Әйгерім Асанова күйеуі екі жыл бұрын кенеттен қайтыс болғанын айтады.
Көпен Әмірбектің өзінен 36 жас кіші әйелі отбасы туралы айтты
Фото: ашық дереккөз
30,347
оқылды

Белгілі сатирик Көпен Әмірбекұлының екінші әйелі  "Астарлы ақиқат" бағдарламасында қонақ болды, - деп хабарлайды  Aikyn.kz.   

Әйгерім Асанова күйеуі екі жыл бұрын кенеттен қайтыс болғанын айтады. 

"Ұзақ ауырмады. Біз өзіміз де тез кетіп қалады деп күтпедік. Асқазанына ота жасады. Соны көтере алмады", - дейді ол. 

Әйгерім Асанованың айтуынша, сатирик кіші ұлы Жұбаныштың балалы болғанын көруді армандаған.

"Жұбанышты өнерге жақындатқысы келмеді. Әскери салаға барса екен деп армандайтын. Бірақ үшке толысымен өзімен бірге алып жүретін. «Құдай қанша ғұмыр берер дейсің, қасымда жүрсін әрдайым» деп, ертіп кететін. «Кішкентай Жұбаныштың қызығын көріп, үйлендіріп, соның баласын құшағыма басып кетсем ешқандай арманым жоқ» дейтін. Өкінішке қарай, ол арманына жетпеді. Қазір Жұбаныш жігіт болып қалды. Тоғыз жасқа толды. "Абайдың туған күнінде туған, бұл өзі тегін бала емес деп айтып отыратын". Жұбаныш та әкесі сияқты әзіл-қалжыңға жақын", - дейді Әйгерім Асанова.

Ол Көпен Әмірбектің бірінші отбасымен жақсы қарым-қатынаста екенін жеткізді.

"Алланың алдында арым таза. Біреудің өмірін бұзғаным жоқ. Өзім әжемнің қолында өскеннен кейін болар, мектепте оқитын кезімнен үнемі «Үлкен адамға тұрмысқа шығамын» деп айтатынмын. Әжем «Түзу сөйле, сөздің киесі бар» деп ұрысатын. Солай өз тілімнен тапқаным ғой. Бірақ өкінішім жоқ. Көпеннің бірінші отбасымен, балаларымен қарым-қатынасымыз өте жақсы», - дейді ол. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.