Жетісу облысында биылғы күз берекелі болып тұр. Жергі­лікті бағбандардың айтуынша, жеміс-жидектен бұрын болып көрмеген өнім жиналуда. Астықтың да шығымы жақсы. Май­лы дақылдарға жасалып отырған болжам да батыл.
Қант қызылшасын қабылдай бастады
766
оқылды

Ал елі­міздегі қант қызылшасын өсіретін және қайта өңдеуден өт­кізіп, отандық ақ қант алатын аймақтың бірі болып санала­тын өңірімізде биыл тәтті түбірге де үлкен үміт артылып отыр. Күні кеше облыстағы қант қызылшасын өсіретін аудан­дардағы қызылшашылар ерте көктемнен бастап төккен тер­лерінің өтеуіндей болған тәтті түбір тонналарын Ақсу жә­не Көксу қант зауыттарына тапсыра бастады. Әзірге өнім өсірушілер мен қайта өңдеушілер арасында түсінбестік туын­даған жоқ. Осыдан біраз бұрын бірқатар мәселе талқыла­нып, тиісті орындар екі тарапқа араағайын болған еді. Сол жемісін бер­ген-ау деп ойлаймыз. 

Сонымен  Ақсу және Көксу зауыттары қант қызылшасын өңдеуге кірісті. Бел­гі­ленген межеге сай облыста барлығы 615 мың тонна тәтті түбір өңделеді деп жос­пар­­­ланған. Бастапқы нәтиже жаман емес, со­­ған сай болжам шындыққа айналуға тиіс­­ті. Жалпы, маусым барысында  97 мың тон­­на қант шығарылатын болса, оның  67 мың тоннасы жергілікті қызылшадан және 30 мың тоннасы шетелдерден жет­кі­­­­зілетін  қант құрағынан өндіріледі деп жос­парланған.  

– Биыл Жетісу өңірінде қант қызыл­ша­сы 13,7 мың гектарда өсірілді. Облыс­та­ғы шекер шығаратын  қос кәсіпорын мау­сымға жан-жақты дайындалып, күні ке­ше қант қызылшасын қабылдауды бас­та­ды. Көксу қант зауыты 57 мың тонна қант, оның ішінде 27 мың тонна құрақ қант, Ақсу қант зауыты тағы 40 мың тонна, оның ішінде 3 мың тонна құрақ қант өн­діруді жоспарлап отыр. Өңіріміздегі 597 шаруа қожалығы тәтті түбір өсірумен ай­налысады. Оның ішіндегі 193 шаруа қо­жалығы Ақсу, Сарқан, Алакөл аудан­да­рын­да орналасқан. Бұлар шикізаттарын Ақсу қант зауытына өткізетін болса, Көксу қант зауытына шикізат Ескелді, Қаратал, Кер­бұлақ аудандары мен Талдықорған қала­сынан жеткізіледі. Сатып алу бағасы мем­лекеттен 25 мың теңге, қант зауытынан 15 мың теңге, яғни тоннасына 40 мың тең­ге төленеді, –  дейді облыстық Ауылшаруа­шы­лығы басқармасының басшысы Нұр­дәу­лет Кененбаев.

Көксу қант зауытының директоры Ал­тын­бек Абатовтың айтуынша, кәсіпорын бір жұмыс күнінде 5-6 мың тонна шикізат қабылдауды жоспарлап отыр. Биыл об­лыс­та қант қызылшасынан мол өнім алы­натындықтан, қант зауытының өндірістік қуа­ты 250 мың тоннаға дейін ұлғай­ты­лып­ты. Маусымдық жұмыста зауыт 500-ге жуық адам­ды жұмыспен қамтамасыз етеді. 

«АқсуҚант» ЖШС бас директоры Са­мат Нәдірбаев:  – Зауыт қызылшаны сақ­тауға және өңдеуге толық дайын. Шаруа­лар­дың бізге әкелетін шикізаты зауыттың 6-7 ай үздіксіз жұмыс істеуіне жетеді. Со­дан кейін біз жабдыққа техникалық қыз­мет көрсетуді және зауытты келесі мау­сымға дайындауды бастаймыз. Жалпы, жер­гілікті халықтың 500-550 адамын жұ­мыс­­пен қамтамасыз етіп отырмыз, – дей­ді.

Өнімін өңдеуге алып келген шаруа қо­жалықтарының жетекшілері де азды-көп­ті  жетістіктерімен, алға жасап отырған жос­парларымен бөлісті.

– Былтыр15 гектар жерге қант қызыл­ша­сын өсірсек, биыл 20 гектарға жеткіздік. Се­бебі мемлекеттен қолдау бар. Су да жет­­кілікті. Арзандатылған жанар-жағар­май, минералды тыңайтқыштар да қарас­ты­рылған. Сонымен қатар бізде тәжірибелі адам ресурстары да бар. Зауытқа шаруа­шы­лықтың егістік алқаптарынан 100 мың тон­наға жуық қызылша алып келдік. Орта­ша деңгейден жоғары өнім күтеміз, – дейді Сарқан ауданындағы «Божалақова» шаруа қожалығының өкілі Тоқтарбек Төлеп­бе­ков.

Қаратал ауданындағы «Ерғазин» шаруа қожалығының басшысы Ақылбек Ерға­зин­ның айтуынша, биыл қызылша жақсы өскен, гектарына 60 тоннадан аса өнім алған. 

–  Биыл қант қызылшасын 14 гектарға ек­тік. Мемлекет тарапынан тұрақты түрде қолд­ау көрсетіліп жатқаны қуантады. Тыңайтқыштарға, пестицидтерге, тұқым­дарға, суаруға субсидия беріледі. Зауыттар көлік шығындарын субсидиялайды. Осы қол­дау қызылша саласын бірлесе отырып, та­бысты дамытуға мүмкіндік береді,  – дейд­і ол. 

Жетісу өңірінде қант өнеркәсібін да­мы­туға ерекше көңіл бөлінгенін айта кет­кен жөн. Былтыр қант қызылшасының егіс көлемі бірден екі есеге ұлғайтылып, 8,2 мың гектарға жеткізілсе, биыл қант қы­­­­­зыл­шасы 13,7 мың гектарға егілді. Ке­ле­сі жылы егіс көлемі 15 мың гектарға же­­­теді деген бар. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы