Ал есірткімен күрестің екінші кезеңіне жас ұрпақты тәрбиелеу, мектептердің жұмысын жандандыру, жастарға есірткінің зиян екенін арнайы мамандардың көмегімен ұғындыру арқылы ұрпақты осы бір жаман әдеттен сақтап қалу процесін ұйымдастыру жатады. Жобаны таныстырған БҚО Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев есірткі бүгінде жастар арасында белең алып бара жатқанын айтып, бірнеше деректі мысалға келтірді.
Есірткімен күрес тек полицияның жұмысы емес. Егер бұл күресте тек полиция жұмыс істесе қоғам жеңіледі. Жиынға қатысқандардың негізгі ойы осыған саяды. Себебі «тәрбие басы – тал бесік» деген.
– Бұл – тек полицияның ғана емес, барлық қоғамның бірлесе атқаратын жұмысы. Сол себепті алдын алу жұмыстарын бастауыш сыныптан бастау керек. Бірінші кезекте педагогтермен бірге есірткінің зияны туралы сабақтар жүргізіп, көрнекі ақпараттарды көрсете отырып түсіндірген жөн. Балаға ерте кезінен бастап есірткі қолданған адам денсаулығы нашарлап, кеміс, мүгедек болатынын, ата-ана болу қабілетінен айырылатынын, тіпті 5 жылдың ішінде қиналып өмірден өтетінін түсіндірсе, басқа да зиянды тұстарын санасына құя берсе, бұл баланың ойында қалады. Өкінішке қарай, бізде мектептерде бұл жұмыс қажетті деңгейде ұйымдастырылмайтынын байқап жүрміз. Ол аздай, біздің облыста жасөспірімдер наркологы жетіспейді. Бізде жасөспірімдермен жұмыс істейтін тек үш нарколог қана бар. Ал облыста 365 мектеп бар. Бұл үш нарколог кімге, қайда үлгереді, – деді жиында сөз алған БҚО ПД бастығы Арман Оразалиев.
«Қазір интернет желілерінде жылдам ақша табуға шақырамын» деген хабарландырулар қаптап тұр. Тәртіп сақшылары осы хабарландырулар жастарды құртып жатыр дейді. Себебі интернеттегі дәл осындай хабарландырулардың артында есірткі саудасы тұрады екен. Полиция тез әрі оңай ақша табуды көздейтін жастар осы жарнамалардың құрығына ілігіп 7-8 жылға сотталып жатыр деп отыр.
БҚО-да есірткіге тәуелді 722 адам есепте тұр екен. Департамент бастығы Арман Оразалиевтің айтуынша, есірткіге тәуелділердің қатарында жастар көп: басым көпшілігі – 30-дың маңайындағы адамдар. Ал есірткіге тәуелді ең жас адамның жасы 14-те. Есірткі саудасы Ақсай қаласы мен Орал қаласында көп тіркеледі екен.
Есірткімен күрес дегенде көпшіліктің көкейіне келетін сұрақ – полиция қайда қарайды, неге оларды тұтқындамайды. Бұл ретте тәртіп сақшылары жұмыс істеп жатқандарын айтады. Мәселен, былтыр Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының, Алматы мен Шымкент қалаларының 8 тұрғынынан құралған қылмыстық топ ұсталған. Олардан 1,5 тоннадан астам «көкнәр сабағы» тәркіленген.
– Бұл дегеніңіз – 150 млн доза есірткі. Ал оның құны 14 млрд астам теңгені құрайды. Қылмыстық іс сотқа жолданды, – деді ПД бастығы Арман Молдиярұлы.
Ал биыл 162 құқықбұзушылық анықталған, оның 54-і – есірткі қылмысы, соның ішінде 26 факті есірткі сату бойынша қылмыстық істер екен. Полиция үшін есірткімен күресте басты қиындық есірткі дайындайтын лабораторияларды анықтау көрінеді. Олар көбіне жасырын лабораториялар ашады. Полиция департаменті бастығының сөзінше, биылдың өзінде тәртіп сақшылары 32 келі есірткі тәркілеген. Орал қаласының 5 адамынан тұратын бір қылмыстық топты ұстаған. Олардың екеуі есірткі сататын 2 интернет дүкен ашқан.
– 2020 жылы Қазақстанда бірінші рет синтетикалық есірткі зертханасы анықталды. Өкінішке қарай, ол біздің Теректі ауданынан табылды. Мұнда Украина азаматтары есірткі жасаумен айналысқан, олар 17, 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Көршілерінің айтуынша, сол үйдің қасынан өткір иіс шығып тұрған. Егер көршілері полицияға иісті сезген уақытта хабарласқанда, олар ертерек ұсталатын еді, – дейді облыстың бас полицейі Арман Молдиярұлы.
Арман Оразалиевтің сөзінше, есірткі дайындайтын зертханаларды анықтаудың екі жолы бар. Біріншіден, сол маңнан өте қатты өткір иіс шығады. Мұны байқаған адамдар дереу тиісті мекемелерге хабарласуы керек. Екіншіден, есірткі дайындайтын нысандар электр жарығы мен газдың ақшасын көп төлейді. Полиция алдағы уақытта есірткі дайындалуы мүмкін деген зертханаларды осы түбіртектер арқылы да іздеуді жоспарлап отырғандарын айтады. Ол үшін іске коммуналдық мекемелер мен саяжай бірлестіктерінің төрағалары жұмылдырылатын болады.
– Биылғы 6 ай уақыт ішінде 14 есірткіні жасырушы ұсталды, оның біреуі – 10-сынып оқушысы, үшеуі – колледждің 1-2-курс студенттері. Олардан «Мефедрон» синтетикалық есірткі заты бар 40 ZIP-пакет тәркіленді. 1 жасөспірім 7,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды, колонияға қамалды. Былтыр 3 кәмелетке толмаған 11-сынып оқушысы және колледждің 2 студенті 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл балалар тұрмысы жақсы отбасында тәрбиеленген, тіпті 10-сынып оқушысы есірткіге қарсы акцияларға белсене қатысып жүрген, тек оның адасқаны – өздігінен ақша табамын деп ойлаған. Бұл жерде ата-ананың және мектеп мұғалімдерінің кінәсі бар, – деді БҚО-ның бас полицейі Арман Оразалиев.
Жиынға қатысқан қоғам белсенділері, ұстаздар мен нарколог, психолог мамандар есірткіге қарсы бірлесе күресу қажет деген ойларын ортаға салып тарқасты.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы