Қазір көпшіліктің көкейіндегі жүрген мәселе – АЭС тақырыбы.
Төртінші буындағы реакторлар қалдықты отын ретінде пайдаланады – Медеу Әбішев
1,175
оқылды

Осыған байланысты әлеуметтік желіде де, БАҚ-та да түрлі пікір бар. Жұрттың көбі «науқаншылдықты» талқылап жатқанымен, өзекті мәселеге қатысты шынайы пікір білдіре алатын өзіміздің мамандар да бар. Міне, АЭС-ке қатысты сондай саланың бірі – ядролық физика. Ендеше АЭС-тің Қазақстан үшін маңызы қандай? Оның қалдығын қайта өңдеуге бола ма? Осы және өзге де сауалдарға профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ядролық физика және теория кафедрасының меңгерушісі Медеу Әбішев жауап берді.

Сарапшыдан алдымен, Қазақстанда АЭС салудың қаншалықты маңызы барын сұрадық.

- Қазақстанда АЭС салу ең алдымен, энергетикалық қауіпсіздікке ықпал етеді. Ол – біріншіден, диверсификация. Екіншіден, Қазақстанның даму барысындағы тапшы энергия көздерін қамтамасыз ету. Демек біздің экономикамыз жыл сайын 5 пайызға өсетін болса, оған сәйкес халықтың өсімі бар – осы жағдайлардың бәрі жаңа электр қуатын қажет етеді. Соған сәйкес, біздің мемлекетте әртүрлі энергия көзі қарастырылған. Соның ішінде АЭС әртүрлі саланы қамтиды. Айтқым келгені, АЭС-тің жаңа энергия көзі ретінде маңызы өте зор,-дейді ядролық физик Медеу Әбішев.

Одан соң М. Әбішев елдегі мамандардың кәсібилігі, саны мен сапасына қатысты да ойын айтты.

- АЭС құрылысына қатысатын мамандарды «вендор» деп атайды. Яғни сырттан келетін компания. Оның ішінде бетон құятын, жер қазатын білікті мамандар да бар. Олардың тізімі алдын ала жасалады. Жуықтап алар болсақ, АЭС-ті салуға 10 мыңдай адам керек болады. Одан бөлек инфраструктурасы болса, оған да адамдар қажет. Негізінен олардың бәрі жергілікті мамандар болады. Бұл – құрылысқа қатысты мәселе. Ал АЭС-тің өзіне реакторды құру үшін арнаулы мамандар керек. АЭС жұмыс істеу үшін 2000-ға жуық маман, ал ядролық қондырғыға 200 адамдай қажет болады. Ол адамдарды вендорлар дайындайды. Бірақ оған негіз болатын біздің университеттерде ядролық инженерия және ядролық физика деген мамандықтар бар. Басқа университеттер де осыған ұқсас мамандар дайындап шығарады. Сол мамандар АЭС-тің салу барысына қарай дайын болмақ,-дейді ол.

Дегенмен бізді қазір елімізде АЭС-ке қатысы бар мамандықтарда оқып жатқан сутденттердің аз баллмен оқуға түсетіні көп күмән тудырды.

- Бізде «ядролық физика» мамандығына оқуға түсетін баллдың деңгейі төмен екенін айтып отырсыз. Мәселе былай: біріншіден, біз аталған мамандыққа көп адам алмаймыз. Екіншіден, «ядролық физика» мамандығы «жалпы физика» мамандығының шеңберінде болған соң, физикаға оқуға түскен студенттің өзі таңдау жасауы керек. Университеттерде шекті балл 70 болғандықтан, бәрі сол балл бойынша түседі. Ал қызығушылық төмен деп айта алмас едім. Бәрібір көп студент бізге келген күнде де, оларды орналастыратын жер де жоқ. Өйткені Ұлттық ядролық орталыққа және ядролық физика институтына біз жылына 10-15 адамнан жіберіп тұрамыз. Осының өзі біз үшін жеткілікті. Енді тағылымдама жайын айтайын. Бізде осы бағытта оқитын студенттер Ядролық физика институтында, Ұлттық ядролық орталықта, одан бөлек жеке кәсіпорындарда тәжірибеден, тағылымдамадан өтеді. Олар тікелей реакторда жұмыс істейтін болғандықтан, олар үшін ядролық физика институтында зерттеу су реакторы бар. Оның басқару жүйесі конструкциялық жағынан жұмыс істейтін реакторға жақын. Сол себепті олар сәйкесінше тәжірибе алып шығады. Ал Ұлттық ядролық орталықта екі реактор бар. Сол реакторларда жас маман өзінің біліктілігін жетілдіреді. Яғни негізгі сауаттылық сол жерден қалыптасады,-дейді профессор.

АЭС құрылысына қатысты үлкен мәселе – радиоактив қалдықтар. Сарапшы қазір жаңа технология дамып жатқанын, тіпті қалдықтарды қайтадан отын ретінде пайдала алатынымызды басты аргумент ретінде алға тартты.

- Бізде ол тәжірибе бар деп айтуға болады. Ақтаудағы БН-350 реакторының тоқтауы бойынша, барлық процесс жүріп жатыр. 2000 жылда басталған. Негізі шешім 1998 жылы қабылданған. Егер қалдықты сақтау керек болса, біздің сонда арнаулы орынымыз бар. Шын мәнінде, реактор вендорының өзі қалдықтарды алып кетеді. Себебі қалдықтың өз құны бар. Төртінші буындағы реакторлар сол қалдықтармен жұмыс істей алады. Яғни отын ретінде қолданады. Қазіргі таңда жаңа технологиялар шығып жатыр. Бұрынғыдай жүз мың жыл бойы оның залалсыздануын ешкім күтіп отырмайды. Содан өңделген қалдықтар сәйкесінше, ең көп болғанда 100 жылда залалсыздандырылады,-дейді ол.

Бұдан соң сарапшыдан АЭС-ті неге ресми баға бергенде, кейде «жасыл» дейтінін сұрадық.

- 2023 жылы Еуропа одағы «Жасыл энергияның көздері»деген тізім жасады. Сол тізімге қайта қалпына келтірілетін энергиядан бөлек, газ бен атом энергиясы кірді. Сол себептен арнаулы құжаттарда АЭС «жасыл энергия» деген белгіге ие болды. Ал ол белгіге енбегендерге көміртегі салығы салынады, инвестициялар тартылмайды,-дейді М. Әбішев.

Сонымен сарапшы Медеу Әбішев АЭС-тің экологиялық жоба екенін былайша түсіндірді:

- Жалпы кезінде АЭС-тің көп болуына байланысты (қалдықтармен) Еуропада үлкен қиындықтар туындады. Бірақ қазір төртінші буынды реакторлар шықты. Олар қалдықтарды отын ретінде қолданады. Сондықтан енді қалдықтарды сақтауға байланысты еш қиындық жоқ. Себебі оларды қайта өндіреді.