Қолданыстағы «Отау» ипотекалық бағдарламасына қоса, «Наурыз» деген қастерлі атауы бар жаңа тұрғын үй бағдарламасының іске қосылатынын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың биылғы отырысында жариялаған.
«Наурызға» ел риза ма?
994
оқылды

Жаңа бағдарламаның міндеті ауыл және аудан орталығының тұрғындарын баспанамен қамту болмақ. Бүгінде қос бағдарлама қатар жұмыс істейді және халық арасында танымал. Дегенмен «Отау» аясында арзан ипотека беру шарттары өзгертіліп отыр.

«Наурызбен» ел өмірі жаңарады

Әз-Наурызда табиғат пен тұтас тіршілік түлеп, жаңаратыны сияқты «Наурыз» бағ­дар­ламасы арқылы баспанаға қол жеткізген от­басылардың жаңа өмірі басталып, жар­қын болашаққа жолы ашылса керек. Мұ­ның сыртында, баспана – жұрттың тұрмыс са­пасын танытатын тағы бір маңызды көр­сеткіш екені белгілі.

– Биылғы 1 наурыздан бастап іске қо­сыл­ған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие. Бұған қоса, ауыл және аудан орталығының тұрғын­да­рына арналған жаңа тұрғын үй бағдар­ла­ма­сын қолға алу керек. Онда әлеуметтік осал топтар үшін несие 7%-дан аспауы қа­жет, – деді Мемлекет басшысы Ұлттық құ­рыл­тайдың ІІІ отырысында. 

Бұл жиын 2024 жылғы 15 наурызда өткендіктен, жаңа тұрғын үй бағдарламасына «Наурыз» деген атау берілді. 

Жалпы, жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуінің және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуының өзге салаларға мультипликативті әсері мол. Біріншіден, соның арқасында жетімбұрыш жағалап жүрген, тұрғын үй кезегінде жылдап тұрған отбасылар баспаналы болып, бақыт құшағына бөленеді. Екіншіден, елде құрылыс қарқынын арттырады. Бұл – экономика өркендеп, ЖІӨ өсуіне серпін беріледі деген сөз. Себебі құрылыс – Қазақстан экономикасының базалық 6 саласының бірі. 

Үшіншіден, құрылыс саласында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Бірақ кез келген алып құрылыс күндердің күнінде аяқталады. Олар екі қолға бір күрек таба алмаса, жұмыссыз­дар армиясының қатарын қалың етпек. Ендеше оларға және өзгелерге жаңа жұмыс орындары ашылады. 

Айта кету керек, «Отау» және «Нау­рыз» атты қос бағдарламаның операторы болып, Отбасы банк бекітілді. «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы саналатын осы мемлекеттік банктің консультанттары «Наурыз» бағдарламасының шарттарын түсіндірді. 

Ең алдымен, олардың айтуынша, халықтың әлеуметтік осал топтары санаты бойынша баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін ипотеканың сыйақы ставкасы – 7% (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 7,3%-дан 8,9% дейін). Осылайша, бірінші кезекте, бағдарлама әлеуметтік аз қамтылған топтарға бағытталған. Бірақ үй кезегінде тұрған басқа санаттар да қатыса алады. Тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтар, қандастар мен Қазақстанның өзге де азаматтары үшін ипотека 9%-бен (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8%-ға дейін) беріледі.

Тағы бір басты шарт: өтініш иесінің Отбасы банкінде салымы болуы және онда кем дегенде 1 млн теңге сақталуы керек. Оны бір күнде енгізуге, не осы банкте депозит ашып, жинақтауға да болады. 

«Жинақтау мерзімі ескерілмейді, ол үшін балл берілмейді. Бағдарламаға қатысуға өтініш берген сәтте депозитте кемінде 1 млн теңге болуға тиіс. Жинақтау сомасы бұдан төмен депозиттер бағдарламаға қатыстырылмайды. Бұл соманы дәл бағдарламаға қатысуға өтініш берер алдында аударуға да болады», – деді банк қызметкерлері. 

Есесіне бұл ипотекамен арзан, мол несие алуға болады: заемның ең жоғары сомасы (жөндеу жұмыстарын қоса есептегенде): Астана, Алматы қалалары үшін 36 млн теңгеге дейін. Қалған өңірлер үшін 30 млн теңгеге дейін. Тиісінше, таңдауға болатын баспана «ассортименті» артады.

«Наурыз» бойынша алғашқы жарна: заем сомасының 20%-ынан басталады. Мысалы, баспана 30 миллион тұрса, 6 миллион теңге бастапқы жарна енгізу талап етілмек.

Несиелеу мерзімі – 19 жылға дейін. Қарыздың нысаналы мақсаты – тұрғын үй сатып алу, бір банктік қарыз шарты шеңберінде тұрғын үй сатып алу және бастапқы тұрғын үйді жөндеу. Бағдарламаның өзге шарттарының егжей-тег­жейін банктен білген жөн. 

