герілетті.

Әкімдер қайтсе ынталанады?

Президенттің өзі жаңа эконо­ми­ка­лық модельге көшу аясында өңірлердің бюджеттік дербестігін кү­шейту міндетін қойды. Ауыл, ау­дан, қала, облыс әкімдері Астана жақ­қа қарап, қол жайып отырмай, өз проблемаларын өзі шешуі үшін олардың бюджеттерінің табыс көздерін арттыру қажет. Бұл үшін салықтық және салықтық емес төлемдерді жергілікті бюджеттер деңгейіне беру керек. 

Мемлекет басшысы 2023 жыл­ғы 1 қыркүйектегі Жолдауында рес­публикалық бюджеттен кем де­генде 2 триллион теңгенің са­лық көзін жергілікті бюджеттерге тапсыруды жүктеді. Соның ал­дын­да, 2020 жылдан бастап, ша­ғын және орта бизнестің корпо­ра­тивті табыс салығы (КТС) жер­­­­гілікті бюд­жеттерге берілген-тін. «Өзімді­кі дегенге, өгіз қара күшім бар» де­­­­гендей, осыдан кейін жергілікті би­лік оны белсенді жинауға білек сы­бана кірісті.

Соның арқасында әкімдер өз бюд­жеттерін үш жыл ішінде қо­сым­ша 3,4 триллион теңгеден ас­там кіріспен толтырды. Өңірлік ша­ғын және орта кәсіпкерлік ау­да­ратын КТС-тің жыл сайынғы өсу қарқыны 40%-дан асып кетті. Бұл КТС өңірлік барлық салықтық тү­сімнің бестен бір бөлігін құ­рай­ды: үлесі 20%-дан асты. Осыны кө­ріп шабыттанған депутаттар ен­ді ұсақ емес, ірі бизнестің де КТС-ін әкімдерге берейік деп отыр. 

– Осылайша, өңірлер өркен­деу үшін қуатты экономикалық ын­­таландыруға қол жеткізді. Алай­да әкімдерді сайлау институ­ты­­ның енгізілгеніне және жергі­лік­ті бюджеттердің табыс бөлігін кеңейту бағытында бірнеше жыл жұмыс жүргізілгеніне қарамастан, ауыл-аймақтың қаржылық тәуел­сіздігі мәселесі түбегейлі шешіл­мей, көкейкесті болып қалды. Мем­лекеттік басқаруды орталық­сыз­дандыру аясында жергілікті мем­лекеттік басқару мен өзін-өзі бас­қарудың тиімділігін арттыру және жауапкершілігін көтеру үшін алдымен функционалдық талдау жүргізу қажет. Оның барысында жергілікті атқарушы органдардың жаңа функцияларды орындауға дайын­дығын қарау керек, – деді бастама авторының бірі, сенатор Бекбол Орынбасаров.

О­сы талдау әкімдердің жаңа өкі­леттік-функцияларды орын­дау­ға әзір және біліктілігі мен ада­ми ресурстары жеткілікті еке­нін көрсетсе, онда сенаторлардың ай­туынша, республикалық бюд­жет­тің бірқатар кірістерін жергі­лік­ті бюджеттерге табыстаған маңыз­­ды. Олар біріншіден, ірі биз­­нес субъектілері төлейтін кор­по­­ративті табыс салығын (КТС) да әкімдерге беруді ұсынды. Бү­гін­де елдегі мұнай-газ, тау-кен өн­діру секторы, машина жасау, та­мақ, жеңіл, химия, басқа да өнер­кәсіптердегі 1 370 ірі ком­па­ния, зауыт-кәсіпорын орталыққа КТС төлейді. Екіншіден, депу­тат­тар Үкіметке шағын және орта биз­нес субъектілерінен қосылған құн салығын да әкімдер жинауы керек деді. Үшіншіден, Қазақстан тер­риториясына импортталатын тауар­лардан акциз жинау құзырын жер­гілікті биліктер қан­жы­ға­ла­ға­ны жөн. Бұдан республикалық бюд­жетке 150 миллиард теңгеден ас­там акциз алымы түседі. Төр­тін­ші­ден, кең таралған пайдалы қаз­ба­ларды өндіру салығын да сол ба­ғытта аттандырған абзал. Бесін­ші­ден, түрлі мемлекеттік мекеме са­латын әкімшілік айыппұлдар, өсім­пұлдар, санкциялар, өнді­ру­лер де жергілікті бюджеттерді жа­рылқаса, құба-құп.

