Қолымызға қалам алып жазғалы отырған кейіпкеріміз Төлеуғазы Дүйсенбеков Теміртау қаласында тұрады. Ол кісімен Қарағандыда өткен «Ортеке» фестивалінде таныстық. Өзі декоративтік қолданбалы қолөнер шебері екен.
Өнердің отын өшірмей
544
оқылды

Қарағанды облысының Ақ­тоғай ауданы Қаратал ауылында дүниеге келген ол бала жасынан ағаштан ою-өрнек жасауды әдетке айналдырған. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ағаштан ойып жасаған дүниесіне ауыл тұрғындары таңдай қаққан-ды. Осылайша, мектептегі «Жас техник», «Натуралист» секілді үйірмелерге қатысып, көңіл түкпіріндегі ой-қиялын, әдемі бейнелерін жарыққа шығарып, ішкі түйсігі мен жан қалауын ұштастырып, тамаша бір өнер туындысын өмірге әкелетін. Қолданбалы қолөнер шебері атанғанға дейін бірнеше жыл оқыды, тоқыды. 

– Алматыға арнайы барып, атақты қолөнер практигі мен теоретигі, кезінде елімізде теңдесі жоқ «Шеберлер ауылын» құрған Қалқаман Тілеухановтың шәкірті болдым, – дейді Төлеуғазы Серікбайұлы.

Ұстазымен бірге қазақтан шық­­қан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке музейлік статусы бар заттар жасаған. Қал­­­­­­­­қаман Тілеухановтың жанында 15 жылдай жүргенін мақтанышпен айтады.

– Бастапқы кезде Қалқаман аға мені жолатпады. Тексеріп алайын дегені ғой, даладағы бөлмеде тұрдым. Ауылдағылар, «Ойбай, анау Төлеуғазы малай болып кетіпті» деген де сөз шығарды. Сонда да қайтпадым. Кейін ол кісімен бірге Астанаға да бардым. Бала-шағам Теміртауда, мен Алматыда, сөйтіп жүрген күндерім де өтті, – дейді ұста.

Төлеуғазы қазір «Қармет» зауытында ағаш шебері болып жұмыс істейді. Қолы қалт етсе болды, үйінің ауласындағы ұстаханадан табылады. Шебер өз жұмысы барысында металдан нақыштама жасайды, бал қарағай ағашы мен қызыл ағашты, тасты, сүйекті, мүйізді өңдеп, көркемдейді. Былғарымен қаптайды. Ауылдан арнайылап әкелген тастарды да ұсталықта пайдаланады. Шебер Қарағанды мен Теміртау қалаларында өтетін көрмелерге де жиі қатысады. Осы еңбегін бағалаған «Қармет» басшылығы оған автокөлік те сыйлапты.

Шебердің үлкен туындысы «Хан тағы» деп аталады. Оның фрагменттерін күмістен, сүйектен жасаған. Сонымен қатар өзінің туған ауылындағы мешіттің айшықты өрнектері де Төлеуғазы шебердің қолынан шыққан.

Төлеуғазы Серікбайұлы қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын да жасайды. Ұстаханасында домбырадан бастап тайтұяқ, қобыз секілді басқа да музыкалық аспаптар тұр.

– Менің жасайтын дүниелерімнің алғашқы сұлбасы әуелі қиялымда пайда болады, он ойланып, жүз толғанып дегендей, үнемі ізденіс үстінде жүріп, әбден пісіп-жетілгенде ғана жасауға кірісемін. Әрине, ол үшін қиялымдағы дүниенің жалпы сұлбасы қандай болатынын, оның дәуірмен үйлесімділігін ұмыт қалдырмаймын. Сонымен қатар тарихи кітаптарды оқып, өз таным-көкжиегімді кеңейтемін, ең бастысы, менің жаным сұлулыққа, әдемілікке құмар. Сондықтан қолымнан шыққан заттар талғамы жоғары жұртшылықтың жүрегін жаулап алғанын қалаймын. «Абай жолына» бірнеше рет оралдым. Сол уақытта кітаптардан таптым. Сөйтіп, Хан тағы, Сұлтандар отыратын орындық дүниеге келді, – дейді шебер.

Ұлттық өнерге ерекше ден қойған ол жұртшылықты өзінің шығармашылығымен таныстырып, ұмыт болып бара жатқан ұлттық нақыштағы өнер туындыларымен қауыштырудан жалықпайды. 

– Қаладағы өтетін фестиваль, басқа да мәдени кештерге арнайы қатысамын. Ел ішіндегі өнерлі азаматтарды дәріптеп, қолдау көрсетуге дайынмын. Бірақ қазіргі жастардың ұлттық қолөнерге зауқы соқпайды. Ауылдан келген бір шәкірт балам бар, құлшынысы жақсы. «Келесі жазда келемін» деп кетті. Жазғы демалыста қолымнан келгенді үйретемін, – дейді қолөнерші. 

Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайында Төлеуғазының қолданбалы өнерге арналған жеке көрмесі де өтті.

– Мен мұндай дүниелерді жасағанда ата-бабаларымыздың бойындағы арда қасиеттер мен бауырмалдықты, адам­гершілік пен даналықты, тұрмыс-тіршіліктегі ұлттық нақыштарды қоса өрнектеймін, әрбір зат сырт көзге қарапайым болып көрінгенімен, егер көз тоқтатып қарайтын болса, онда ұлттың ұлағаты мен парасаты, тіршілігінің тынысы жатқанын аңғару қиын емес, – дейді Төлеуғазы Дүйсенбеков. 

Ел ішіндегі осындай талантты шеберлердің шәкірттері де көп болса, қолөнердің отын өшірмей, келер ұрпаққа қаншама мұра қалдырар едік.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