Айтпақшы, «Отау», «Наурыз» бағдар­­­ламалары бойынша дәл қазір қосымша өтініш қабылданып жатыр. Бірінші қабылдау биылғы шілдеде жүзеге асырылған. Отбасы банктің тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға қосымша өтініш қабылдау кеше, 16 қыркүйекте басталып, 25 қыркүйекті қоса алғанға дейін жалғасады. Қатысуға өтінімді «Баспана маркет» порталында (otbasybank.kz) беруге болады. Жалпы саны қанша жаңа өтінімді қабылдайтынын банк кешірек хабарлайды.

Халық бағдарлама игілігін көруге асық

Бұл бағдарламалардың халық арасында танымал екенін мына жайттан білуге болады: осының алдында, биылғы шілдеде бірден 40 мыңға жуық қазақстандық (38 841) өтінім берді. Салдарынан, өтініштердің ғаламат тасқынын еңсере алмай қалып, мемлекеттік банктің «Баспана маркет» порталы аз уақытқа істен шығыпты.

«Ақпаратты өңдеудің үлкен көлеміне – шамамен 40 мың өтінімнің берілуіне байланысты техникалық ақаулар болды. Оны банк мамандары тез арада жойды. 15 минут ішінде ақпарат жаңартылып, түзетілді. Қазір банк клиенттерінің жеке кабинеттерінде «Наурыз» бағдарламасына қатысу мәртебесі туралы мәліметтер дұрыс көрсетілген», – деп түсініктеме берді банк.

Отбасы банк мамандары ұпайлар автоматты түрде есептелетініне және «Наурыз» бағдарламасына қатысушылардың «тізімге өтті» және «тізімге өтпеді» деген мәртебесі банк қызметкерлерінің қатысуынсыз берілетініне сендіреді. Бағдарламаны іске асырудың барынша ашықтығы үшін қатысушылар тізімі – аты-жөні банктің сайтында ашық орналастырылған. Әрбір адам өтінімдерді іріктеу және балдарды есептеу нәтижелерімен сонда таныса алады.

Жоғарыда бағдарламалардың жай-­жапсарын банктің өзінде нақтылау керектігі айтылды. Себебі олар өзгеріп тұрады. Соңғы жаңалық сол, қос ипотеканың операторы «Отауға» өзгерістер енгізіп, оның шарттарын «Наурыз­дікіне» теңестіруге ұйғарды. Сонда не өзгереді? 

Біріншіден, «Наурыздағы» сияқты, «Отаудың» халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы үй кезегінде тұрған азаматтар үшін пайыздық ставкасы 9%-дан 7%-ға (ЖТСМ 7,3–8,4% дейін) түсірілді. Екіншіден, депозитті ұзақ жинақтамай, дәл өтінім беру алдында ашуға рұқсат етілді. Бұрын «Отау» бойынша депозит кем дегенде 18 ай бұрын ашылуға тиіс болатын. Енді салымды жинақтау мерзіміне шарттар қойылмайды. 

Үшіншіден, несиенің ең жоғарғы шегі ұлғайтылды: Астана, Алматы қалаларында – 36 миллион теңгеге дейін, басқа өңірлерде – 30 миллион теңгеге дейін тұратын баспананы арзандатылған осы ипотекалармен алуға болады. Соның нәтижесінде, эконом-класпен шектелмей, комфорт және одан жоғарылау сыныптағы баспананы алуға мүмкіндік берілмек. Бұған дейін ең жоғарғы шегі қос бас мегаполис үшін – 30 миллион, өзге өңірлер үшін – 18 миллион теңгемен ғана шектелетін-тін.

Төртіншіден, Алматы және Астана қалаларында тұрғын үй сатып алу орны бойынша тіркелу талабы жойылды. Кез келген клиент олардан баспана ала алады. 

Бесіншіден, «Наурыз» бағдарламасы негізінде екі бағдарлама бойынша да балл-ұпайларды есептеудің бірыңғай, бірдей жүйесі енгізіледі: салым көлемі үшін – әрбір 1 мың теңгеге 1 балл. Клиент­те некесі ресми тіркелген отбасы бар болса – 5 балл. Өзімен бірге тұратын балалары болса – 10 балл (балалардың саны, көптігі не аздығы рөл ойнамайды). Әлеуметтік аз қамтылған статусы болса – 10 балл. Отағасы мен отанасы 35 жасқа толмаған жастар болса – 5 балл қосылады. 

Осы арқылы бұл мемлекеттік бағ­дарламалар некені ресми тіркеуге және тездетіп бірінші баланы дүниеге әкелуге ынталандырады.

Жетілдіретін тұсы жеткілікті

Отбасы банк қос ипотека бойынша берілетін ипотекалардың саны ұқсас, бір-біріне жақын болып келетінін жеткізді. Демек, танымалдылығы жөнінен деңгейлес. 

