Бұған қоса, депутат спорт мектептеріне де тиісті дәрежеде көңіл бөлінуі тиіс екенін жеткізді.
Спорттық шараларды қаржыландыру процесін онлайн бақылау қажет – Дәулет Тұрлыханов
990
оқылды

Парижде өткен Олимпиаданың нәтижелері қазақстандық спорттағы елеулі проблемаларды көрсетті. Осылайша, спорт саласындағы негізгі кемшіліктерді айта отырып, Мәжіліс депутаты, "AMANAT" фракциясының мүшесі Дәулет Тұрлыханов Премьер-Министрге сауал жолдады,  деп хабарлайды Aikyn.kz

Мәжіліс депутатының айтуынша, жастар арасында бұқаралық спортты дамыту мүмкіндігін білім беру мекемелеріндегі дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға арналған материалдық-техникалық базаның әлсіздігі шектеп отыр. Сонымен қатар ол мынадай мәселелерді де атап өтті: 

  • оқу орындары әкімшілігінің студенттік спортты дамытуға және жастардың жарыстарға қатысуына мотивацияның төмен деңгейі;
  • әсіресе, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттаудың жеткіліксіздігі;
  • балалар және жастармен жұмыс істейтін білікті мамандардың, әсіресе, жаттықтырушылардың жетіспеушілігі,
  • өңірлік деңгейден бастап спорттағы жоғары жетістіктер сабақтастығының әлсіз жүйесі;
  • өңірлерде олимпиадалық спорт түрлерін дамытудың төмен деңгейі және спортшыларды ұлттық құрамалар құрамына беруге мүдделіліктің болмауы ел спортының алға жылжымауына әсер етеді. 

«Айтарлықтай салынған қаражатқа қарамастан, спортқа жұмсалатын шығындардың тиімділігі төмен. Елімізде спортты қаржыландырудың жалпы сомасы шамамен 300 млрд теңгені құрайды, алайда бұл қаражат қанағаттанарлық нәтижелерге әкелмей отыр», – деді депутат.

 Сондықтан осы жағдайды жақсарту үшін мынадай шараларды қабылдауды ұсынды:

  1. Спорттық іс-шараларды қаржыландыру процестерін толығымен цифрландыру және қаражаттың мақсатты пайдаланылуына онлайн-бақылау жүйесін енгізу;
  2. Шетелдік тәжірибелерді қолдана отырып, спорттық іс-шараларды жоспарлаудың заманауи әдістерін қолдануды қолға алу;
  3. Аустралия спорт институты сияқты сәтті институттарды назарға ала отырып, спортшыларды оқытуды ғылыми қамтамасыз етудің тәуелсіз институтын құру;
  4. Жас спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын, әсіресе халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізетіндер үшін көтермелеу жүйесін күшейту;
  5. Оларды пайдалануды оңтайландыру және олардың тиімділігін арттыру үшін спорт нысандарын басқаруда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту;
  6. Тренерлердің біліктілігін арттыру жүйесін енгізу, бұл оқытудың барлық кезеңдерінде мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Бұған қоса, депутат спорт мектептеріне де тиісті дәрежеде көңіл бөлінуі тиіс екенін жеткізді.

«Бүгінде Қазақстанда тек 510 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, 1991 жылмен салыстырғанда айтарлықтай аз. Бұл дегеніміз миллиондаған балалардың жүйелі түрде спортпен шұғылдану мүмкіндігінен айырылғанын білдіреді. Жаңа спорт мектептерін құру және спорт секцияларын дамыту маңызды міндет», – деді ол.

Мәжіліс депутаты отандық спортқа маңызды реформалар енгізу керек деп санайды.

«Ол үшін: 1. Президенттің спортты одан әрі дамыту жөніндегі шаралар туралы Жарлығы шығарылуын;

2. Осы Жарлықты іске асыру жөніндегі Үкіметтің қаулысы қабылдануын;

3. Спортты дамытудың 2025-2028 жылдарға арналған бағдарламасы және 2032 жылға дейінгі Даму стратегиясы бекітілуін ұсынамын», – деп нақтылады депутат.