Бір топ Сенат депутатының пайым­дауынша, бұл түсімдерді ха­лыққа ең жақын жергілікті бюд­жет­терге тапсыру – «Әділетті Қа­зақ­станда» кірістерді барынша әді­летті бөлуге мүмкіндік беріп, ауыл-аймақтың дамуына оң ықпа­лын тигізеді.

Үкімет басшысы неге бас шайқады?

Жергілікті бюджеттердің кіріс бө­лігін арттыру бағытындағы іс-ша­ралар өз жемісін беріп жатыр. Мы­салы, Астана іргесіндегі, Ақ­мола облысының Ақмол ауылдық округі бюджетінің кіріс бөлігі 2022 жылы 63,3 миллион теңге ғана бо­­­лыпты. Оның өзінде салық тү­сім­дері 23,8 миллион теңгені құра­ған. Тиісінше, бұл ауыл өз шығыс­та­рының шамамен үштен екі бө­лігін жоғары тұрған бюджет­тер­ден дота­ция түрінде алып күнелт­кен. 

Қазір бұл тұрғыда жағдайы күрт өзгерді: Ақмола облысының Целиноград аудандық мәслихаты бекіткен шешімге сәйкес, Ақмол ауылдық округінің 2024 жылғы бюд­жетінің кіріс бөлігі 2,1 еседен астамға өсім, 133,2 миллион тең­ге­ге жетті. Бір қуантарлығы, со­ның ішінде Ақмолдың биылғы са­лықтық түсімдері – кем дегенде 104,6 миллион теңгені құрайды деп жоспарланған. 

Сөйтіп, салық түсімдері бір­­ден 4,3 есеге артып шы­ға келді. Ол биыл жоғары бюд­жет­­тер­ден 8,6 млн теңге ғана транс­­ферт алмақ. Мұндай қар­қын­мен бо­лашақта дотациялық елді ме­кен­нен донор ауылға ай­налып шы­ға келуі ықтимал. Ау­қаты арт­қан ауылдар елде көп болса керек. Енді ірі салықтарды соларға берсе, елде миллиардер ауылдар қаптар ма еді?

Бірақ Премьер үзілді-кесілді қар­сы. Ол наразы ұстанымын Се­нат­қа хатында жария етті. Олжас Бек­тенов өңірлердің бюджеттік дер­бестігін арттыру жұмысын Үкі­меттің тұрақты жүргізіп жатқанын мә­лімдеді. 

– Талдау көрсеткендей, жер­гі­лікті бюджеттің кірісі оң дина­ми­ка­ға ие. 2020 жылы шағын және ор­та бизнестің корпоративті та­быс салығын жергілікті деңгейге беру нәтижесінде оларға 3,4 трил­лион теңгеден астам табыс түсті. Бұл қадам ауыл-аймақта іскерлік, кәсіпкерлік белсенділікті арт­тыру­ға қозғау салды. Бұған қоса, был­тыр мемлекеттік баждың, тө­лемдер мен салықтық емес түсім­дер­дің жекелеген түрі де жергілікті бюджеттерге ауыстырылды. Со­ның арқасында олар шамамен 90 миллиард теңгенің кіріс көзіне ие болды, – деді О.Бектенов.

Білгеніміздей, бұрын респуб­ли­­­калық бюджетті толтырып кел­ген келесі төлемдер 2023 жылы әкім­дердің еншісіне беріліпті: бі­рін­шіден, жануарлар әлемін пай­даланғаны (аңдар, құстар, ба­лық­тарды аулағаны) үшін төлемдер. Екін­шісі – жеке басты куәлан­ды­ру­шы құжаттарды (паспорт, жеке куә­лік, туу туралы куәлік), жүр­гізу­ші куәліктерін бергені үшін мем­­лекеттік баж. Үшіншісі – но­та­риалдық іс-қимылдарды жа­са­ғаны үшін мемлекеттік баж, төр­тін­шісі – сотқа талап арыз (талап қою) бергені үшін жиналатын мем­­лекеттік баж. Бесіншісі – сот орын­даушылары, сот приставтары салған әкімшілік айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, өндіріп алған өтемақылар және басқа­лары.

Экономистердің айтуынша, жер­гілікті деңгейлерге тек түсімі тұ­­­р­ақты болып келетін кіріс қай­нар­лары табысталады. Пре­зи­дент­­тің 2022 жылғы 10 қыр­күйек­тегі №1005 Жарлығымен, жер­­­­­гілікті би­ліктерге ағымдағы салықтарды, же­ке табыс салығын, сондай-ақ әлеу­меттік, көлік, мүлік, жер са­лық­тарын және басқасын жинау құ­зыры берілді. Бұл салықтар әр­бір елді мекенде тіркелген тұр­ғын­дар, дара кәсіпкерлер, ком­мер­ция­лық ғимараттар және басқа ны­сандар сияқты жергілікті салық ба­засынан жиналады. Олар жер­гі­лікті бюджеттің орнықты табыс кө­зі саналады және экономикалық дағдарыстар оған көп ықпал етпейді. 

«Ал алып бизнес төлейтін ҚҚС, КТС сияқты өңірлер бойын­ша біркелкі орналаспаған салық ба­засынан жиналатын ірі салық­тар республикалық бюджет құзы­рын­да қалды. Себебі бір өңірдің же­рі мұнай-газ, түрлі метал сияқ­ты қазынаға бай, басқасы – жұтаң. Бірінде ірі зауыт-кәсіпорын көп, екіншісінде – некен-саяқ. Егер мұ­ны өңірлерге берсе, бірі шыл­қы­ған бай, екіншісі – тақыр кедей бо­лады. Ірі салықтарды өңірлерге та­ратып берсе, кедейлеріне кө­мек­тесетіндей, орталық бюджетте күш-қуат қалмайды», – дейді эко­номист Қ.Қаппаров.

Өз кезегінде О.Бектенов кор­по­ративті табыс салығы (КТС) рес­­­публикалық бюджетке тек ірі кә­сіпкерлік субъектілерінен – тау-кен, өңдеу секторларындағы ком­паниялардан түсетінін жеткіз­ді. Бұлардың төлейтін салығының көлемі жаһандық конъюнктураға, әлемдік биржаларда шикізат пен металға қандай баға орнайтынына қатты тәуелді. Үкімет басшысы сон­дай-ақ ірі бизнестің КТС-ін неге әкімдерге беруге болмайты­нын айтты.

«Ірі бизнес негізінен Астана мен Алматыда тіркелген. Тиісін­ше, бұл салықтың ең көп түсімі де осы екі мегаполиске тиесілі. Мы­салы, 2023 жылы республикалық бюд­жетке 3 трлн 889,6 млрд теңге КТС түсті. Соның ішінде Алма­ты­дан – 1 трлн 335,7 млрд теңге не­ме­се 34,3%-ы, Астанадан – 733,4 млрд теңге немесе 18,8%-ы ауда­рыл­ды. Яғни, корпоративті табыс са­лығының 50%-дан астамын он­сыз да республикалық бюджет­тің доноры болып отырған екі қа­ла береді», – деді Олжас Бектенов. 

Сондықтан ірі салықтарды өңір­лердің ханталапайына тастау ту­ралы бастаманы Үкімет құпта­ма­ды. Бұл жерде «қазіргі қалып­тас­қан диспропорцияда КТС-ті өңір­лер арасында бөлу облыс­тар­дың орталықтан алатын субвен­ция­ларының қысқаруына әкел­мей­тіні» де дәйек ретінде алға тар­тылды. Қарапайым тілмен айт­қанда, өңірлер ұсақ-ірі салық­тар­ды тегіс өзі жинаса да, орта­лық­тан субвенция, трансферттер дә­метуін қоймайды. Әйткенмен, пі­кірталас жалғасады.

Елдос СЕНБАЙ