– Бүгінде 1 900-ден астам отбасы «Наурыз» бағдарламасымен қоныс то­йын атап өтті. Ал «Отау» бағдарламасы бойынша 1 734 адам несие алды. Тағы 5 мыңға жуық адамның несие туралы өтініші мақұлданды және олар енді сатып алуға бағасы қолайлы баспана іздеуде. «Баспана маркет» порталында олардың барлығына таңдау үшін 560 тұрғын үй кешені ұсынылған. Олардағы 9 183 пәтердің кез келгенін брондай алады, – деп мәлім етті банк қызметкерлері.

Отбасы банкінің түсіндіруінше, биыл іске қосылған жаңа «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларына қатысу үшін қойылатын басты талап: үміткердің және оның отбасы мүшелерінің, яғни жұбайының және кәмелетке толмаған балаларының атында кейінгі 5 жыл бойы төл баспанасы болмауы тиіс. Кейбір клиенттер мұны нақтылап, жұмсарту керек деп санайды. 

«Отбасы банкінің ипотекалық бағ­дарламасына қатысуға өтініш бергенмін. Оның жүйесі өтінішімді мақұлдаудан бас тартты. Барлық құжатым дұрыс болатын. Не болып қалды деп тексерсем, басқа өңірде жылжымайтын мүлкіңіз бар екені анықталды дейді. Жамбыл облысының қияндағы ауылындағы үйдің төрттен бір бөлігі көлеміндегі үлес меншігімде тұр. Ол үй әжемнен мұраға қалды, 90-шы жылдары жекешелендірдік. Тұрғындары көшіп кетіп, ауыл қаңырап бос қалған. Баспананы ешкімге сату немесе әкімдікке сыйға табыстау мүмкін емес. Қалай құтыламын? Тіпті, басқа мирасқорларға үлесімді берсем де, енді банк талабы бойынша 5 жыл баспана ала алмаймын», – дейді Ләззат Омарбекова.

Ол екі баласымен ұзақ жыл Алматы шетінде баспана жалдап тұрады. 

– Менің пікірімше, Отбасы банк бәріне бірдей формальды, негізсіз талап қояды. Барлық дерлік талапқа сәйкес келіп тұрмын, үй кезегіндемін, әлеуметтік осал санат есебіндемін. Шалғайдағы қараң қалған ауылдың үйіндегі үлесті бұлар «баспаналы болуыма кедергі» санайды. Бұл банк басты орынға ақшаны қояды. Депозитке салған әрбір мың теңгеге 1 балл, ал балаға – он-ақ балл береді екен. Салдарынан, баспанаға шын мұқтаж адамдар баспана ала алмайды, – деп пікір білдірді Ләззат. 

Отбасы банктің клиенті Александр Даутов онда салым ашып, екі жылдан артық ақша жинағанын айтады. Депозит ашқан кездегі талап бойынша онда баспананың 50%-ына тең ақша жинаса, бағалау көрсеткіші 4.0 болатыны көрсетілген екен. Енді банк жаңа қағида қабылдап, кредит беру үшін 5.0 бағалау көрсеткішін талап етіп отырған көрінеді. Салдарынан, ол ұзақ күткен баспанасын сатып алуға Отбасы банкінен несие ала алмай қалған. Жалпы, бұл банк клиент­тердің миллиардтаған қаражатын айналдырып, табыс тауып, соңынан несие беруден бас тартатынына көп шағым айтылып жүр. Бұл мәселені Парламент депутаттары да көтерді.

Бәлкім, банк басшылығы азаматтардың шешімін таппай қордаланған осы және басқа арыз-шағымдарын ескеріп, шара қабылдап, талаптарын жұмсартар?

«Отау» және «Наурыз» бағдарламалары бойынша да салымшылардың «төлем қабілетті» болуы туралы қатаң талап қойылады. Яғни, айлық табысы несиені өтеуге жетпейді деп танылса, қанша жыл үй кезегінде тұрса да, банк тарапынан ипотекаға өтініші мақұлданбайды.

Соған қарамастан, халық тарапынан сұраныс жоғары. Өтініштерді қанағаттандырып, баспана алуға арзан несие беру үшін Отбасы банк биыл өз облигацияларын шығару және орналас­тыру арқылы биржадан 300 миллиард теңге тартпақ. Соның аясында 2024 жылдың 24 шілдесінде KASE-де банктің әлеуметтік облигацияларының екі шығарылымын орналастыру бойынша сауда-саттық өтті, нәтижесінде несиелендіруге 170,5 миллиард теңге қаражат тартылды. Осы арқылы одан әрі дамуға мүмкіндік алған «Наурыз», «Отау» жаңа тұрғын үй бағдарламалары отбасылардың өмірін гүлдендіруге, аудан-қалаларды абаттандыруға, халықтың болашағын нұрландыруға өз үлесін қосады.

Елдос СЕНБАЙ