Қазақстан Global Gateway бағдарламасы аясында «Орта дәлізді» дамыту үшін еуропалық серіктестердің 10 миллиард еуро бөлу туралы шешімін құптайды.
«Орта дәлізді» дамытудың маңызы зор – Президент
542
оқылды

Мемлекет басшысы өнеркәсіптік кооперацияны дамытуды, оның ішінде Германияға аса маңызды материалдарды жеткізу көлемін ұлғайтуды басты бағыттың бірі деп санайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Бұл туралы Президент Астанада өткен Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлерінің кездесуінде айтты.

– Қазақстан Германия компанияларын сирек кездесетін металдарды геологиялық барлау және игеру жұмыстарын бірге жүргізуге шақырады. Өңірдегі кенді бастапқы және қайта өңдей отырып, «шикізатты технологияға айырбастау» қағидаты бойынша серіктестік орнатуды ұсынамыз. Бұл орайда HMS Bergbau компаниясының Шығыс Қазақстан облысында литийді игеру және өңдеу бойынша инвестициялық жобаны іске асыруын құптаймыз. Оның құны 500 миллион доллардан асады. Біз еліміздің аумағында бағалы және түсті металдардың кен орнын барлап, игеру үшін германиялық инвесторларға қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Еуропалық серіктестеріміздің қолдауымен Қазақстанның Технологиялық болжау орталығы базасынан Сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығын құрған жөн деп санаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, көлік-логистика саласындағы байланысты нығайту мәселесіне де баса назар аударылды.

– «Орта дәлізді» одан әрі дамытудың инвестициялық тұрғыдан перспективасы зор. Атап айтқанда, Каспий теңізіндегі порттарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу ісінде мол мүмкіндік бар. Орталық Азия мен Еуропаның көлік-логистика жүйесін одан әрі интеграциялау маңызды міндет болып қала береді. Қазақстан Global Gateway бағдарламасы аясында «Орта дәлізді» дамыту үшін еуропалық серіктестердің 10 миллиард еуро бөлу туралы шешімін құптайды. Осы бағытты Трансеуропалық көлік желісімен және Global Gateway стратегиясымен ұштастыруда Германия тарапы қолдау көрсетеді деп сенеміз, – деді Мемлекет басшысы.