Тұрғындар жеткіншектер секіріп кеткен жерден адамның бұлшық етін босатып, ұйықтататын әсері бар бірнеше дәрі тауып алған.
Пышақ пен дәрілер табылған: Алматыда шатырдан құлаған қыздардың өліміне қатысты тың дерек шықты
Фото: видеодан алынды
890
оқылды

Алматыда 7-сынып оқушысы сегізінші қабаттан құлап қаза тапқан оқиғаның куәгерлері жаңа деректерді бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

КТК телеарнасының мәліметінше, тұрғындар жеткіншектер секіріп кеткен жерден адамның бұлшық етін босатып, ұйықтататын әсері бар бірнеше дәрі тауып алған. Қазір оқиғаға қатысты полиция тергеу жүргізіп жатыр. Әзірге белгілісі екі оқушы сабақ ортасында мектептен шығып кеткен.

Тоғыз қабатты тұрғын үй қазір құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында. Мектеп формасын киген екі қыз үйдің бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Таңғы сағат 10 шамасында жасөспірімдер көтеріңкі көңіл күймен подъездердің біріне кіріп кеткен.

"Біреуінің беті төмен қарап жатты. Екіншісі былай. Мен оларды танымаймын. 25 мектептен дейді. Біреуі күрте киген, екіншісі рюкзакпен болды", – дейді оқиға куәгері Галина Васильева. 

Куәгерлердің айтуынша, қыздар шатырда жарты сағаттай болған. Қайғылы жағдайдан кейін тұрғындар шатырдан белгісіз препараттарды тауып алған.

"Ұйықтататын дәрілер, пышақтар, аяқкиімдер бар. Қысқасы, қыздар дайындалып келген. Оның үстіне олар құлаған кезде ешкім айқайлаған жоқ. Түсінесіз бе? Олар бірдеңе тұтынған", – дейді оқиға куәгері. 

Бұл уақытта оқушы қыздардың неліктен сабақта болмағаны әзірге белгісіз. Қыздар оқитын гимназия әкімшілігі түсініктеме беруден бас тартты. Ал қалалық Білім басқармасы мектепте тексеріс жүргізіп жатқанын, арнайы комиссия құрылғанын айтты.

"Бүгін Алмалы ауданында екі қыздың өмірін қиған қайғылы оқиғаға байланысты Алматы қалалық білім басқармасы істің барлық мән-жайын зерделеу үшін тиісті мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тарту арқылы комиссия құрды", – деді Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов.

Сондай-ақ Алматыдағы барлық тұрғын үйлердің шатырлары мен шатырларға кіру жолдары тексерілетін болады.

Еске сала кетсе, тұрғын үй кешенінің маңындағы асфальттан оқушы қыздардың мәйіті табылған. Оқиға орнына жедел жәрдем дәрігерлері мен полиция қызметкерлері жеткенімен, балаларды аман алып қала алмаған.

Аталған жағдайға Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі жауап берді.

"Бұл дерек бойынша Алмалы аудандық полиция Басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр", – деген Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қайтыс болған қыздардың бірі эко-сарапшы Евгений Мұхамеджановтың қызы екені анықталды.

"Біздің қызымыз қайтыс болды. Шатырдан құлады. Бұған дейін қала бойынша көптеген баланың шатырдан құлағаны белгілі. Біз оқиғаның видеосын күтеміз. Қаладағы үйлердің шатырына шығу ашық-шашық жатыр", – деді ол Ulysmedia-ға.

Евгений Мұхамеджанов – Қазақстандағы танымал эко-сарапшы, ECO Network жобасының негізін қалаушы және азаматтық белсенді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.