Жалдық сипаттағы Байқоңыр қаласында басы ашық мәселе аз емес. Коммуналдық төлемге қатысты түйткілдер, денсаулық, білім саласына байланысты шешімін күткен мәселелермен қатар, жалға алушы мемлекеттің меншігіндегі әлеуметтік және стратегиялық маңызы бар ғимараттарды елге қайтару жайы әлі де өзектілігін жоймай тұр.
Байқоңыр бізге не берді?
2,000
оқылды

Бір кездері жабық қалашықтың дәурені дүркіреп тұрды. Еліміздің өзге өңірлерінде кездесе бермейтін киім-кешек, тұрмыстық бұйымдар мен азық-түліктер осы өңірден табылатын. Көпшілік қаладағы туыстарын жа­ға­лап, сапалы тауарларды алуға тырысатын. Бұл – 90-шы жылдар шамасындағы ахуал.

Уақыт өте келе замана заңы өзгерді. Жер кіндігі саналған аймақтың кілті өз қолымызға тиеді деген ұрандар айтыла бастады. Жалға берілген қалашықтағы кейбір нысандар кезең-кезеңімен өзімізге қайтары­ла­тыны тілге тиек болды. 

Мәліметке сәйкес, осыдан 10 жылдан астам уа­қыт бұрын, яғни 2012 жылдар шамасында, екі ел арасында ғарышты игеруде бірқатар келіспеушілік болып отырғаны сөз болған еді. Соған орай Бай­қоңырды Ресейге жалға беру мәселесін 2013 жылдың аяғына дейін қайта қарау, ғарыш аймағындағы нысандарды біртіндеп Ресей меншігінен шығарып, екі ел бірлесе пайдалануға көшпек деген де пікірлер айтылып қалып жатты. Бұл жайында сол кездегі «Роскосмос» төрағасының орынбасары Сергей Савельев те растаған болатын. 

Уақыт өте келе, сол кездері Ресей тарапы Қазақ­станның шарттарын қабыл алғаны мәлім болды. Соған сәйкес, Ресей ғарышты қалашықтағы мен­шіктелген объектілердің біразын өзімізге қайтара отырып, бірлесе пайдалануға уағдаластық жүргізіліп жатқаны жарияланды. Соның негізінде жалға алу меншігінен шығарылған нысандар екі ел тарапынан бірлесе пайдаланылып қана қоймай, қазақ мамандарды оқытуға мүмкіндік жасау, Ресей мамандарымен бір­ле­сіп, ғарыш кешенін жасақтауға атсалысу да көзделген. Тағы бір айта кететіні, Ресей тарапынан Байқоңырдан ұшырылатын протондарды кезең-кезеңімен азайтып, 2020 жылға қарай мүлде тоқтатылу мүмкіндігі де сөз болғаны ел есінде. 

Хош, сонымен арада 10 жылдан астам уақыт артта қалды. Жағдайдың қалай өзгергені елдің көз алдында өтті. Қазіргі протон зымыран тасығышының жайы көпке мәлім. Ал жалға беру меншігінен шыға­ры­лып, бүгінде елге қайтарылып жатқан нысандардың жағдайы қалай? 

Қазір де жабық режимдегі Байқоңыр қаласындағы нысандарды жалға беру меншігінен шығару мәселесі үлкен маңызға ие. Бұл тұрғыда кешеннің арнаулы өкілдігінің мәліметіне сәйкес, «Байқоңыр» кешенінің мүлкін ұтымды пайдалану және жаңа жұмыс орын­дарын құру мақсатында Қызылорда облысы әкімдігімен жүйелі жұмыстар жүріліп жатса керек. Осы кезге дейін бірқатар нысан өз меншігімізге қайтарылған. Жалдан шығарылған объектілерді ел игілігіне пайда­лану жолдары да сәтті жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеп отыр.

«Атап айтқанда, 2021 жылы «Байқоңыр» кешенінің турис­тік әлеуетін дамыту мақсатында «Россия» қонақ­үйінің бұрынғы ғимараты жалдан шығарылды. Қазақстандық инвестор нысанға реконструкциялау және жаңа қонақүй кешенін ашу бойынша жұмыс жүргізді. Оған құйылған инвестиция көлемі 2 млрд теңгеден астам қаржыны құрады. Бүгінде 114 нөмірден тұратын заманауи қонақүй жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, қалада қазақстандық мектепке дейінгі ұйым­дардың санын ұлғайту жайы назардан тыс емес. Осы мақсатта 2023 жылдың желтоқсанында Байқоңыр қаласы әкімшілігінен жалдан шығарылған нысандар бойынша облыстық Білім басқармасымен қазақстандық білім беру стандарттары бойынша екі балабақша ашылды. Осы арқылы балабақшаларға кезекке тұру жүк­темесін екі есеге (460-тан 233-ке) төмендетуге мүм­кін­дік артты», – деп түсіндірді бұл жайында өкілдіктің бас инспекторы Данияр Тәжімбет.

Осындай жұмыстардың жарасымды жалғасы ретінде биылғы шілде айында облыстың коммуналдық меншігіне Байқоңыр қаласы әкімшілігінен тағы бір нысан қабылданыпты. Өкілдіктің мәлімдеуінше, жалдан шығарылған ғимараттан қараша айына дейін кезекті қазақстандық мектепке дейінгі мекеменің ашыл­уы жоспарланып отыр.

Соныман қатар ғарышты қалашықтан жаңа әлеу­меттік және кәсіпкерлік нысандар ашу көзделуде. Осындай кәсіпкерлікті дамыту жоспары аясында қала аумағында орналасқан 9 нысанды облыстық ком­муналдық меншікке қабылдау, оны мүдделі ин­вес­торларға беру бойынша жұмыс жүріліп жатқанын да алға тартты. Соның негізінде 300-ге жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда екен.

Кәсіпкерлік демекші, жалдық сипаттағы Байқоңыр қаласында кәсіпкерлік саласына қатысты түйткілдер көп жылдан бері қордаланып жатыр. Жергілікті жұртшылық кәсіп жасауға ниетті жандарға кесе-көлденең кездесетін кедергі көп екенін тілге тиек етеді. Ең бастысы, Байқоңыр қаласында Ресей заңнамасына сәйкес салық төлеу міндеттелген. Ал бұл біздің елдің валюта бағамына шыққанда өте қымбатқа түседі. Сондықтан көп кәсіпкер қала ішінен кәсіпкерлік нысан ашуға құлықты емесін айтып ашынады. Соның салдарынан жабық қалашық қымбатшылық құрсауында қалып тұр.

«Байқоңырда бірқатар нысанның өзімізге қайтарылып жатқаны рас. Алайда жалдан шығарылған кейбір объектілерді әлі де өз деңгейінде пайдалана алмай отырғанымыз жасырын емес. Бұған дейін бір зауыт жалдан шығарылып, өзімізге қайтарылды. Жергілікті бір кәсіпкер аталмыш нысаннан әскери формалар тігетін зауыт ашуға құлықты болды. Бірақ салық төлеміне қатысты кедергілерге байланысты кәсібін ашу тиімсіз болып тұрғанын айтады. Негізінен, мұндай кедергі көптеген кәсіпкердің өз кәсібін жүргізуіне қолбайлау болып тұр. Себебі елімізден кіргізілген тауар жабық қалашықта шетелдік өнім болып табылады. Соған орай оған қойылатын салық көлемі айтарлықтай қымбатқа түседі. Осы келеңсіздікті құзырлы орындарға талай мәрте айтқанымызбен шешімін табар емес», – деп ашынады қала тұрғыны Кеңшілік Күзембаев.

Тұрғылықты халықтың уәжіне құлақ түрсек, коммуналдық төлемге қатысты мәселелер де тізбектеліп шыға келеді. Ең қиыны, халық жарық пен жылуға төленетін төлемақы Байқоңыр қаласында елімізде бекітілген тарифке қарағанда бірнеше есеге қымбатқа түсіп тұрғанын айтып, мұңын шақты. Соған орай Байқоңыр қаласында коммуналдық төлемдер қазақстандық тариф негізінде бекітілсе деген талап-тілегін жеткізіп отыр. 

Қорыта айтқанда, кезең-кезеңімен жалдан шығарылған нысандардың ел игілігіне пайдалануға беріле бастағанын жергілікті жұртшылық жылы қабылдап отыр. Алайда қымбатшылық қамытын киген жабық қалашықтағы кейбір мәселелер әлі де шешімін күтіп тұрғаны аңғарылады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы