Сот процесі барысында күдіктілердің бірі кінәсін мойындаса, енді бірі тағылған айыппен келіспеген.
Алматыда науқастарды ұрлап, өлтіріп, пәтерін арзанға сатқан 22 адам сотқа тартылды
Фото: istockphoto.com
2,710
оқылды

Алматыда психикалық науқастарды ұрлап, өлтіріп, пәтерін арзанға сатқандарға қатысты кезекті сот отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Атышулы іс бойынша 22 адам күдікті. Бүгін қаладағы қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған ауданаралық сотында судья айыпталушыларды тыңдады. Сот процесі барысында күдіктілердің бірі кінәсін мойындаса, енді бірі тағылған айыппен келіспеген.

2022 жылдан бері жүргізілген қылмыстық істің аясында жалғызбасты және психикалық ауытқуы бар жандардың жылжымайтын мүлкін заңсыз иеленіп келген бір топ адам күдікті деп танылды. Бүгінгі сот отырысы айыпталушыларды тыңдаудан басталды. Қос тараптың қорғаушылары сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Бірінші болып алаяқтық бабы бойынша кінәсін мойындаған нотариус қызметкеріне сөз берілді.

"Қылмыстық іс материалдарын зерделеп жатырмыз. Бірінші эпизод бойынша жәбірленуші тараптан, куәлардан, сотталушылардан да жауап алып жатырмыз", – деді прокурор Нұрасхан Мырзалы.

Пәтерлерінен айырылып қалған жәбірленушілердің туыстары «бұл – ұйымдасқан қылмыстық топтың жылдар бойы жоспарлап жасаған тірлігі» деп отыр. Олар қараусыз қалған, жалғызбасты және денсаулығында ақауы бар егде жастағы азаматтарды аңдыған көрінеді. Жалпы істе 37 қылмыстық эпизод анықталып, бірнеше бап бойынша тергеліп жатыр.

"Мен құқығын қорғап жатқан кісілердің пәтері заңсыз басқа бір кісіге аударылған. Нотариус осының бәрін білген, қылмыскерлермен бірге жұмыс істеген. Тергеу 2 жылға созылды. Ол істің құжаттары Алмалы ауданында жоғалған. Бұл кісілер қараусыз қалған пәтерлер туралы риелторлардан, жеке құжаттарға қол жеткізе алатын мамандардан ақпарат алып отырып, үлкен қылмыстық топ құрды деген күдік бар", – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мара Аронова.

"Газетті оқып отырып, пәтердің сатылып, мұрагерлерді іздеп жатқаны жайлы ақпарат көрдім. Атамыз баласының қолында болған, соңғы жылдары кездеспей, хабар үзіп қалдық. Менің қызым – оның тікелей мұрагері. Осы хабарламаны көріп, мәселені қолға алып, құжат жинап жүргенде, пәтердің белгісіз біреулерге сатылып кеткенін білдік", – деді жәбірленуші тарап Татьяна Фирстова.

Сотталушылардың арасында Психологиялық сауықтыру орталығының бұрынғы бөлім меңгерушілері, құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері, нотариустар, жылжымайтын мүлік агенттері бар.

Еске сала кетейік, тергеу екі жылға жуық құпия түрде жүргізіліп, жарияланбай келген. Алғашқы сот отырысында алаяқтыққа қатысты үш жағдай қарастырылды. Бұл істе тағы екі эпизод адам өлтіру дерегіне байланысты қаралады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.